600-ге жуық тұрғынды алдаған күдікті анықталды
Түркістан облысы Арыс қаласында 600-ге жуық адам алаяққа алдандық деп шағымданған,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Тұрғындардың барлығы тауарға несие рәсімдегені үшін үстінен 10% сыйақы алған. Ал сан соқтырып кеткен адам несиені қолма-қол ақшаға айналдырып, ізім-ғайым жоқ болған.
Қарызға белшеден батырып кетті деген тұрғындар бірнеше айдан бері күдіктіні таппай жүр. Арыстықтардың айтуынша, алаяқ айдаладағы біреу емес, таныс адам дейді. Ол барлығына тауарға несие алдыртып, үстінен 10 пайыз сыйақысын беріпті. Ақыр аяғында ақша да, бонус та жоқ із-түссіз жоғалды деп ашынған.
Қазір 600-ге жуық адам банктегі қарыздарын төлей алмай әлек. Олар сан соғып қалғандардың саны күн өткен сайын көбейіп жатқанын жеткізген. Бірақ тәртіп сақшыларының күдіктіні қамауға алмағаны көпшіліктің ашуын тудырған.
Полиция “алаяқтық” дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр деп сендірді. Алайда әзірге ешқандай нәтиже шықпапты.
Тәртіп сақшылары алаяқтар оңай олжа іздегендерді құрыққа тез түсіреді деп отыр. Сондықтан адамдарға қаржылық сауаттылықты арттырып, сақ болуға шақырады.
Тағы да оқыңыздар







