ҚЫЗЫЛОРДАДА ГАЗ ҚҰЮ БЕКЕТТЕРІНДЕ ГАЗ ТАПШЫ
Қызылордалық жүргізушілер газ тапшылығы орын алғандығын алға тартуда,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
Қала орталығында орналасқан газ құю бекеттері сұйытылған газ бағасын 65 теңгеден сатуда. Алайда сұйылтылған отынға бәрінің қолы бірдей жетпей отыр, себебі екі күннен бері сұйық отын талонмен ғана берілуде. Ал жүргізушілер сағаттап кезек күтетіндігін алға тартуда.
«Мен такси жүргізушісімін. Отбасылық бюджетке үнем болсын деп жанармайды сұйық отынға алмастырған едім. Енді екі күннен бері қала бойынша газ жоқ. Кезекке тұруға мәжбүрміз. Ал мекемелер талонмен алып жүр. Тіпті кейбір бекеттерде газ жоқ тең белгілер жиі қойылуда.»,- дейді көлік жүргізушісі Жұмабек.
Биыл сұйытылған газ бағасы литріне 65 теңге болып сақталады. Алайда қазір газ тапшығылы сезіле бастағандай.
«Газ қазір талонмен беріліп жатыр. Басшылық сұйық отынның келесі партиясы қашан келетінін әзір айтпады. Сондықтан үнемдеп отырмыз.»,- дейді газ құю бекетінің операторы Руслан.
Энергетика министрлігінің жеткізу жоспары бойынша Қызылорда облысына айына орташа есеппен 6-7 мың тоннаға жуық газ бөлініп келеді. Десек те, газ тапшылығы қазан айының ортасынан бері жалғасып келеді. Бағасы өзгерген жоқ. Сұйылтылған отынның 1 литрі 65-69 теңгеден саудалануда.
«Бүкіл қаланы айналып келіп тұрмын. Газ жоқ. Нөл. Бүкіл қаланы айналып келіп тұрмын. Былай талон дейді да 65-70 теңгеден босатады кейбірі. Үстіне баға қосып тұр. Бұл қанау ғой.»,- дейді тұтынушы.
Бұл жөнінде Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы» мемлекеттік мекемесі:
«Ағымдағы жылдың қазан айында «Қазгермұнай» БК» мекемесінде газ дайындау қондырғысында термиялық май жүйесін толық ауыстыруға байланысты, бұған дейін қазан айына бекітілген сұйытылған мұнай газды жеткізу жоспарынан қазіргі таңда 529 тоннаға қысқартылды.
Осы себепте, облыс аумағындағы газ желісі ұйымдары тұтынушыларға толық көлемде газ жеткізу мақсатында облыстың кейбір автогаз құю бекеттерінде талон арқылы және уақытша шектеумен сатуды орнатты.»,- деп ресми мәлімдеген.
Ағымдағы жылдың қараша айына бекітілген сұйытылған мұнай газ көлемі қазан айынан 19%-ға артық бөлінді. Яғни, газ желісі ұйымдарының мәліметіне сәйкес қазіргі таңда орын алған шектеулер ағымдағы жылдың қараша айында қалпына келтірілмек.
Сонымен қатар, газ бағасының қымбаттауы күтілмейді дейді мамандар.