"Жұмыс визасын алу үшін кәрістерге тұрмысқа шығуда": Қазақстандықтар не себепті шетелге көшіп жатқандарын айтты

355

Биыл жыл басынан бері бүгінге дейін 23 мыңдай адам шетелге кеткен. Ресми дерекке сенсек, педагогтар, техникалық мамандық иелері мен экономистер биыл көп кеткен - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.  


"Біз бұл елді таңдағанда ең бірінші білім сапасына мән бердік. Елден көшуге біз 5 жылға жуық уақыт  дайындалдық. Шет тілін үйрендік, көшетін мемлекетті таңдадық және де артығымен керек болып қалар деп ақша жинадық", – дейді Кипр тұрғыны Салтанат Түгелбаева. 

Салтанат сапалы білім мен балаларының болашағы үшін шет елде тұруды таңдаған айта өтті. Таңдаудан қателеспегеніне қуанышты. Бір жылдан асты оқу мен отбасын, бала мен жұмысын қатар алып жүр.  


"Кореяда шымыр болсаң, ауыр жұмысқа жібереді. Ауыр жұмысты жақсы істесең, олар көп ақша төлейді. Ол жақта ақыны сағатына төлейді. Біздегі сияқты айлық жалақы жоқ", – дейді Нұр-сұлтан тұрғыны Сүйіндік Асқарұлы. 


Тіл білмесе де, күнбе-күн жұмысқа жалданып еңбек еткен ол екі жыл ішінде 20 млн теңге тапқан.


Статистика сүйенсек, 2021 жылдың жарты жылында елімізден кеткендер саны 22825 мың адамға жеткен. Басым көпшілігі Қарағанды, Шығыс Қазақстан облысы, Павлодар, Қостанай және Алматы қалаларының тұрғындары. Карантинге қарамастан эмигранттар саны бойынша Қазақстан ТМД елдері арасында көш басында тұр.


Самат Ахметов те бастапқыда Кореяда басқалары секілді заңсыз жүрген. Кейінірек, басшылығының көмегімен еңбек визасын рәсімдеген. 


"Жұмыс визасын алу үшін кәріс жерінде отбасыларын құрып жатыр өте көп. Ресми ақпараттарға сүйенетін болсақ, осы уақытқа дейін 60-тан астам қазақстандық қыз-келіншектер кәрістерге тұрмысқа шыққан болса, олар 200-ден астам сәби дүниеге алып келген", –дейді Оңтүстік Кореяның Чинчон еңбек мигранты Самат Ахметов.



Әлеуметтанушы Рамазан Саттарұлы отандастарымыздың бір күндік дүние үшін туған жерінен жырақтап кетуі ойланарлық мәселе дейді.

"Елдің ішінде ол азаматтардың нақты қасиет-қабілеттілігі қажеті жоқ немесе дұрыс бағаланбайды. Шын мәнінде де біздегі мамандардың біліктілігі деңгейіне шет елдің экономикасы соған зәру. Ал енді тек қана қара бастың қамын ойлап, тек қана ақша табудың жолымен өзге елде жүрген ағайындар, олардың енді бұл тіршілігі өздеріне жағымды болса да, ұлттың қауіпсіздігіне үлкен қатер", – дейді маман.   


Шет елге көшіп жатқандардың басым көпшілігі техникалық мамандар, экономисттер педагогтар, және медицина саласының қызметкерлері. Бұл тікелей ел экономикасына да әсер ететіні сөзсіз.


"Өкініштісі, осы  білікті мамандардың кетуі. Ал, енді сол кетіп жатқандардың арасында төмен біліктілігі жоқ адамдар өте аз. Осы нәрсені тоқтату үшін біздің Қазақстанда осы білікті мамандарға деген сұранысты, білікті мамандарға деген көңілді, айлық мәселесін қарастыруымыз қажет", – дейді экономист Сапарбай Жобаев.


Соңғы бес жыл ішінде елімізден шет елге көшуге құжат рәсімдегендер саны 200 мыңнан асқан. Бұл көрсеткіш жыл сайын артуда.  Шетелге асқандардың көбі 20 мен 35 жас аралығындағы жастар.