Алғаш рет 15 жастағы жасөспірімге жүрек трансплантациялық ота жасалған

1 507

Фото: ©facebook.com/heartcenter.kzМедецина орталығының айтуынша ота жасалған науқастың жасы 15-те, он жасында жүректің ауыр дертіне шалдыққан,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі nege.kz сайтына сілтеме жасап.

Содан бері бала жиі ауруханаға жатқызылып, қалыпты өмір сүру мүмкіндігі айтарлықтай шектелген. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақтандыру үшін түрлі ем-дом шараларын қолданғанымен, дерттен айығудың жалғыз тиімді жолы - жүрек трансплантациясы екені анықталған. Жасөспірімге донор ретінде ми өлімі тіркелген 43 жастағы ер адам таңдалды. Мамандардың айтуынша, тиісті медициналық тексерулерден кейін диагноз толық расталып, марқұмның туыстары қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа ресми түрде келісім берген. Бұл шешім науқас баланың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік туғызды.

Ота сәтті өтіп, дәрігерлер қазіргі таңда науқастың жағдайын қанағаттанарлық деп бағалап отыр. Бала жансақтау бөлімінен кейінгі оңалту кезеңіне ауыстырылған. Алдағы уақытта оның жағдайы тұрақты бақылауда болып, арнайы емдеу мен қалпына келтіру шаралары жалғасады.

«Олардың осы шешімі мен дәрігерлер мен трансплантологтар тобының үйлесімді жұмысының арқасында жасөспірім жаңа, толыққанды өмір сүруге мүмкіндік алды. 28-ші наурызға қараған түні Қазақстанда алғаш рет жасөспірімге жүрек трансплантациясы сәтті жасалды. Бұл – елімізде балалар трансплантологиясын іске қосу мен дамытудағы маңызды кезең», – дейді орталық өкілдері.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, бүгінде түрлі ағза трансплантациясын қажет ететін 123 кәмелетке толмаған науқас тіркелген. Олардың ішінде 9 бала жүрек ауыстыру операциясын күтуде. Балаларға жүрек трансплантациясы әлемнің санаулы елдерінде ғана жасалады. Халықаралық тәжірибеге сәйкес, мұндай күрделі операциялардың шамамен 80%-ы АҚШ-тағы жоғары технологиялық клиникаларда болады.