Мәжіліс депутаты қазалыдағы жаңа өндірістік цехпен танысып, жұмысшы мамандармен кездесті

1 150

Фото: Қазалы аудан әкімдігіҚР Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов Қазалы ауданындағы жаңа өндірістік жобамен танысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Мархабат Жайымбетов Қазалы ауданына жасаған жұмыс сапары аясында өңірдегі ірі өндірістік нысандардың біріне – «Қамқор Вагон» ЖШС-нің Қазалы вагон жөндеу депосына барды. Халық қалаулысы бұл сапарында жаңадан іске қосылған дөңгелек жұптарын күрделі жөндеу цехының жұмысымен арнайы танысты.


Заманауи өндіріс – аймақ дамуының кепілі


Аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш пен аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаевпен бірге өндірістік нысанды аралаған депутат жаңадан ашылған учаскенің мүмкіндіктеріне жоғары баға берді. 2025 жылдың сәуір айында іске қосылған бұл жоба «Қамқор Вагон» компаниясының ұзақ мерзімді даму стратегиясының аясында жүзеге асырылған. Жобаның негізгі мақсаты – жүк вагондарының жөндеу сапасын арттырып, олардың пайдалануға жарамдылық мерзімін ұзарту, сонымен қатар вагон жөндеу процесінің тиімділігін арттыру.


Кәсіпорын жылына 3000 дөңгелек жұпты күрделі жөндеуден өткізуге қауқарлы. Бұл көрсеткіш, бір жағынан, тапсырыс берушілердің сұранысын толығымен қанағаттандыруға мүмкіндік берсе, екінші жағынан, вагондарды жөндеу уақытын айтарлықтай қысқартуға жол ашады. Мұндай өндірістік қуаттылық өңір экономикасына серпін беріп, теміржол тасымалының тиімділігін арттыра түспек.


Жабдықталған цех – өндірістің жаңа деңгейі


Цех аумағын аралау барысында Мархабат Жайымбетов ондағы орнатылған заманауи құрал-жабдықтарға назар аударды. Екі режимді престеу қондырғылары, дәлдікпен жұмыс істейтін өлшеу құрылғылары, бұзбай бақылау құралдары мен механикаландырылған жұмыс орындары – барлығы да өндірістің озық технологиялармен жабдықталғанын көрсетеді. Сонымен қатар, жинақтау және бөлшектеу аймақтарының болуы жөндеу жұмыстарын жүйелі және қауіпсіз түрде жүргізуге мүмкіндік береді.


Жұмысшылармен жүздесу және қолдау білдіру


Сапар барысында депутат кәсіпорынның өндірістік процесіне тікелей қатысып жүрген жұмысшы мамандармен кездесіп, олардың еңбек жағдайларымен және ұсыныс-пікірлерімен танысты. Кездесуде теміржол саласының қызметкерлері еліміздің көлік жүйесінің сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз ететін басты буын екені ерекше атап өтілді.


– Мұндай өндірістік жобалар еліміздің көлік-логистика саласын дамытуда маңызды рөл атқарады. Бұл – өңір үшін де үлкен қадам. Жүк тасымалының тиімділігін арттырып қана қоймай, жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға және тұрақты табыс көзін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді халық қалаулысы.


Сондай-ақ депутат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялау бастамасына да тоқталды. Бұл шешім өндірісте маңдай терімен еңбек етіп жүрген қарапайым жұмысшылардың қоғамдағы мәртебесін көтеріп, олардың еңбегіне деген құрметті арттыруға бағытталған маңызды әрі уақытылы шара екені айтылды.


Қазалы – өндірістік даму жолында


Қазалы ауданы соңғы жылдары инфрақұрылымдық және өндірістік даму бағытында бірқатар жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Бұл ретте «Қамқор Вагон» компаниясының жаңа цехының іске қосылуы – аймақ үшін стратегиялық маңызы бар оқиға. Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыру арқылы тек қана экономикалық емес, әлеуметтік тұрақтылыққа да жол ашылады.


Жұмыс сапары соңында депутат аймақтағы өндірістік бастамаларға қолдау көрсетілетінін айтып, ел дамуының негізі – еңбек адамдары екенін тағы да еске салды.


Еліміздің дамуы – өндіріс пен еңбекке құрмет көрсету арқылы ғана мүмкін. Сондықтан мұндай жобалар тек кәсіпорын үшін ғана емес, тұтас аймақ үшін маңызды, – деп қорытындылады сөзін Мархабат Жайымбетов.