Әйелдер әлі сүйіктісінің қолынан көз жұмып жатыр: Аймағанова өзекті мәселені көтерді
Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.
Құрылтай депутаты Айжан Аймағанова Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан әйелдердің қаза табу оқиғалары әлі де тоқтамай отырғанын айтып, полицияның жұмысын күшейтуді ұсынды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Ол осы мәселеге байланысты Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке депутаттық сауал жолдады.
21 қазанда өткен Құрылтай отырысында депутат отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары жеткілікті деңгейде нәтиже бермей отырғанына назар аударды. Оның айтуынша, соңғы жылдары әйелдер мен балаларды қорғауға бағытталған заңнамалық өзгерістер қабылданып, құқық бұзушыларға жаза күшейтілген. Алайда қайғылы оқиғалар әлі де жалғасып жатыр.
«Соңғы жылдары елімізде әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау бағытында маңызды шаралар қабылданды. Жауапкершілік күшейтілді, алдын алу тетіктері кеңейтілді. Алайда қайғылы жағдайлар әлі де жалғасуда», – деді депутат.
Айжан Аймағанова сөз барысында қоғамда үлкен резонанс тудырған екі қайғылы оқиғаны мысалға келтірді. Атап айтқанда, 13 шілдеде Абай облысында 20 жастағы Дильназ Жұмағұлова көптеген пышақ жарақатынан көз жұмған. Ал 23 қыркүйекте Астанада екі баланың анасы Жазира Адауова бұрынғы күйеуінің қолынан қаза тапқан. Депутат мұндай жағдайлардың алдын алу үшін құқық қорғау органдары қауіп туралы алғашқы белгілерге дер кезінде әрекет етуі қажет деп есептейді.
«Осы орайда қолданыстағы қорғау тетіктері зорлық-зомбылық болғаннан кейін ғана әрекет етпей, қауіпті алдын ала анықтап, оның жолын кесуге қаншалықты мүмкіндік береді деген маңызды сұрақ туындайды», – деді Аймағанова.
Осыған байланысты депутат «Электрондық қорғаныс аймағы» атты пилоттық жобаны іске қосуды ұсынды. Бастама аясында еліміздің жекелеген өңірлерінде тұрмыстық зорлық-зомбылық қаупін ерте анықтау тетіктерін сынақтан өткізу көзделіп отыр. Сонымен қатар Аймағанова қауіп туралы хабарлама түскен жағдайда полиция қызметкерлерінің әрекетін реттейтін бірыңғай міндетті алгоритм әзірлеуді ұсынды.
Тағы бір маңызды ұсыныс – әрбір қауіп сигналы мен оған байланысты қабылданған шараларды цифрлық жүйеде автоматты түрде тіркеу. Бұл полиция қызметкерлерінің қандай уақытта және қандай әрекет жасағанын бақылауға мүмкіндік береді. Депутаттың пікірінше, мұндай бастаманы жүзеге асыру үшін жаңа әрі қымбат ақпараттық жүйе құру міндетті емес. Қазақстанда профилактикалық есепке алу және электрондық бақылау құралдары қазірдің өзінде бар.
Қаз
Рус






