Түркістан облысында ашынған халық сиырларын әкімдік алдына айдап әкелді
Түркістан облысындағы ауыл халқы қорасындағы малын әкімдік алдына айдап әкелді. Түркістан облысы, Қазығұрт ауданындағы төрт бірдей ауыл халқы осылайша өз наразылығын билікке жеткізбек болған. Айтуларынша, ауылда мал жаятын жайылым жер қалмаған.
Қазығұрт ауданы, Қарабау ауылдық округіндегі төрт елдімекен тұрғындары қораларындағы төрт түлігін ауылдық округ әкімдік алдына айдап әкелді. Маңыраған қора-қора малды көрген шенеуніктер болса, оларды әкімдіктен ары айдап әлек болды.
Қараша халықтың бұл әрекетінің өз себебі де бар. Өйткені ауылдағы жайылым жер кезінде тұқым өсіреміз деген Ауыл шаруашылық министрлігіне қарасты жеке кооперативтің меншігіне өтіп кеткен. Бұл кооперативте 5 мың 745 гектар жер бар екен. Бұл жерге жұртқа мал жаюға тыйым салынған. Белгіленген аумақтан малдары өтетін болса, иесіне айыппұл салынатын да көрінеді. Ал халық иелігіндегі төрт түлігін қорасында, енді бірі ауыл іргесіндегі қоқыс алаңында бағуға мәжбүр.
«Ауылда жайылым жер жоқ. Ондап, жиырмалап сиыры бар отбасылар бар. Тек малмен күн көріп отырғандар бар. Сонда не істеу керекпіз біз?... Біздің талабымыз сол жерді бөліп берсін. Жайылымды қорғап сотталсақ, сотталамыз... Анау министр оянсын! Мына халықтан ұялсын. Біздің жерімізді берсін. Халық одан кейін күнін көреді», -деді ашынған тұрғындар.
Қарабау ауылдық округінің халқы жылдар бойы қордаланған мәселемізден министрлік хабардар дейді.
Тіпті өткен жылы арнайы өкілдер келіп, мәселе әне-міне шешіледі деп уәде де беріп кеткен екен. Бірақ, құрғақ сөз болып қалды дейді. Ал шаруашылық басшылығы мәселені шешуге құзіретіміз жетпейді деп ашығын айтты. Сөзіне сенсек, пәрмен жоғарыдан келуі керек екен.
«Жерді беремін немесе бермеймін деп мен шешпеймін. Бізге қалай тапсырма келеді, бер дейді заң аясында береміз. Біз орындаушымыз осы шаруашылықтың. Тұқым өндіру, егістік егу сол жұмыстарды атқарып орындаушымыз. Жердің құрылтайшысы ұлттық аграрлық ғылым білім беру орталығы. Негізі құрылтайшыға, ауыл шаруашлығы министрілгіне шейін осы ауыл тұрғындары атынан арыз-шағым түскен. Ол мәселе әлі қаралып жатыр. Бізге жауап келген жоқ»,-деді «Қарабау» тәжірибелік-өндірістік шаруашылық директоры Дәулет Әбдірасылов.
Сынтас, Жұмысшы, Құларық пен Қарабау ауылдарының халқы атқамінерлер жер мәселесін қайта қарасын талап етіп отыр. Әйтпесе қордаланған түйткілден хабардар Ауыл шаруашылық министрлігі үстінен Үкімет басшысы мен Президентке шағым түсіреміз деп бекініп отыр.