Қызылордалық тұрғындар Қытаймен бірлесіп ашқан зауыттың зардаптары жөнінде айтты

448

Қызылорда облысы, Шиелі ауданына қарасты Шеген Қараманов атындағы ауылдың тұрғындары "Гежуба Шиелі цемент компаниясынан" жергілікті тұрғындарға келіп жатқан залалдың көптігін айтады,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі  Stan.kz  сайтына сілтеме жасап.

Қытаймен бірлесіп қолға алынған кәсіпорынмен халықтың соттасып келе жатқанына да біраз уақыт болған. Тіпті адамдар арасында экология мен адам денсаулығына төнген қауіптен қашып, басқа жерге қоныс аударып кеткендер де бар.

"Бізді адам құрлы санамайды"

Шеген Қараманов атындағы ауылдың тұрғыны Алмас Дүйсенбаевтың айтуынша, қауіпті нысанға жататын зауыт маңында тұратын халықтың кәсіпорынмен соттасып келе жатқанына екі жылдан асқан. Алайда сөзіміз жоғары жаққа өтпейді деген ол, биліктің тұрғындарды адам құрлы санамайтынын айтады.

"Бұл жерге "Нұрлы жер" жобасы аясында қыруар қаржы бөлініп, инвестиция тартылды. Соның аясында осы зауыт салынып, бой көтерді. Негізінде бұл бірінші санаттағы қауіпті нысанға жатады. Елдімекеннің экологиясына да үлкен зиянын тигізіп тұрған өнеркәсіп. Алғаш зауыттың кірпішін қалар уақытта жергілікті тұрғындармен санаспаған. Әкімдік көпшіліктің талдауына салғанын айтады, алайда ол жерге тек айтқанынан шықпайтын адамдарды ғана шақырған", - дейді белсенді тұрғын.

Оның сөзінше, қоғамдық тыңдау өткенін белсенділер кейін әкімдіктен сұрап жүріп бір-ақ білген.

"Біздің зауытпен соттасып келе жатқанымызға екі жылдан астам уақыт өтті. Түнде зиянды қалдықтар көп шығады. Химиялық заттардың жағымсыз иісі тарайды. Цемент өндіру үшін оған күл қосады, кен, таудан үгітілген тас араласады. Одан бөлек химиялық желім элементтері, әк қосылады. Оны пешке салып күйдіреді. Соның жаман түтіні, ұшқан шаң-тозаңның бәрі бізге келіп жатыр. Сол зиянды ауаны ауылдың үлкені де, кішісі де жұтып отыр. Осыдан балалар ауырады, ол қазір білінбегенмен біраз уақыттан кейін бәрібір өз әсерін білдіреді. Біз осының барлығын айтып өз шағымдарымызды жеткізгенбіз, алайда таразының бір басында миллион долларлар тұрғанда бізді тіпті адам екен деп санамайды", - дейді Алмас Дүйсенбаев.

"Жайылымды жерлер тарылып, мал қырылуда"

Ауыл жұртшылығының сөзіне сүйенсек, атаулы нысанның қарапайым санитарлық қорғау аймағы тұрғын үйлер шекарасына кіріп кеткен. Зауыт пен тұрғындардың үйлерінің арасы небәрі 520 метр. Ал Қазақстанның санитарлық ережесіне сәйкес, елді мекен мен қауіпті өндіріс орны арасы кемінде мың метр болуы тиіс. Алмас Дүйсенбаев ауылда қауіпті аймақтың ішінде 22 үйдің тұрғанын айтады.

Зауыт жұмысын бастағалы бері ауыл ішінен береке кеткендей болды. Күнде шаң-тозаң, жұтатынымыз химикат осының барлығы халықтың денсаулығына әсер етуде. Біраз тұрғындар денсаулығын ойлап басқа аймаққа көшіп кетті, олардың ішінде ауыра берген соң амалсыз кеткендері де бар. Жалпы ауылда қауіпті аймақта тұрған 22 үй бар. Зауытқа өте жақын орналасқан. Енді оның зардабы туралы өзіңіз ойлай беріңіз. Осы жылдың көктемінде СЭС мамандары келіп тексеру жүргізген. Содан зауыттың өзі жергілікті үйлер мен зауыттың арасы 520 метр ғана болатынын мойындады. Олар осыдан кейін 22 үйдің құжаттарын жинап алып, заңды соғылған-соғылмағанына тексеру жүргізді. Нәтижесінде біздің үйлеріміздің барлығы заңды салынғаны әрі зауыт салынбай тұрып тұрғызылғаны дәлелденді", - дейді белсенді азамат.

Ауылдың тағы бір тұрғыны Серік Мырзабековтің сөзінше, зауыттың зардабы қорадағы малға да тиіп отырған көрінеді.

"Көшетін адамдардың барлығы көшіп кетті. Қазір біз өз ауылымызда қауіппен бетпе бет қалып отырмыз. Ауылда еркін демалу қиынның қиыны. Зауыт күні-түні жұмысын тоқтатпайды. Кәсіпорын жұмыс істеп тұрған жер бұрын үлкен жайылымдық жерлер болатын. Ауыл халқы сол аймаққа малын бағатын еді. Бүгінгі күні ол жерлердің барлығы қысқарып, бір сөзбен айтқанда зауыт тартып алды. Қарапайым тұрғындар малын қайда айдайтынын білмейді. Мұнымен қоса зауыттан ұшқан түрлі зиянды қалдықтар жердегі шөпке қонып, оны жеген мал қырылып жатыр", - дейді тұрғын.

"Көбісі қарсы шығуға қорқады"

Ауыл тұрғындарының зауыт жұмысынан көрген зардаптары жөнінде біраз БАҚ та жазған. Бірақ күрмеуі көп мәселе әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Алмас Дүйсенбаевтың айтуынша, тұрғындардың басым көпшілігі мемлекеттік қызметте жұмыс істегендіктен қуғынға ұшыраймыз деп қорқатын көрінеді.

"Басында халықтың біраз бөлігі бірігіп қарсы шықтық. Кейіннен қатарымыз азая бастады. Бұған басты себеп тұрғындардың жұмыс орындары болып тұр. Өйткені біреуі мектепте, балабақшада, әкімшілікте жұмыс істегендіктен, әркімнің өз бастығы болады. Жоғарыдан қысым көретіндіктен ешбірі билікке қарсы шыққысы келмейді", - дейді тұрғын.

Бұған дейін Шиелі аудандық соты тұрғындардың арызын қараудан бас тартқан.

Бірақ бірнеше тұрғындар қайта арызданып жүріп істі қайта қарауға қол жеткізген. Нақтырақ айтсақ 19 қазанда Қызылорда облыстық соты Шиелі аудандық сотын тұрғындар шағымын қайта қарауға міндеттеген.
"Бұдан алдын біздің арызымызды Шиелі аудандық соты қараудан бас тарты. Біз қайта-қайта шағымданған соң облыстық сот шешімді бұзып, істі аудандық сотқа қайтарды. Енді аудандық сот отырыс өтетін уақытты белгілеуі тиіс. Қазір соны күтіп жүрміз", - дейді Алмас Дүйсенбаев.


"Гежуба Шиелі цемент компаниясының жауабы"

"Гежуба Шиелі цемент компания" ЖШС өз жұмысын 2018 жылдың 11 желтоқсанында бастаған. Кәсіпорын Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Қазақстанда жасалған индустрияландырудың екінші бесжылдығы" атты жалпыұлттық телекөпір барысында іске қосылған. Аталған зауыт Қазақстанның индустриализация бағдарламасы аясында Қытаймен бірлесіп қолға алған 55 жобаның бірі. Жоба құны 177 млн доллар деп хабарланған.


"Гежуба Шиелі цемент компаниясының" әкімшілігі биылғы жылдың 19 тамызында ауыл тұрғындарына берген жауабында "зауытта барлық тиісті құжаттардың бар екенін және ешқандай зиянды зат тарамайтынын" айтқан.

Ресми мәлімдемеде былай делінген:

"Зауыт цемент өндірудің ең заманауи әдісін қолданады. Өндірісте қолданатын екі білікті роликті престеу мен үш білікті диірмен – Қазақстандағы бірегей озық технологиялар қатарына жатады, әрі ол технология жоғары сапалы цемент өндіруге көмектеседі. Цемент зауыты қоршаған ортаға қамқорлық жасайды және ауаны ластанудан тазарту үшін ең жақсы сүзгілер қолданады. Шаң жинау және газ тазарту қондырғыларының жұмысын бағалаудың аспаппен өлшеу нәтижелері олардың жоғары тиімділігін көрсетті – 99,94 пайыз шегінде болды".

Бірақ тұрғындар бұл ақпаратпен келіспейтіндерін айтады. Шынымен замануи технологиялар қолданылса, жергілікті халық зиянды ауаға тұншықпайтын еді дейді олар.

"Ауыл халқының тұрмысы мен шаруашылығы"

Шеген Қараманов атындағы ауылда 2 мыңға жуық халық тұрады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ауыл халқы мал шаруашылығымен қатар егіншілікпен айналысады. Көпшілігі күріш егеді. Күріш егіншілігі суды көп қажет екенін ескерсек, Алмас Дүйсенбаев зауыттың зияны бұл шаруашылықты да айналып өтпегенін айтады.

"Халықтың тұрмысы орташа. Мал бағады, егін егеді. Көпшілігі күріш шаруашылығымен айналысады. Жоғарыда мемлекеттік жұмыста істейтіндер бар екені туралы айтып өттім. Зауыттың қазіргі тұрған орнында бұрын 49 га жерді алатын үлкен көл болатын. Оны зауыт саларда жер асты көзінен су аламыз деп көлдің ортасына кішкентай бассейн жасап қойды. Соңында жер асты суы қысымға шыдамай судың барлығы ауылға қарай ағып, үйімізді су басып қалды. Бұл 2018 жылы болған жағдай. Сол кезде біз сотқа береміз дегенде, бізге зауыт басшылығы жалынып, барлығын өтеп береміз, жөндеу жасаймыз деген соң біз сотқа бермеп едік. Бірақ олар сөзінде тұрған жоқ, жөндеу де жасамады өтемақы да төлеген жоқ. Аяғында тағы жапа шеккен сол қарапайым халық", - дейді ол.

Бірінші санаттағы қауіпті нысанға жататын зауыт маңында өмір сүріп келе жатқан халық кәсіпорынмен соттасуды тоқтатпайтынын айтады. Зауыттан шығатын шаң-тозаң мен жағымсыз иістен әбден мезі болғанын айтқан тұрғындар кәсіпорынды жабуды немесе басқа жаққа көшіруді, өздеріне материалдық-моральдық өтемақы төлеуді талап етеді.