Асылып қалған күйде табылған Арман Дүйсеновтің ұлының ісі қайта тергелуде:«Қолы артынан байланған»
Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.
Белгілі композитор Арман Дүйсеновтің 21 жастағы ұлы Абылайдың өліміне қатысты қылмыстық іс қайта тергеле бастады. Жаңа сот сараптамасы марқұмның өзіне қол жұмсағаны туралы бастапқы нұсқаға күмән келтірген, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Абылай Дүйсен 2024 жылғы 7 қазанда Алматыдағы пәтерінен асылған күйінде табылған. Алғашқы тергеу оның өзіне қол жұмсағаны туралы қорытындыға келген. Алайда кейінгі сараптама екі қолы арқасына байланған адамның өздігінен асылуы мүмкіндігіне күмән келтірген. Марқұмның анасы Айсұлу Алпысбаева ұлының өліміне басқа адамдардың қатысы болуы мүмкін деп есептейді. Ол тергеу барысында бірқатар маңызды жайттың назардан тыс қалғанын айтады.
Істегі тағы бір күмәнді мәселе – 48 миллион теңге қарыз. Анасының сөзінше, Абылай қайтыс болғаннан кейін Санжар Мұқаш есімді азамат келіп, марқұмның өзінен пайызға осынша ақша алғанын мәлімдеген. Кейін отбасы Абылайдың хат алмасуларынан ірі көлемдегі қарызға және жоғары пайыздық мөлшерлемелерге қатысты мәліметтер тапқан. Сондай-ақ марқұмның өлімінен кейін отбасы пәтерге қатысты сот дауына тап болған.
Айсұлу Алпысбаева мен оның адвокаттары тергеу барысында телефондағы мәліметтер, қаржылық операциялар және іске қатысы болуы мүмкін адамдардың байланыстары толық зерттелмегенін алға тартады.
«Біз бәріміз Абылайға не болғанын білгіміз келеді. Шындық қаншалықты ауыр болса да, бізге сол керек», – дейді марқұмның анасы.
Отбасының адвокаты Гүлмира Сыдықова да пәтерге қатысты күмәнді жайттарға назар аударған. Оның айтуынша, Абылай мен Санжардың хат алмасуларында пайызбен қарыз алу мәселесі талқыланғанымен, баспананы сату туралы нақты келісім болмаған. Марқұмның жақындары Ішкі істер министрлігіне жүгінгеннен кейін Алматы полиция департаменті қылмыстық істі қайта тергеуге кіріскен.
Алайда Айсұлу Алпысбаева тергеудің әлі де өзіне қол жұмсау нұсқасы бойынша жүргізіліп жатқанына наразы. Ол ұлының өліміне басқа адамдардың қатысы бар-жоғын жан-жақты тексеруді талап етеді. Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Марқұмның өліміне өзге адамдардың қатысы бар екені ресми түрде дәлелденген жоқ.
Айта кетейік, белгілі композитор Арман Дүйсенов 2023 жылғы қаңтарда өмірден өткен.
Қаз
Рус






