Алматылықтар айыппұл төлемеу үшін тойды облыста өткізіп жатыр

434
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қала тұрғындары айыппұл төлемеу үшін отбасылық іс-шараларды, тойларды облыс аумағында өткізе бастағанын мәлімдеді.

"Біз агломерация аймағында тұрамыз. Біз облысқа барамыз, облыс бізге келеді, өйткені Алматыда бәрі жабық тұр, адамдар бір жерге барғысы келеді, сондықтан облыс аумағына кетіп жатыр. Бес минуттық жол. Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары маған көптеген қала тұрғыны тойды және басқа да іс-шараларды облыс аумағында өткізіп жатқанын хабарлады. Онда тойхана өте көп, олар іс-шараны күндіз өткізіп жатыр", - деді Сағынтаев. 

Мегаполис басшысы бұл мәселені шешу үшін Алматы облысындағы әріптестерімен бірлескен шараларды үйлестіру қажеттігін  жеткізді. 

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін оңтүстік астананың әкімі Бақытжан Сағынтаев "Алматы" телеарнасының
тікелей эфирі кезінде қала айналасына блок-бекеттер қою мәселесіне қатысты жауап берді. 

"Қаланы жаппаймыз. Әзірге бұл мәселені қарастырып жатқан жоқпыз. Қолға алынған шаралар жағдайды тұрақтандырады деп үміттенеміз" , - деді шаһар басшысы.

Сағынтаев бүгінде бизнесті қолдау шаралары жасақталып жатқанын мәлімдеді.

"Бүгін қаланың іскери кеңес қатысушыларымен кездестік. Қазір қала бюджеті тарапынан қалай қолдай алатынымызды қарастыратын боламыз. Ертең барлығын жасап, үкіметке шығамыз. Әзірге шешімді екі аптаға қабылдадық. Алайда, келесі апта соңында эпидемиологиялық жағдайда қарап, шектеу шараларын қарастыруымыз мүмкін. Қаланы жабу ойымызда жоқ. Алайда, жағдай нашарлап, ушыға берсе бәрі мүмкін. Бірақ, қазір бұл мәселе қозғалған жоқ" , - деді әкім.