Онлайн ойын арқылы жасалған алаяқтық

1 509

Фото:© gov.kzТүркістан облысында полиция Free Fire ойыны арқылы жасалған алаяқтықты әшкереледі, – деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Aikyn.kz сайтына  сілтеме жасап.

 Жетісай аудандық полиция бөліміне арызданып, банк есепшотынан қаражатының заңсыз шешілгенін хабарлаған. Белгілі болғандай, жәбірленушінің кәмелетке толмаған туысы телефоннан Free Fire ойынын ойнап отырған сәтте оған бейтаныс азамат байланысқа шыққан. Ойын барысында күдікті түрлі уәде беріп, "бонустар" мен "ұтыстарды" алға тартып, жасөспірімнен банк картасының деректері мен телефонға келген SMS-кодты сұрап алған. Соның салдарынан жәбірленушінің есепшотынан 380 мың жымқырған.

Жедел-іздестіру  шараларының нәтижесінде 20 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Күдіктіден алаяқтық әрекеттерге пайдаланылған 5 телефон тәркіленген. 

Киберпол қызметкерлері күдіктінің 60-тан аса жасөспіріммен ойын арқылы байланысқа шығып, олардың 20-дан астамынан ақша алғанын анықтады. Қазіргі уақытта аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктінің өзге де қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталған.

Құрметті ата-аналар! Балаларыңыздың интернеттегі әрекетіне бейжай қарамаңыздар. Банк картасының деректері мен SMS-кодты ешкімге беруге болмайтынын үнемі ескертіп отырыңыздар, – делінген ақпаратта.