Бірлікті ту еткен Сыр елі: Жетістікке жетелейтін жаңа бастамалар
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өткен VІІІ сайланған Парламенттің бірінші сессиясында референдумнан кейін Конституцияның жаңа талаптарына сай билік тармақтарын түгел жаңғыртуға қадам жасалғанын айтты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.
«Халықтың көптен күткені осы еді. Конституциялық өзгерістерге сәйкес Президент сайлауы, Сенат, Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы өтті. Референдумды қосқанда бір жылға жуық уақыттың ішінде өте маңызды 5 саяси науқан өткізілді. Оның бәрі аса күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. Қаншалықты күрделі болса да, біз еліміз үшін өте қажет жолды қысқа мерзім ішінде жүріп өттік. Қазақстанның жаңарып, жаңғыра бастағанына жұрттың көзі жетті», деді Президент.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы «Қазақстан – геосаяси аймақта түбегейлі реформа жүргізіп жатқан бірден-бір ел» деп нақтылады.
Президент сөзінің пәрменін ой елегіне салып отырған боларсыз. Бір жылға жетер-жетпес уақытта бес бірдей саяси науқан өткізу, шын мәнінде жұтынып тұрған жаһандану заманында оңай емес. Бірақ, қазақ елі бұл күрделі құбылыстың басқы жолын еңсере алды.Осы үдеден шығуда Сыр елінің сапта озық көрінуі – ынтымақ пен ауызбірлікті айқындай түсті. Әсіресе кейінгі өткен Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлауда (67,21 пайыз) облыс халқы белсенділік танытып, республикада озық шықты.
Бір жыл демекші, осы уақыт ішінде өңірдегі өзгерісті ел көріп отыр. Бірден-бір жүргізіліп жатқан реформа біздің аймаққа да тән десек қателеспейміз. Талай тірлікке тыңнан түрен түсті. Президент пен Үкімет деңгейіндегі қолдау ең алдымен жаңа жобаларға серпін берді. Инвестиция тартуда Қызылорда облысы республикада көш бастады.
Үкімет қолдауы пәрменді
Санаулы күн бұрын «Amanat» партиясы ұсынып, Президент Жарлығымен қайта тағайындалған Үкімет басшысы Әлихан Смайылов өткен жылдың соңында Сыр еліне жұмыс сапарымен келген болатын. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын көрді, қолға алынған жұмыстарға, бұл тараптан жасалған ұсыныстарға зер салды. Өнеркәсіп, инфрақұрылым, әлеуметтік нысандар жұмысымен танысып, өзекті деген мәселелерге қолдау білдіретінін жеткізді.
Расында, өткен жылы облыста қандай жұмыс жасалды? Бұл турасында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жуырда облыстық мәслихаттың VIII шақырылым сессиясында тарқатып айтып берген еді.
Жалпы 2022 жыл облыс үшін табысты болды деуге негіз бар. Табысты болу дегеніміз – бар мәселе түбегейлі шешілді деген сөз емес. Әйтсе де, әлеуметтік-экономикалық макрокөрсеткіштер бойынша өңірлер арасында алға шығуын аз уақыттағы табанды еңбектің жемісі деп бағалаған абзал.
Былтыр облыста өңдеу өнеркәсібінің көлемі 5,6, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,8, инвестиция тарту 26,8, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 3,3, құрылыс жұмыстары 16,6, сауда көлемі 2,3 пайызға артқан. Осының ішінде инвестиция тарту қарқыны бойынша облыс 2021 жылмен салыстырғанда өңірлер арасында бірінші орынға тұрақтап, 100,6 млрд теңге артық орындаған.
Сонымен қатар, индустрияландыруды дамытуда ілгерілеу бар. Бұл санатта құны 1 млрд теңгеден асатын 5 жоба жүзеге асырылған. Олар – жылына 200 мың текше метр бетон шығаратын зауыт, 324 тонна балық өңдейтін, 1056 тонна балық ұнын өндіретін, 630 тонна күріш ақтайтын зауыт және 23,4 мың тонна құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін цех.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сай Жалпыұлттық Бірыңғай жобалар пулы қалыптасқанын да білеміз. Оған құны 907 млрд теңге болатын 36 жоба енгізілген. Соның ішінде былтыр 5,1 млрд теңгенің 4 жобасы іске қосылған. Ал биыл 13,4 млрд теңгеге 9 жобаны жүзеге асыру міндеті тұр. Сайып келгенде, мұның өзі облыста экономиканы әртараптандырудың жанданғанын көрсетеді.
Жылу-электр орталығы – аса маңызды жоба
Өткен қыста Екібастұз қаласының халқы мұз құрсанғандай суық, сұрықсыз күй кешкенін білеміз. Әбден тозығы жеткен жылу орталығы апатқа ұшырады. Сол кезде өзге де қалаларға жасалған талдау көптеген өңірде жылу орталықтарының шықпа жаным, шықпа халін аңғартты. Президент шұғыл тапсырма беріп, жылу орталықтарын қайта жаңғырту міндеті қойылды.
Ал Қызылорда қаласында 2022 жылдың қыркүйек айында жаңа жылу-электр орталығының іргетасы қаланды.
Сол тарихи сәтте облыс әкімі: «Мемлекет басшысы оңтүстік өңірлерді үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін алдағы үш жылда қуаттылығы 1000 мегаваттан асатын электр станцияларын салуды тапсырды. Осы тапсырма аясында атқарылатын жұмыс алғаш болып біздің аймақта жүзеге асуда», – деген болатын.
Түріктің «Акса энерджи» компаниясымен жасалған жылу-электр орталығын салу жөніндегі мәміле шын мәнінде, басқалардан жөні бөлек жоба. 240 мегаваттық жылу-электр орталығының құны 215 млрд теңгеден асады. Ауқымды құрылыс 2025 жылы аяқталуы тиіс.
Түріктермен инвесторлық байланыста тағы бір ауқымды жоба бар. сКоч Холдинг» компаниясы Жаңақорған ауданының «Қызылорда-Агроплюс» серіктестігінде томат пастасын өндіруді бастамақ. Оның құны – 50 млн АҚШ доллары. Осы компанияның еншілес кәсіпорны «ТАТ» компаниясымен бірлесіп, тамшылатып суару әдісімен 10 гектар жерге қызанақ егіп, өнім жинаған болатын.
Облыста өңдеуші өнеркәсіпке серпін беру үшін шыны зауыты жанынан 8 ілеспе кәсіпорын құру жоспары жасалып отыр. Қазіргі уақытта оның 4-уі бойынша жобалау жұмыстары басталған. Ал барлық 8 кәсіпорынның құны 100 млрд теңге болмақ.
«Осы бағытта желтоқсан айында Мемлекет басшысының Өзбекстанға барған ресми делегациясының құрамында болып, бірнеше іскерлік кездесуге қатыстық. Өңірден барған кәсіпкерлермен бірге бизнес форумда ортақ жобаларды талқыладық. Науаи облысының хәкімі Нормат Тұрсуновпен бірге екіжақты ынтымақтастықты дамытуды көздейтін Жол картасына қол қойдық. Бүгінде екі өңір арасында ынтымақтастықты одан әрі дамыту, инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейту, тауар айналымын ұлғайту арқылы жаңа жобаларды іске асыруда ортақ мүдде бар», - деді облыс әкімі.
Талай жыл алуан пікірге арқау болған шыны зауыты енді өңдеуші өнеркәсіпте өңірдің беткеұстар кәсіпорны саналмақ. Әлеуетті зауыттың бәсекеге қабілетін әілеспе кәсіпорындар толыстырып отырса, аймақ экономикасының жаңа тынысы ашылары сөзсіз.
Тұрғын үй – қуанышты көңіл-күй
Тұрғын үй құрылысы бойынша Қызылордада өнімді жұмыс бар. Әсіресе, баспанасы апатты деп танылған тұрғындарға 60 пәтерлі жаңа арендалық, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 50 пәтерлі көпқабатты үйдің берілуі қамкөңіл жандардың көңілін бір көтеріп тастады. Екіншіден, өңірде арнайы қабылданған «Сыр жастары» бағдарламасы талай жастың үмітін үкілеп отыр. Осы бағдарлама аясында алғаш рет 130-дан астам жас отбасыға жеңілдетілген ипотекалық несие беру үшін жергілікті бюджеттен 1,2 млрд теңге, «Отбасы» банкі арқылы 500 млн теңге, барлығы 1,7 млрд теңге қаражат қарастырылған.
Жалпы, өткен жылы мемлекеттік бюджет есебінен тұрғын үй құрылысына 9,1 млрд теңге қаржы бөлініпті. Оған 32 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілсе, 12-сі пайдалануға берілген. Биыл 23 тұрғын үй, барлығы 982 пәтер табысталатын болады. Мұнан бөлек, 1000 пәтер сатып алуға республикалық бюджеттен 9,6 млрд теңге қаржы бөлінді.
Сондай-ақ, өткен жылы аймақта 6 ауыл халқы «көгілдір отынға» қол жеткізсе, биыл 10 ауылға беріліп, облыста халықты газбен қамту деңгейі 72 пайызды құрайды.
Жақсы жолдың үлесі 87 пайызға жетпек
Ұлы Жібек жолының ауқымды бөлігін алып жатқан біздің өңірде ауыл-аймақтың да талай жолы тақтайдай тегіс күйге келгенін көріп жүрміз. Өткен жылдың өзінде жергілікті маңыздағы 366 шақырым автомобиль жолы жөнделіп, жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 82 пайыз болған. Биыл көрсеткішті 87 пайызға жеткізу жоспарда тұр. Бұл мақсатта 29,9 млрд теңге (РБ – 14,6 млрд, ОБ – 15,3 млрд) қаржы қаралып отыр. Мамандардың айтуынша, жыл көлемінде республикалық бюджеттен қосымша қаржы келуі тиіс.
Облыс үшін жол құрылысында ең өзекті жобаның бірі, бұл – Президенттің тікелей бақылауындағы «Қызылорда-Жезқазған» автожолының құрылысы. Несін жасырамыз, халық осы жолдың заманға сай қайта жаңғыртылуын ұзақ күтті. Күтіп қана қойған жоқ, екі аралықта талай әбігерге түсті. Бас-аяғы 216 шақырымға созылған жолдың биыл 140 шақырымнан астамын салып бітіру керек. Қалғаны 2025 жылдың соңына дейін халық игілігіне берілуі тиіс.
«Қаңтар айында Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппараты Басшысының бірінші орынбасары Ғабит Сыздықбековтің өңірге жұмыс сапары аясында «Қызылорда-Жезқазған» автожолын қайта жаңғырту жұмыстарымен арнайы барып таныстым.
Осыған орай арнайы мәжіліс өткізіліп, түйткілді мәселелерге қатысты тиісті шараларды қабылдау жөнінде жауапты мекемелерге тапсырма берілді. Қазіргі таңда, аталған жолдың реконструкциялау мәселелері бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Салауатұлының төрағалығымен арнайы жұмысшы топ құрылып, ондағы жұмыстар бақылауға алынды.
Ал облыс халқының жиі көтеретін Ақтөбе бағытындағы 566 шақырымды құрайтын жол бөлігін 2 cанаттан (2 жолақ) 1 санатқа (4 жолақ) ауыстыру туралы мәселесі Үкімет басшысына айтылып, республикалық бюджеттен тиісті қаражат бөлу жөнінде ұсынысымды жеткіздім. Алдағы уақытта бұл жоба бойынша тиісті жұмыстар жүргізіледі», деді облыс әкімі.
Расында, Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысы бағытындағы жолдың мәселесі күрделі. Мұнда, әсіресе, жүк көліктерінің ағыны алаңдатады. Есептеулер бойынша, осы жолдағы жүк көліктерінің қарқындылығы жыл сайын орта есеппен 10%-ға өссе, тәулігіне 10 мың автокөлікті құрайды екен.
Қоғамдық көлікте мәселе болмайды
Халықтың сан жыл сынына іліккен Қызылорда қаласындағы қоғамдық көлік мәселесі шешіле бастады. Нұрлыбек Машбекұлы облыс әкімі қызметіне кіріскен сәттен өзіне бұрыннан етене таныс жағдайдың шешімі үшін талапты күшейтті. Нәтижесінде Қызылорда автобус паркіне «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы лизингке жаңа 150 автобус алуға өткен жылы 1 млрд 434 млн теңге қаржы бөлінді. Сол әдепкі 150 автобус қазір түрлі бағытта қала тұрғындарына қызмет көрсетіп отыр. Биыл және 150 автобус үшін өткен жылғыдай қаржы бағытталған. Демек, Қызылорда қаласында жолаушы тасымалына қатысты мәселе түбегейлі шешілгелі тұр.
«Ертелі-кеш қатынасы қоғамдық көлікке тәуелді тұрғындар көп. Соның бірі – өзіммін. Жаңа автобустар келіп көзіміз ашылды. Халықтың бір кездердегі өкпе-назы қазір байқайсыз ба, алғысқа айналып жүр. Қаланың тазалығы қандай жақсы. Осылай тәртіп болуы керек», – дейді қала тұрғыны Бақыт Баратбеков.
Егін – елдің несібесі
Өткен жылы облыста 188,5 мың гектар егін егілді. Оның ішінде күріш 78,6 мың гектарға себілді. Су тапшылығын төмендету үшін Үкімет резервінен 3,6 млрд теңге бөлінді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ауыл шаруашылығында өндірілген өнім көлемі 1,8 пайызға артып, 180,1 млрд теңгеге жеткен.
Биылғы меже – жалпы егін көлемін былтырғыдан 7,1 мың гектарға (барлығы 195,6 мың гектар) арттыру. Оның ішінде күріш алқабы – 5,4 мың гектарға (барлығы 83,9 мың гектар) ұлғаятын болады.
Облыс әкімінің тікелей бастамасымен әлеуметтік маңызды дақылдарды егіп алуға өткен жылы ынталы тұрғындар үшін арнайы жер телімдері қарастырылды. Осы игі бастама биыл да жалғасып, қала мен аудандарда 3 мың гектар жер дайындалып жатыр.
Сырдария мен Арал теңізіне қатысты жағдай өзекті. Тұтас өңірдің тағдырына байланысты ахуалды облыс әкімі Парламент, Үкімет мінбелерінде көтеріп келеді.
«Бүгінгі күні «Сырдария өзені арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтау» жобасының 1 кезеңі аясында салынған «Көкарал» бөгеті бұзылу қаупінде. Егер бөгет бұзылған жағдайда 27 млрд текше метр су көлемі бар Кіші Арал теңізінен айырылып, экологиялық апат орын алады.
Бұл мәселені мен өткен жылы болған Сенаттағы Парламент тыңдауында көтерген болатынмын. 2022 жылы «Көкарал» бөгетін сақтау жобасын бастауға республикалық бюджеттен 500 млн теңге қаралса, биыл 1,2 млрд теңге бөлу көзделіп отыр. Жоба 2025 жылы аяқталады. Біз осыған барынша күш салып, тиянақты түрде әрекет етуіміз қажет», деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Жұмыс көзі артып келеді
Қазіргі нарықтық экономика жағдайында атқарушы биліктің қызмет өлшемі жұмыс орындарын ашу көрсеткішіне тікелей байланысты. Өткен жылы облыста 31315 жаңа жұмыс орындары ашылып, 3422 адамға 4,1 млрд теңге көлемінде жаңа бизнес-идеяны іске асыру үшін қайтарымсыз мемлекеттік грант тағайындалған. Биылғы меже – 43898 адамды жұмысқа орналастыру. 1526 адамға жаңа бизнес-идеяны жүргізу үшін 2,1 млрд теңге грант берілмек.
Сонымен бірге, 257 кәсіпкерлікпен айналысамын деген жас азаматтарға 2,5 пайызбен несие алу үшін мемлекеттен 1,3 млрд теңге қаражат қаралған.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдары облыста 27 денсаулық сақтау нысаны салынады. Қызылорда қаласында бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталады. Жобаның жалпы құны – 36,4 млрд теңге. Нысанның құрылысын жүргізуге биыл республикалық бюджеттен 750,0 млн, облыстық бюджеттен қоса қаржыландыруға 70 млн теңге бөлінген. Сонымен қатар, Қызылорда қаласында 200 төсектік перинаталдық орталықтың жаңа ғимаратын салу мәселесі пысықталып жатыр. Айналып келгенде мұның бәрі – жергілікті халық үшін жұмыс көзі, табысын арттыру талабы.
Білім – басты назарда
Бір жылда 19 балабақша (2 мемлекеттік, 17 жеке), 6 мектеп (3 мемлекеттік, 3 жеке), Жалағаш ауданында Оқушылар үйі және Өнер мектебі пайдалануға берілген.
Дарынды балаларды қолдау мақсатында Қызылорда қаласы мен Қармақшы ауданынан 150 орындық 2 мектеп-интернаты ашылды.
Ал, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алдағы 3 жылда 15100 орынға арналған құны 100 млрд теңгеден асатын 21 мектептің құрылысы жүргізілетін болады. Сондай-ақ, биыл 10 мектептің құрылысы басталады.
Үкімет басшысының өткен жыл соңындағы өңірге жұмыс сапарында Қызылорда қаласында дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернатын салу ұсынылған. Енді оның құрылысы «Білімді қолдау қоры» қаражаты есебінен қаржыландырылатын мектептер тізіміне енгізілген. Бұл, әлбетте, ел тұтқасын ұстайтын ұрпақ үшін үлкен қамқорлық, әрі шынайы қолдау.
Білуімізше, осы тізімге облыс бойынша тағы 1775 орынға арналған 4 мектеп құрылысын аяқтау енгізілген. Олар – №101 Ә.Мүсілімов және №2 «Абай» атындағы білім беру ұйымдарына қосымша құрылыстар, Жезқазған трассасы бойында 600 орындық жаңа мектеп және Шиелі ауданы Байсын ауылындағы 250 орындық мектеп.
Әлихан Смайыловтың алдында көтерілген тағы бір мәселе – қаланың сол жағалауында «Көпсалалы денешынықтыру сауықтыру кешені» құрылысын жүргізу. Жергілікті бюджет есебінен жоба-сметалық құжаттамасы әзірленген. Бұл жобаның құны – 6,9 млрд теңге. Қазіргі таңда жоба Қаржы министрлігіне ұсынылып, құрылысын биыл бастау көзделіп отыр.
Демеуші һәм жілікті жобалар
Байқасаңыз, өткен жылы әлеуметтік нысандар салуда демеушілер де зор үлесін қосқан. Бұл бағытта демеушілер есебінен тың жобаларға 9 млрд теңге қаржы бөлінген. Соның ішінде белгілі кәсіпкер Марат Дүйсенбаев құны 1,5 млрд теңгені құрайтын «Анаға тағзым» орталығының құрылысын жүргізуде. Бұл нысан биыл маусым айында пайдалануға берілуі тиіс.
Сондай-ақ, аз уақыттың ішінде 200 млн теңгеге Түркістан өңірімен шектесетін кіреберіс қақпа салынды.
«Балалар жылында» аймағымыздың демеушілері жалпы құны 1,6 млрд теңгеге 80 спорт-ойын алаңын салып, балғындардың игілігі үшін тарту етті.
Жаңақорған ауданының орталығында құны 790 млн теңге болатын заманауи демалыс паркі де демеушілер есебінен ашылды. Ел азаматтарының қолдауымен Сырдария ауданындағы Нағи Ілиясов ауылында «Еңбекшілер паркі» бой көтергені де мәлім. Оның құны – 450 млн теңге.
Арал ауданындағы апатты деп танылған Тоқабай ауылындағы мектеп жеке инвестор есебінен 500 млн теңгеге қайта салынып жатыр. Білім ошағы тамыз айында табысталуы тиіс. Ал, Болат Өтемұратов Қорының қолдауымен құны 31 млн АҚШ долларына бағаланып отырған «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы – үлкен ауқымды жоба. Мұның құрылысын аяқтау 2024 жылға белгіленген. Демеушілер есебінен 100 млн теңгеге қолданыстағы терминалға жөндеу жасалғанын да айта кету керек.
7 мың адамға арналған «Қайсар» футбол командасының жаңа стадионын салу ірі жобалардың қатарында тұр. Мұның құрылысын жүргізу «Саутс Ойл» компаниясы тарапынан жүзеге асырылмақ.
Сонымен қатар, облыс орталығын дамытуға ауқымды қаржы бөлініп отыр. Бейбарыс сұлтан көшесі облыстық әкімдік ғимаратынан Назарбаев даңғылына дейін, сол даңғылдан «Қызылорда-Құмкөл» трассасына дейін қайта жаңғыратын болады. Қайта жаңғырту жол салу ғана емес, халыққа қолайлы демалыс орны, абаттандыру шаралары қатар атқарылуда.
Теміржол вокзалына біраз жылдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмегенін көпшілік жақсы біледі. Облыс әкімі бұл тұрғыда «Қазақстан Темір Жолы» басшылығымен келісім жасалғанын айтты. Енді вокзал ғимараттары мен перронын қайта жаңғыртуға қаражат бөлінеді.
Сондай-ақ, қаланың сол жағалауында инвестор қаржысы есебінен жыл аяғына дейін құны 800 млн теңге болатын жаңа автовокзал салу жоспарға енген.
Осының бәрін бағамдасаңыз, демеушілер тарапынан Қызылорданың барлық қақпасы жасанып, тарихи өлкенің тамаша келбеті қалыптасып келетінен айқын сезінесіз.
«ҚазГерМұнай» ұлттық компаниясы басшылығымен келісім нәтижесінде Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайының» жобасы басталатыны туралы ел хабардар. Ал, құны 1,6 млрд теңгені құрайтын Неке сарайының құрылысы қазір қызу жүргізілуде. Бұл нысанды тамыз айында пайдалануға беру жоспарланса, 3,7 млрд теңге болатын 1000 орындық Өнер орталығы желтоқсан айында, сол жағалауда салынып жатқан (құны 2,7 млрд теңге) Қан орталығы 2024 жылы беріледі.
Мамандардың айтуынша, биылғы облыс бюджеті әдепкіде 536,9 млрд теңге көлемінде бекітілген. Алда болатын мәслихат сессиясында бюджетті нақтылау нәтижесімен 591 млрд теңгеге жетеді деп күтілуде. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда (391,4 млрд теңге) 151,7 млрд теңгеге артық. Әдеттегідей, бюджеттің әлеуметтік бағыты (70 пайыз) сақталады.
Кеңескен елде кемдік болмас
Облыс әкімі өткен жылы құқық қорғау органдарының басшылары немесе орынбасарларымен бірге барлық ауданды аралап, жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді. Елдің үнін тыңдады, өзекті мәселелер айтылды, шешу жолдары қарастырылды.
Аймақ басшысы осы кездесулерде 600-ге жуық тұрғынның мәселесін тыңдаса, құқық қорғау органдары басшылары 400-ге жуық халықтың ұсынысына назар аударды. Сонда жыл ішінде облыс көлемінде барлығы мыңға жуық азаматтың ұсыныс-пікірді, өтініші қаралып отыр. Қабылдаулар сәтінде жағдайы аса мұқтаж отбасыларға уақытша баспана беру, денсаулығы қиын балаларға ем алу үшін қайырымдылық қорлары арқылы көмектесу, көпбалалы отбасыларға азық-түлік себеттерін алып беру, қоғамдық жұмысқа орналастыру сынды өтініштер шешілген.
Бір сөзбен айтқанда, мұның бәрі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының пәрмен алғанын көрсетеді.
Қуат Шарабидинов