Жеке балабақшада бір жарым жасар қызға балалардың бірі зәбір көрсеткен
Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.
Ақтауда жекеменшік балабақшада бір жарым жасар қызға балалардың бірі зәбір көрсеткен. Анасының айтуынша, әлгі бала қызын 50 минуттай ұрып, тістеп, буындырып жатқанда тәрбиеші болмаған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қыздың анасы Камила Қабиеваның мәлімдеуінше, оқиға 5 тамыз күні болған.
"Бұл жағдай күндіз сағат 15:00 шамасында болғанымен, кешкісін қызымызды алып кетуге барғанымызда бір-ақ білдік. Қызметкерлердің ешқайсысы бізге телефон соғып, болған жайтты хабарлаған жоқ. Бейнебақылау камерасының бейнежазбаларын қарап шыққан соң, қызымды бір бала 40-50 минут бойы ұрып-соғып, тістеп, буындырып жатқанын көрдім. Қызым сол уақытта қатты жылаған, бірақ қасында күтуші болмаған", – дейді қыздың анасы.
Әйелдің айтуынша, ол бейнежазбаны көрген бойда балабақша басшылығын, полицияны және қызына зәбір көрсеткен баланың ата-анасын шақыртқан. Олар қыздың анасын полицияға арызданбауға көндіріп баққан.
"Олар мені полицияға арыз жазбауға көндіруге тырысты. Күтуші 5-10 минутқа ғана кетсе, арыз жазбас едім. Бірақ ол 50 минуттай болмаған! Осы уақытта балам зәбір көріп, қатты жылаған. Ол қайда болды? Не істеп жүрді? Балабақша директоры жай ғана кешірім сұрады – сонымен бітті. Бірақ сол жеткілікті ме? Осындай салғырттыққа жол берген қызметкерді неге ешкім жауапқа тартпайды? Қайта қызым тірі қалды. Ал буындырып өлтірілсе ше?", – деп күйінеді ол.
Камила Қабиева қызының басында тістеген іздер қалғанын айтады. Қызды компьютерлік томографияға түсірген, қазір ата-анасы сараптама қорытындысын күтіп отыр. Анасының айтуынша, кеше түнде баланың қол-аяғы тырысып қалған. Анасы қызының денсаулығына алаңдаулы.
"Полицияға арыз жазып қойдым, ертең адвокатыммен прокуратураға барамын. Полиция бөлімінде әкімшілік бап бойынша іс қозғағалы отырғандарын айтты, бірақ мен оны қылмыстық бап бойынша – Қылмыстық кодекстің 140-бабы (Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша саралауды талап етемін", – дейді Камила Қабиева.
Білім басқармасындағылар оқиғаның мән-жайы тексеріліп жатқанын хабарлады.
Қаз
Рус






