Қала әкімінің қызметкері сауда үйінен 700 мыңдық IPhone 14 алып, ақысын төлемей қойған
Тараз қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің басшысы сауда үйінен 700 мың теңгелік смартфон алып, ақы төлеуден бас тартқан, деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.
Тараз қалалық әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Айдын Алтай сауда орнынан қарызға смартфон алып, ақшасын 6 ай бойы қайтармаған. Сауда дүкенінің басшысы амалсыз әкімге арыз жазыпты. Дегенмен соңғы үлгідегі смартфон алған шенеунік тауарды кімге, қалай, не үшін алғанын түсіндірмеді.
“Алу керек болды. Екі ортада мен қысылып қалдым ғой. Кімге алғанымыз айтылмайтын нәрсе. Үлкен бастықтарға сыйлық емес”, – деді Тараз қаласы әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің бастығы Айдын Алтай.
Сауда үйінің иесі әкімге хат жазу арқылы смартфонның ақшасын төлеткен. Енді шенділердің мемлекет қаржысына ас үй пешін алғаны қызу талқыланып жатыр. Жұртшылық құны 1 миллион теңгелік техниканың қандай қажеттілігі бар екенін түсінбейді. Бұдан бөлек 2 миллион теңге болатын 5 планшет, 4 миллион теңгелік теледидар да күдік тудырған.
“4 миллионға LED-экран алды. Мемлекеттік саясатты осы экранмен жүргіземін дей ме? Тараз қаласында қаншама LED-экрандардың орындары тұр ғой. Одан кейінгі қызығы газ плита. Әкімшілікке газ плитаның керегі не? Самса пісіру үшін бе?” – дейді қоғам белсендісі Исламбек Дастан.
“Мен солардан анықтайын шын мәнісін. Естіген жоқпын. Кері байланыста ресми береміз. Егер де мемлекеттік сатып алу заңдылықтарымен сәйкес алынған дүние болса, жасырып, жабатын ештеңесі жоқ”, – деді Жамбыл облысы әкімдігінің аппарат басшысы Мәди Мәтен.
Ал әкімнің баспасөз хатшысы алынған пеш әкімдікте тамақтану үшін қажет екенін мәлімдеді. Сөзінше, мекемедегі мамандар түстенуге уақыт жоғалтпас үшін арнайы пеш алдырған.
“Әкімдікте 150-ге жуық қызметкер еңбек етеді. Барлығы үйлеріне барып, түстенуге уақыт тапшы болып жатады. Сондықтан осында бізде асханамыз бар”, – деді Жамбыл облысы әкімінің баспасөз хатшысы Данияр Асқарұлы.
Қазір тапсырыс берілген тұрмыстық техникалардың ішінде газ плитаның жеңімпазы анықталған. Ақжағалылар ас үй пешінің алдымен келуін асыға күтіп отыр. Ал қалған планшет сияқты техникалар әкімнің жұмысын жарнамалауға керек дейді.