«Кек сақтаған»: Бұрын туған ағасын өлтірген ер адам енді анасы мен өгей әкесін өртеп жіберген
Ақмола облысының Щучинск қаласында 39 жастағы ер адам туған анасы мен өгей әкесін үйімен қоса өртеп жіберді, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Оқиға кешкі сағат тоғыз шамасында болған.
Қылмыс салдарынан 58 жастағы әйел мен оның азаматтық некедегі жұбайы оқиға орнында қаза тапты. Полиция күдіктіні дереу ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады.
«Екі адамның қаза болуына әкеп соққан өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәлімет бойынша, 39 жастағы жергілікті тұрғын үйді қасақана өртеген. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда», – деді Ақмола облысы полиция департаментінің аға инспекторы Әсем Әбдірахманова.
Куәгерлердің айтуынша, отбасы мүшелері ішімдікке салынған және қайғылы жағдай болған күні де араларында жанжал туындаған. Көршісі Людмила Карлинскаяның сөзінше, күдікті үйге өзінің таныс қызымен келген соң ұрыс басталған. Сондай-ақ үй иесі бірнеше күн бұрын шаруаға деп бензин әкеліп қойған, ал өрт кезінде газ баллоны да жарылған. Көршілері ұлының бұл әрекетін бұрынғы кегімен байланыстырады.
Жергілікті тұрғындардың мәліметінше, күдікті бұған дейін туған ағасын пышақтап өлтіріп, 6 жыл жазасын өтеп шыққан. Ал өрттен көз жұмған марқұм анасы кезінде мектепте неміс тілі пәнінің мұғалімі болып еңбек еткен.
Қаз
Рус






