ҚЫЗЫЛОРДАДА КӘРІЗ ҚҰДЫҒЫНЫҢ ҚАҚПАҒЫНЫҢ ЖОҚТЫҒЫНАН БІР ОТБАСЫ ҚАРА ЖАМЫЛДЫ

5 050

Қызылордада құтқарушылар кәріз құдығына құлап кеткен 8 жасар баланың өлі денесін тапты, - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.


Кәріз құдықтарының қақпағы қолды болса, көпшіліктің берекесі қаша бастайды. Өйткені адамдарға аузы ашық құдықтан келер қауіп көп. Әсіресе, жабусыз қалғандарының қыстыгүні қар астында байқалмай қалатыны  тағы бар. Қараңғыда да аяқтың астындағы шұңқыр анықтап қарамасаң, бірден көзге көріне қоймайды. Абайламасаңыз, аңдаусызда оған өзіңіз де түсіп кетуіңіз мүмкін. Сондықтан құдықтан қақпақтың ажырауы – әр тұрғын үшін дабыл қағарлық жағдай. Осы орайда Қызылорда қаласында ойын баласы абайсызда беті ашық кәріз құдығына түсіп мерт болғаны белгілі.

Оқиға 25 қараша күні орын алған.  Титов мөлтек ауданы маңындағы Балқы базар көшесіндегі орталық кәріз құдығына абайсызда 8 жасар баланың құлап кеткені туралы хабарлама келіп түскен.  

"Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің 18 қызметкері мен 5 техника, Апаттар медицинасы орталығы филиалының 3 қызметкері және 1 техника, Полиция департаментінің 8 қызметкері мен 3 техника, жедел жәрдем бригадасынан 3 адам мен 1 техника, "Қызылорда су жүйесі" 5 адам мен 2 техника, жергілікті атқарушы орган қызметкерлері оқиға орнына барды", – деп хабарлады Облыстық ТЖД баспасөз қызметі.


Адам өліміне себепкер болған кәріз құдықтарының қауіпсіздігі қатаң қадағалауға алынуы тиіс. Бүгінде бұл мәселе қала әкімдіктерінің де тұрақты бақылауында болса игі. Күн сайын әлеуметтік желіде ашық құдықтардың орналасқан мекен-жайларын жергілікті тұрғындар жария етуде.  Нақтырақ айтар болсақ, кәріз құдықтарының ашық қалмауы және апаттың алдын алу үшін әр аймақтағы әкімдіктер жүзеге асыруы тиіс. Құдықтардың қақпағын түгендеп, орнына басқа материалдан жасалған қақпақтарды орнату мәселесі қолға алынса, нұр үстіне нұр болары хақ. Адам өміріне қауіп төндірген оқиғадан бір отбасы қара жамылды.


Ал, аталмыш оқиғаға байланысты Қызылорда облыстық полиция департаменті

"Бұл фактіге қатысты Қылмыстық Кодекстің 279-бабы "Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы қағидаларды немесе нормативтердің талаптарын бұзу" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот-медициналық сараптама жасалып жатыр. Тергеу басталды", - деп хабарлады полиция.


Алайда, баланың денесін кешке дейін іздеп 18:00-де құтқарушылар кәріз құдығынан 2015 жылы туған баланың денесін тапты.


Ең бірінші кезекте адамның амандығы басты назарда болуы керек. Қоғамымызда болып жатқан оқыс оқиғалардың қайталануына жол бермеу сала мамандарының ғана емес, баршамыздың міндетіміз екенін біле жүрейік.