Жантүршігерлік жол апатынан екі бала көз жұмды
Атырау облысында болған жол-көлік оқиғасы салдарынан екі бала қаза тапты қазіргі таңда оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
26-ші наурыз күні Атырау облысы, Доссор кентінде Toyota Estima және Opel маркалы автокөліктер соқтығысқан. Салдарынан үш жастағы қыз бала оқиға орнында алған жарақаттарынан көз жұмды. Бес жасар ұл бала ауыр жағдайда Атырау қаласындағы облыстық ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлердің барлық реанимациялық шараларына қарамастан, бүгін таңертең қайтыс болды. Қазіргі уақытта балалардың анасы да ауыр халде ауруханада жатыр. Алдын ала бейресми мәліметтер бойынша, қарсы бағыттағы көлікті кәмелетке толмаған жасөспірім басқарған болуы мүмкін.
Облыстық Полиция департаменті аталған оқиғаға қатысты түсініктеме беріп, жол апатының нақты себептері мен барлық мән-жайын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Полиция қазір көлік жүргізушілерінің кінәсін, жол-көлік апатының техникалық себептерін және қауіпсіздік талаптарының сақталуын тергеп-тексеріп жатыр. Жол қозғалысы қатысушыларына сақтық шараларын қатаң сақтау ұсынылады.
26 наурыз күні Доссор кентінде Toyota Estima және Opel көліктерінің қатысуымен орын алған жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға арналған кешенді тергеу амалдары жүргізілуде. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жарияланбайды, – деп хабарлады ведомство.







