Жеке балабақшада бір жарым жасар қызға балалардың бірі зәбір көрсеткен

2 385

Фото: lada.kzАқтауда жекеменшік балабақшада бір жарым жасар қызға балалардың бірі зәбір көрсеткен. Анасының айтуынша, әлгі бала қызын 50 минуттай ұрып, тістеп, буындырып жатқанда тәрбиеші болмаған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Қыздың анасы Камила Қабиеваның мәлімдеуінше, оқиға 5 тамыз күні болған.

"Бұл жағдай күндіз сағат 15:00 шамасында болғанымен, кешкісін қызымызды алып кетуге барғанымызда бір-ақ білдік. Қызметкерлердің ешқайсысы бізге телефон соғып, болған жайтты хабарлаған жоқ. Бейнебақылау камерасының бейнежазбаларын қарап шыққан соң, қызымды бір бала 40-50 минут бойы ұрып-соғып, тістеп, буындырып жатқанын көрдім. Қызым сол уақытта қатты жылаған, бірақ қасында күтуші болмаған", – дейді қыздың анасы.

Әйелдің айтуынша, ол бейнежазбаны көрген бойда балабақша басшылығын, полицияны және қызына зәбір көрсеткен баланың ата-анасын шақыртқан. Олар қыздың анасын полицияға арызданбауға көндіріп баққан.

"Олар мені полицияға арыз жазбауға көндіруге тырысты. Күтуші 5-10 минутқа ғана кетсе, арыз жазбас едім. Бірақ ол 50 минуттай болмаған! Осы уақытта балам зәбір көріп, қатты жылаған. Ол қайда болды? Не істеп жүрді? Балабақша директоры жай ғана кешірім сұрады – сонымен бітті. Бірақ сол жеткілікті ме? Осындай салғырттыққа жол берген қызметкерді неге ешкім жауапқа тартпайды? Қайта қызым тірі қалды. Ал буындырып өлтірілсе ше?", – деп күйінеді ол.

Камила Қабиева қызының басында тістеген іздер қалғанын айтады. Қызды компьютерлік томографияға түсірген, қазір ата-анасы сараптама қорытындысын күтіп отыр. Анасының айтуынша, кеше түнде баланың қол-аяғы тырысып қалған. Анасы қызының денсаулығына алаңдаулы.

"Полицияға арыз жазып қойдым, ертең адвокатыммен прокуратураға барамын. Полиция бөлімінде әкімшілік бап бойынша іс қозғағалы отырғандарын айтты, бірақ мен оны қылмыстық бап бойынша – Қылмыстық кодекстің 140-бабы (Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша саралауды талап етемін", – дейді Камила Қабиева.

Білім басқармасындағылар оқиғаның мән-жайы тексеріліп жатқанын хабарлады.

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.