Небәрі 19 күндік сәбиге күрделі жүрек операциясы жасалды
Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.
Қарағандыда туа біткен жүрек ақауының ауыр түріне шалдыққан 19 күндік нәрестеге күрделі ота жасалды. Операцияны Облыстық көпбейінді кардиологиялық орталықтың мамандары UMC Жүрек орталығының дәрігерлерімен бірлесіп жүргізді, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Кішкентай науқасқа өкпе тамырларының толық аномальды дренажы диагнозы қойылған. Бұл – қанның өкпеден жүрекке қалыпты ағуын бұзатын ауыр патология. Сонымен қатар нәрестеде ашық артериялық өзек және қарыншааралық перде ақауы анықталған. Бұған дейін ол асқазан-ішек жолының қатар жүретін патологиясына байланысты операция жасатқан, - деп хабарлады Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, операцияның хирургиялық бөлігін облыстық орталықтың балалар кардиохирургиясы бөлімінің меңгерушісі Ғанибек Ақжанов пен UMC Жүрек орталығы балалар кардиохирургиясы бөлімінің меңгерушісі Дмитрий Горбунов орындады. Операцияға анестезиолог-реаниматолог, перфузиолог және кардиолог та қатысты.
Мамандардың айтуынша, Қарағанды облысы үшін бұл балалар кардиохирургиясын дамытудағы маңызды қадам болды. Мұндай операциялар өңірде көп жылдан бері жасалмаған. Мамандардың бірлескен жұмысы жергілікті дәрігерлерге тәжірибе беруге және алдағы уақытта осындай медициналық көмекті жаңа туған нәрестелерге тікелей өңірде көрсетуге мүмкіндік береді.
- Бұл шеберлік сабағының мақсаты – осындай балаларға операцияны осында, Қарағандыда жасауға мүмкіндік қалыптастыру және оларды республикалық орталыққа тасымалдауға кететін уақытты жоғалтпау, – деді Ғанибек Ақжанов.
Қаз
Рус






