Диқан еңбегінің жемісі қорытындыланып, сабантой мерекесі өтті

266

Қармақшы ауданының диқан-механизаторларының биылғы егін жинау маусымындағы еселі еңбегінің жемісін қорытындылауға арналған сабантой мерекесі ауыл шаруашылығы саласының білікті маманы Нұрлан Іздібаев басқаратын «Ақтөбе и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жалғасты,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.


Ақтөбе ауылдық клуб үйінде өткен сабантой мерекесінде алғашқы сөзді алған аудан әкімінің орынбасары Біржан Далабаев пен аудандық мәслихат хатшысы Әділ Қошалақов мерекелік жиынға жиналған жұртшылықты сабантой мерекесімен құттықтап, аудан тұрғындары әлеуетін арттыруда атқарылған игі істерді баяндап, алдағы уақытқа мақсатталған жобаларды саралады. Сонымен қатар шаруашылықтың еңбек ардагерлері Сапарбек Елемесовке, Мырзабек Сұмағұловқа, Мирхан Белесов пен Сейілхан Әбдірахмановқа ауданымыздың бас марапаты – құрмет грамотасын тапсырды.


Ал шаруашылық директоры Нұрлан Іздібаев шаруашылықтың диқан-механизаторларының ерте көктемнен бастап, шіліңгір шілденің аптап ыстығында да, қоңыр күздің салқынды күндерінде де аянбай тер төге еткен еңбектеріне ризашылығын білдірді. Өз кезегінде шаруашылық осындай еңбектің арқасында 1 900 гектар егістік алқапқа орналастырған күріштен 136 780 центнер өнім жинап, облыс бойынша «Озат егін шаруашылығы» номинациясы иегері атанды.


Жиында Қаршыға Есдәулетов, Аманжол Жакенов, Сұлтанбек Ботабаев, Қуаныш Елдесбаев сынды ардақты ағаларға қазақы дәстүрмен шапан жауып, құрмет көрсетті. Сондай-ақ, шаруашылықта ұзақ жыл еңбек етіп, жастарға үлгі көрсеткен Жұмабек Нұржанов ағамыздың зейнеткерлік демалысқа шығуына байланысты оған да ілтипат жасап, құрметтеді.


Салтанатты жиында №109 орта мектеп, «Перизат» балабақшасы мен спорт мектебі ұжымдары да шаруашылықтың алғысына бөленді.


Сабантой мерекесі одан әрі шаруашылық директоры Нұрлан Іздібаевтың ұжымда еңбек ететін диқан-механизаторлардың егін жинаудағы еңбектерін еселеуге арналды. Алдымен сахна төріне үздік күріш сушыларын шақырып, оның ішінде өзіне бекітілген 54 гектар күріштік алқаптың әр гектарынан 85,97 центнерден өнім алған №1 егіс бригадасының сушысы Қайрат Отарбаевқа І дәрежелі диплом, сыйлыққа теледидар мен 656 мың теңгенің сертификатын тапсырды. Сонымен бірге ІІ және ІІІ орынға көтерілген диқандарға да сый-құрмет жасалды.
Одан әрі жаткашылар арасында 688 гектар күрішті дестелеген №4 егіс бригадасының жаткисті Ғалымжан Жақсылықов І дәрежелі диплом мен сый-сияпат алды. Марапатталушылар қатарында №1 бригада комбайнері Ербол Наурызбаев, тасымалдаушылар арасында №1 бригада МТЗ тракторының жүргізушісі Нұрлан Ақболатов жеңімпаздар көшінен табылып, сый- құрметке ие болды. Ал егін жинау науқанында үздік көрсеткішке қол жеткізген бригадалар арасында өздеріне бекітіліп берілген 486 гектардың әр гектарынан 71,20 центнерден өнім жинаған Болат Мәкенов басшылық ететін №2 егіс бригадасы шаруашылық тағайындаған 2 млн теңгенің сертификатына ие болса, Бақытжан Әбілқайыров, Бақытбек Мұнарбаев, Мейірбек Аманбалаев басшылық ететін бригадалар да сыйлықтан құр қалмады.


Мерекелік іс-шарада жоғарыда есімдері аталған үздіктерден басқа егінжай ерлері теледидар, газ плитасы, кір машина, кілем, шаңсорғыш пен қысқа толқынды пеш, шифонер, диван сынды тұрмысқа қажетті үй жабдықтарына ие болды.


Тағы бір айта кетерлік жайт, мерекелік жиында ауыл жастары арасында ұлттық спорт ойындарынан жарыс ұйымдастырылды. Нақтысын айтқанда, қазақ күресінен 32 келіден жоғары салмақтағы балғын балуандар белдесуінде Дәулет Тұрақов жеңімпаз атанса, ІІ және ІІІ орындарға Нұрсейіт Төребек пен Ернұр Саятбек көтерілді. 32 келіден төменгілер арасында белдесуде Мақсат Қойтан жеңімпаз болса, ІІ орынды Бағдат Нұрымұлы, ІІІ орынды Мұхаммедәли Русланұлы иемденді.


Ал 24 келілік гір тасын 23 рет аспандатқан Нұржан Айтуғанов І орынға, қалған жүлделі орындарға Орынбасар Тәтиев пен Нұржан Нұрланұлы көтерілді. Арқан тартыста ауылдың 1979 жылы туған жігіттері барлығынан басым болып, шаруашылық тағайындаған сыйлыққа ие болды.


Мерекелік жиында қонақтар мен шаруашылық еңбеккерлеріне арнап, Ақжар, Ақтөбе ауылы өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашса, шаруашылық басшысы Нұрлан Іздібаев өзінің тебіренте салған әсем әнімен мерекелік іс-шараның шымылдығын жапты.