Қызылордалық әйел моншақтан сөмке жасайды
Ерекше қажеттіліктері бар баласы дүниеге келгенде сағын сындырмай, еміне ақша іздеген Наргиза Ақыбаева қолөнермен айналысты,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Оның меруерт моншақтан жасайтын көздің жауын алатын сөмкелері мен әр алуан әшекейлеріне сұраныс көп. Осымен шектелмей алда қобдишалар да жасап көріп, дүкен ашуды жоспарлап отыр. Қамкөңіл ана сатылымнан түскен ақшаны бауыр еті баласының отасына жинап жатыр.
Сөйтіп ол қолөнермен айналыса бастаған. Негізгі мамандығы дизайнер болғандықтан әр түрлі бұйымдарды сәндеп жасауды ұршықша иіріп әкетті.
«Балам екі жасқа толғанша ауруханадан ауруханаға шапқылаумен болдым. Психикалық тұрғыдан да өте ауыр болды. Бірде әлеуметтік желі арқылы ерекше балалары бар аналардың клубы туралы көріп қалдым. Хабарласып, кездесуге жазылдым. Олар арнайы курстан өтуді ұсынды. Соның арқасында балама мемлекеттен қандай көмектер тиесілі екендігін білдім. Бұрын ұлымның диагнозын жасыратын едім. Ал осы курстан соң қорықпай ашық айтатын болдым. Бір сөзбен айтқанда өзімді таптым. Содан барып табыс көзін іздеуге көшіп, қолөнерге қадам бастым. Интернеттен меруерт моншақтан сөмкелер жасаудың курстарын көріп, әдіс-тәсілдерін үйрендім», – дейді Наргиза.
Қандай материалдар керектігін, жасау техникасын меңгеріп қолын шыңдай берді. Ең алғашқы сөмкесін 2 жарым аптада жасап шыққан. Уақыт өткен сайын тәжірибе жинақтап, жылдамдықты арттыра түсті. Қазір бір сөмкені кем дегенде 3-4 күнде жасап шығарады.
Таяуда Өскеменде қайырымдылық аукционы өтіп, оған Наргиза Ақыбаеваның сөмкелері шығарылған. Кәсіпкерлер мен жомарт жандар біраз сөмкені сатып алды. Мамыр айында баласының отасына қажетті ақшаның жартысы сол аукционда жиналған.