АБАТТАНДЫРУ ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫ АУДАН ӘКІМІНІҢ ТІКЕЛЕЙ БАҚЫЛАУЫНДА
Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков Шиелі кенті мен Иіркөл ауылдық округіндегі құрылыс және абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бүгін Шиелі ауданының әкімі Айтбай Насриддинұлы Жандарбеков Шиелі кенті мен Иіркөл ауылдық округінде атқарылып жатқан бірқатар құрылыс және абаттандыру нысандарын аралап, жұмыс барысын көзбен көріп, нақты тапсырмалар жүктеді. Бұл іссапардың басты мақсаты – халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жобалардың орындалу барысын қадағалау және олардың сапасына ерекше көңіл бөлу.
Абаттандыру – тұрғындар қауіпсіздігі үшін
Аудан басшысы алдымен Шиелі кентіндегі Байтұрсынов пен Жақаев көшелерінің қиылысында салынып жатқан жаяу жүргіншілер жолының құрылыс жұмыстарымен танысты. Аталған аймақ тұрғындардың жиі жүретін орны болғандықтан, әкім жоба сапасына, жол жиегінің ыңғайлылығына және қауіпсіздік шараларының сақталуына ерекше назар аударды. Жолдың пайдалануға берілгеннен кейін де ұзақ уақыт қызмет етуі үшін талаптарға сай төселу керектігін атап өтті.
Халық өтініші ескерілген жоба – сапамен орындалуы тиіс
Келесі нысан – Дәулеткерей көшесіндегі қоршау жұмыстары болды. Бұл жобаның бастамасы жергілікті тұрғындардың ұсынысы мен өтінішінен туғанын атап өткен аудан басшысы, мердігер тарапынан сапа мен қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталуын міндеттеді. Қоғамдық нысандар маңындағы қоршау жұмыстарының тұрғындар өміріне тікелей әсер ететінін ескерген әкім, әрбір бөлшекке дейін жіті қарау қажеттігін қаперге салды.
Бағдаршам – тұрғындардың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін маңызды нысан
Сонымен қатар, Тәуелсіздік пен Яссауи көшелерінің қиылысында орнатылып жатқан бағдаршам да әкімнің назарынан тыс қалған жоқ. Бұл аумақтың маңыздылығы – Халыққа қызмет көрсету орталығына жақын орналасуында. Жаяу жүргіншілер мен көлік қозғалысы жиі шоғырланатын бұл жерге бағдаршам орнату – аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды қадам. Айтбай Насриддинұлы құрылыс жұмыстарының сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуын қатаң тапсырды.
Иіркөл ауылындағы жол құрылысы – ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға бағытталған жоба
Аудан әкімінің іссапары Иіркөл ауылдық округіндегі жол құрылысы нысандарын аралаумен жалғасты. Бұл жоба мемлекеттік сатып алу нәтижесінде «РиА Сервис LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне сеніп тапсырылған. Әкім жұмыс барысын өз көзімен көріп, құрылыс техникасы мен жұмысшы күшінің жеткілікті екеніне көз жеткізді. Мердігер компания өкілдеріне жұмыстардың сапасына және мерзімінде орындалуына ерекше мән беру қажеттігін ескертті.
Жауапты жұмыс – тұрақты бақылауда
Аудан әкімі жүргізіліп жатқан барлық жұмыстардың сапасын күн тәртібінен түсірмейтінін, және алдағы уақытта да жүйелі бақылау жүргізілетінін атап өтті. «Халық игілігі үшін жасалған әрбір іс — біздің ортақ жауапкершілігіміз. Құрылыс пен абаттандыру жұмыстары нақты жоспармен, сапа стандарттарына сай атқарылуы қажет», – деді Айтбай Насриддинұлы.







