"Екі күнде тігіп үлгердік": Дизайнер Садраддиннің сынға қалған сахналық образына пікір білдірді
Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.
Желіде әнші Садраддин Болаттың Алматыдағы концертінде киген ерекше сахналық образы қызу талқыға түсті, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Күміс түсті, футуристік үлгідегі костюмнің әсіресе кеуде тұсындағы корсеті желі қолданушыларының назарын аударып, түрлі әзіл мен сынға себеп болды.
Кей қолданушылар костюмнің пішіні әншіге әйел адамның киіміндей көрініс бергенін жазды. Тіпті Садраддинді “КешYOU тобының төртінші солисіне”, жауынгер әйел Зена мен Marvel кейіпкері Ғажайып әйелге теңегендер де болды.
“Кеуде мен иық біртұтас болуы керек еді, ал мұнда кеуде бөлек тұрғандай”, “Жанар Дұғалованың костюмін алып қойғандай”, “Сауытты өз талғамыңмен жаса дегенде, ер адамға ма, әйел адамға ма деп нақтыламаған ғой”, – деген сарындағы пікірлер тарады.
Сонымен қатар әншіні қолдағандар да табылды. Олар Садраддиннің сахнада жаңа образдарды сынап көруден қорықпайтынын айтып, бір костюм үшін бүкіл шоуды жоққа шығарудың орынсыз екенін жазды.
Даулы костюмнің авторы, Arunaz Atelier брендінің негізін қалаушы Назым Қарпықова “Jibek Joly” арнасының “Бүгін LIVE” бағдарламасында образдың қалай жасалғанын айтып берді.
Дизайнердің сөзінше, концерт режиссерлері әншінің сахналық бейнесі ғарыш тақырыбына сай болғанын қалаған. Себебі шоу барысында Садраддин сахнаға жоғарыдан түсетін болған.
“Режиссерлер ғарыштық образдар болуы керегін, Садраддиннің сахнаға жоғарыдан түсетінін айтты. Біз өз тарапымыздан бірнеше эскиз ұсындық. Соның ішінде бұл образ Садраддиннің өзіне де, командасына да қатты ұнады”, – деді дизайнер.
Оның айтуынша, костюм өте қысқа мерзімде дайындалған. Киімді тігуге небәрі екі күн уақыт берілген. Ал образдың басты бөлшектерінің бірі саналатын корсетті шебер түні бойы ұйықтамай жасап шыққан.
Назым Қарпықова бұл костюм арқылы әншіні дәстүрлі батыр кейпінде емес, заманауи сипаттағы батыр ретінде көрсетуді мақсат еткенін айтты.
“Біз Садраддинді заманауи батыр бейнесінде көрсеткіміз келді. Оның жаңа стилі көпшілікке ұнап жатса, кейбіріне ұнамай жатыр. Өзіме қатты ұнады. Алдағы уақытта да ешкімнің сөзіне қарамай, осындай ерекше образдар жасай береміз. Ең бастысы – өзімізге ұнаса болды. Садраддинге бәрі жарасымды болды”, – деді Назым Қарпықова.
Осылайша, желіде сынға қалған образ бастапқыда концерттің ғарыштық тұжырымдамасына сай жасалып, Садраддин мен оның командасының таңдауынан өткен.
Қаз
Рус






