4 адамды өлтіріп, 9 жылға сотталған "Үсенов" екі жылдан соң бостандыққа шыққан
523
Шымкентте 4 адамның өмірін қиған жол апатына себепкер болған Мұрат Танкеев 9 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Бірақ ол екі жылдан соң бостандыққа шықты,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Экспресс К сайтына сілтеме жасап.
Сот үкімімен кінәлі деп танылған жігітке жүргізуші куәлігі де қайтарылған.
Жан түршігерлік жол-көлік оқиғасы осыдан 6 жыл бұрын Шымкентте болған. Ішімдік ішіп, Lexus-570 көлігін тізгіндеген байдың баласы Мұрат Танкеев жолдың қарсы бетіне шығып, Ауди-80 көлігімен соқтығысқан. Ауди-80 көлігінде төрт адам болған. Көлік апатынан оның барлығы көз жұмды. Олар бір үйдің отағасы, ұлы мен 5 және 1 жасар екі немересі еді.
2016 жылдың 15 ақпанында төрт адамның ажалына себепкер болған Мұрат Танкеев ісіне нүкте қойылды. Сот үкімімен 24 жастағы жігіт Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігімен кінәлі деп танылды. Оған 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды және ол бұл мерзімді қоныс колониясында өтейтін болған. Бұдан өзге сот оны 4 жылға дейінгі мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырды. Ал жәбірленуші тарапқа моральдық өтемақы ретінде 1,5 миллион теңге төлеу міндеттелген болатын.
Алайда сот үкімімен қылмыскер болып танылған азамат көп ұзамай бостандыққа шықты. Сот кабинетіндегі ашық деректерге сүйенсек, 2018 жылдың 19 наурызындағы сот қаулысымен жазаның өтелмеген бөлігі айыппұл жазасына ауыстырылыпты. Яғни, Мұрат Танкеев 6 жыл 8 ай 2 күн бас бостандығынан айыру жазасы үшін 1 462 240 теңге төлеген. Осылайша бостандыққа шыққан. Көп ұзамай Әл-Фараби аудандық сотының қаулысымен Мұрат Танкеевке көлік жүргізу куәлігі қайтарылған. Сот кабинетіндегі мәліметте қаулы 2018 жылдың 5 маусымында шыққан. Судьяның мұндай қаулы шығаруына Мұрат Танкеевтің жасаған әрекетіне өкінетіні, үкім бойынша сот шығыны 311 364 теңгені, жәбірленушінің пайдасына моральдық зиян 1,5 миллион теңгені, жазаның өтелмеген бөлігін айыппұл түріндегі жазаға ауыстыру үшін көрсетілген 1 462 240 теңгені толық өндіргендігі ескеріліпті. Сонымен қатар ол жәбірленуші тараптан кешірім алып, қоныс колониясында жазасын өтеу барысында 7 рет марапат алыпты.