Қазақстанда алғашқы ядро көшіру сәбиі дүниеге келді

1 524

Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.

Фото: Opennews.kz ЖИ

Қазақстанда алғаш рет жұмыртқа жасушасының ядросын көшіру әдісімен қыз бала дүниеге келді. Бұл процедура төрт жыл бойы ЭКҰ арқылы жүкті бола алмаған 43 жастағы әйелге ана атануға мүмкіндік берген, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Бұл жаңалықты биомедицина ғылымындағы академик Алмаз Шарман желіде бөлісті.

“АҚШ-тан Алматыға ұшып келдік. Мұнда керемет жаңалық күтіп тұр екен: досым Вячеслав Локшиннің PERSONA клиникасында ерекше қыз бала дүниеге келді. Жақында ғана ғажайып секілді көрінген оқиға енді шындыққа айналды. Сәбидің анасы 43 жаста. Ол төрт жыл бойы ЭКҰ (экстракорпоралды ұрықтандыру) арқылы жүкті болуға тырысқан. Бірақ әр жолы сәтсіз аяқталған. Әдетте мұндай жағдайда дәрігерлер донордың жұмыртқа жасушасын пайдалануды ұсынады. Бірақ онда бала анасына генетикалық тұрғыдан туған баласындай жақын болмайды. Ал бұл жолы басқа әдіс қолданылды”, – деп баяндады ол.

Маман осы тұста қолданылған тәсілді жеңіл тілмен түсіндіріп берді. 

“Жұмыртқа жасушасын тауықтың жұмыртқасы деп елестетіп көріңіз. Сарыуызы — ядро. Онда гендер, яғни баланың анасына ұқсастығын анықтайтын тұқым қуалайтын ақпарат сақталады. Ал ақуызы — цитоплазма. Оның ішінде жасушаны энергиямен қамтамасыз ететін кішкентай "батареялар" — митохондриялар бар. Әйелдің жасы ұлғайған сайын бұл "батареялардың" жұмысы әлсірейді. Генетикалық ақпарат дұрыс болғанымен, эмбрионның дамуына энергия жетпей, оның дамуы тоқтап қалуы мүмкін. Ғалымдар ананың жұмыртқа жасушасынан ядроны алып, өз ядросы алдын ала алынып тасталған жас донордың жұмыртқа жасушасына көшірген. Нәтижесінде ананың гендері мен жас донордың "батареялары" бар жасуша пайда болды. Одан кейін әкесінің қатысуымен әдеттегі ЭКҰ процедурасы жүргізілді”, – деп қосты ол. 

Маман мұндай жағдайда қыздың ДНҚ-сының 99,9 пайызы ата-анасына тиесілі болатынын жеткізді. Бір кездері журналистер бұл әдісті "үш ата-анадан туған бала" деп атаған. Бірақ бұл атау әсірелеп айтылған.  “Осы әдіспен дүниеге келген балалардың денсаулығы ұзақ уақыт бақылануы керек”

Процедураны АҚШ-тың Орегон штатындағы Портленд қаласында жұмыс істейтін, осы саланың әлемдегі жетекші мамандарының бірі, белгілі ғалым әрі профессор Шухрат Миталипов жүргізді. Ол PERSONA клиникасында эмбриология жөніндегі кеңесші болып жұмыс істейді.

Эмбриологияға қатысты барлық жұмысты клиниканың қазақстандық мамандары атқарды. Жобаның ғылыми жетекшілері — профессорлар Шухрат Миталипов пен Вячеслав Локшин.

“Анасы мен сәбиінің жағдайы жақсы. Қазір тағы бір пациент босануға дайындалып жатыр. Бұл әдіс әзірге эксперименттік деңгейде. Ол барлық мәселені шешетін сиқырлы таяқша емес және бәріне бірдей көмектеспейді. Генетикалық ақауларды түзетпейді әрі нәтижеге кепілдік бермейді. Алда әлі ауқымды зерттеулер жүргізіліп, осы әдіспен дүниеге келген балалардың денсаулығы ұзақ уақыт бойы бақылануы керек. Жылдар бойы сәтсіз әрекеттерден өткен отбасылар үшін бұл шынымен де жаңа үміт болуда. Ең бастысы, мұндай мүмкіндік бізде, Қазақстанда пайда болды.”, – деп түсіндірді  Алмаз Шарман.

Шухрат Миталипов 2010 жылы АҚШ-тың Портленд қаласындағы зертханасы мен маймылдар питомнигінде жұмыс істеген. Ол жасуша ядросын көшіру арқылы жасушаны жасарту технологиясын зерттеп, осы бағыттағы ғылыми жұмыстарымен танылған. Енді ғалымның бұл әдісі Алматыдағы PERSONA клиникасында қолданылып, қыз бала дүниеге келді. 

OpenNews
информационное агентство
Правовая информация

При использовании материалов ссылка на публикацию обязательна.

Информационный материал +18 предназначен для лиц в возрасте от 18 лет и старше.

Контакты

Нашли ошибку в тексте?
Выделите его и нажмите Ctrl + Enter .

Социальные сети

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - информационное агентство.