"БИПЭК Авто – Азия Авто" компанияларының негізін қалаған миллиардер қашқын тергеуге шақырылды
583
Қашқын миллиардер Анатолий Балушкин тергеуге шақырылды, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Агенттіктің хабарлауынша, күдікті Анатолий Балушкин 10 ақпанда сағат 17:00-ге дейін тергеу амалдарын жүргізу үшін Өскемен қаласы Новаторов көшесі 7/2 мекенжайында орналасқан Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің әкімшілік ғимаратына келуі қажет.
Сондай-ақ агенттік тергеу амалдарына қатысу үшін күдікті ретінде танылып отырған Балушкиннің қорғаушыны өз бетінше шақыруға немесе қылмыстық процесті жүргізетін органның қорғаушының қатысуы туралы өтінішхат беруге құқылы екенін атап өткен.
Қорғаушыны күдікті немесе оның заңды өкілдері, сондай-ақ олардың атынан өзге де адамдар шақырмаса, қорғаушының қатысуын қылмыстық процесті жүргізетін орган қамтамасыз етеді.
Шақыру қағазының белгіленген уақытта келуіне кедергі келтіретін себептер болған жағдайда, сондай-ақ прокурордың немесе сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын адамның, күдіктінің немесе оның өкілі саналатын адамдардың қорғаушының қатысуы туралы өтінішхат беруге ниет білдірген жағдайда белгіленген тәртіппен сотқа дейінгі тергеу органына алдын ала хабарлауға міндетті, - делінген ведомствоның хабарламасында.
Айта кетейік, Қазақстанда көлік құрастырумен айналысатын ірі компанияның басшысына іздеу жарияланған. Анатолий Балушкин "Азия Авто" және "БИПЭК Авто Қазақстан" компаниялары акцияларының бақылау пакетіне ие болған. 2020 жылы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі "Бипэк Авто – Азия Авто" компаниясымен көлік құрастыру жөнінде келісімді бұзған. Ведомство компаниядан 2010 жылдан бері 174 млрд теңге көлемінде (405 млн доллар) алған жеңілдіктерді қайтаруды талап еткен. Министрлік сотта компанияны жеңген. Алайда мемлекеттен миллиардтаған қаржы алып, қашып кеткен Балушкин әлі күнге қолға түскен жоқ.
Forbes сайтының жазуынша, Анатолий Балушкин 2020 жылы Қазақстандағы ең ықпалды және ең ауқатты кәсіпкер тізіміне енген.