Көк байрағым желбіресін көгімде

1 298

Фото: Қазалы ауданының әкімдігіРеспублика күні – рухымызды көтеріп, егемен елдің еңсесін тіктейтін сәттің бірі осы күн, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Бұл уақытта өскелең ұрпақты ұлтжандылыққа, отаншылдыққа тәрбиелеудің маңызы зор. Өйткені егемендік – ел үшін жанын берген ерлердің ерлігімен келген ұлы күн.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Ақорда» резиденциясының алдында Республика күніне арналған Мемлекеттік ту көтеру салтанатты рәсімі өтті. Ұлттық мереке ретінде қайта жаңғырған Республика күнін ел көлемінде атап өту осындай салтанатты шарамен басталды. Мемлекеттік ту көтеру рәсімі еліміздің барлық өңірінде жалғасты.

Халқымыздың еркіндігі мен бостандығының кепілі болған ұлттық мереке Қазалы ауданында да аталып өтті. Мерекелік іс-шараға аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет пен зиялы қауым өкілдері және құқық қорғау органдарының басшылары, мемлекеттік қызметшілер, үкіметтік емес ұйым өкілдері мен белсенді жастар қатысты.

Азаматтардың бойына ерекше патриоттық көңіл-күй сыйлайтын іс-шараға қазалылықтар да белсене атсалысты. Яғни Әйтеке би кентіндегі «Рәміздер алаңында» өткен шараға 600-ден аса тұрғын келді.

Ұлттық мерекеге арналған жиында Мемлекеттік ту салтанатты түрде көтеріліп, Әнұранымыз шырқалды. Мұнан соң аудан өнерпаздары патриоттық ән шырқап, жиылған қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Республика күні Қазақстанда 25 қазанда тойланады. Бұл мереке 1990 жылы 25 қазанда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған күнмен байланысты.

Мерекенің маңызы:

Егемендік: Республика күні Қазақстанның тәуелсіздікке қарай алғашқы қадамы ретінде бағаланады.

Мемлекеттік құрылым: Бұл күн елдің саяси, экономикалық, мәдени және әлеуметтік дамуындағы маңызды кезеңді білдіреді.

Ұлттық бірлік: Республика күні Қазақстанның көп ұлтты халқын, олардың мәдениетін, дәстүрлерін және ұлттық бірлігін атап өтуге мүмкіндік береді.

Мерекелеу шаралары:

Мемлекеттік іс-шаралар: Ресми шаралар, мерекелік концерттер, түрлі мәдени және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылады.

Тұрғындардың қатысуы: Қала және ауыл тұрғындары мерекеге белсенді қатысып, патриоттық шараларда, көрмелер мен фестивальдерде өз өнерлерін көрсетеді.

Республика күні Қазақстан халқының тарихындағы маңызды күндердің бірі болып табылады, ол елдің тәуелсіздігін, егемендігін және ұлттық бірлігін нығайтуға бағытталған.

Ұлттық мерекеден қалыс қалмаған аудан ақсақалы Әбілқасым Қартабаев әрбір тұрғынның көкірегіндегі патриоттық сезімді оятқан шараға алғысын білдіріп, батасын берді.

Баршаңызды еліміздің тәуелсіздігіне жол ашқан Ұлттық мереке Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке әрбір жерлесімізге шаттық сыйласын! Жастарды отансүйгіштік қасиетке, елдік рух пен ұлттық ұстанымын берік етуге шақыратын ұлттық мерекенің маңызы зор. Көк туымыз – егемендік, азаттық, бірлік, бейбітшілік сынды ізгі құндылықтарды ұштастыратын қастерлі рәміз. Көк байрағымыз тұғырынан төмен түспей, Әнұранымыз байрақты бәсекелерде шырқала берсін, – деді ол.