Қызылордада «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындарын шағын несиелендірілмек

103

Аймақта ауқымды жобалар жүзеге асуда,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 


Қызылорда облысында ауылдық жерлердің өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында бірқатар бағдарламалар жүзеге асуда. Мәселен,  биыл «Ауыл-ел бесігі» арнайы жобасы аясында 46 елді мекенге 11,6 млрд. теңге бөлініп, 216 жоба жүзеге асатын болады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай мәлімдеді. 


Сондай-ақ биыл облыста ауыл халқының табысын арттыру мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы бастау алды. Жобаның мақсаты- ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда бизнес жобаларды іске асыру үшін үміткерлерге шағын кредит беру. 


-Бүгінде «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындарын шағын несиелендіруге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда ауылдық округтер бойынша 454 жоба жасақталып, 300 жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Ауыл кәсіпкерлігін дамытудағы негізгі проблемалар кепіл мүлкінің өтімсіздігіне байланысты кредиттік ресурстардың қолжетімсіздігі болып отыр. Осыған сәйкес кәсіпкерге жүктемені азайту мақсатында несиеге кепілдік беру тетігі қолданылуда. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен жыл сайын 2 млрд. теңгеден астам қаржы бағытталуда. Мұнан өзге, өңір жастарының кәсіпкерлік бастамасын қолдау және жұмыссыздықты азайту мақсатында биыл 257 жасқа 2,5 пайызбен 1,3 млрд. теңге жеңілдетілген несие берілуде,-деді Нұрғали Рахымшаұлы.


Сонымен қатар «Дипломмен ауылға» жобасы аясында бүгінгі күні ауылдық жерлерде 5526 маман жұмыс істеуде. Олардың тұрғын үймен қамтамасыз етуге және біржолғы   көтерме жәрдемақы төлеуге 17,5 млрд. теңге бөлінді. Ал, биыл 494 маманды ауылдық жерлерге жұмысқа тартуға 2,6 млрд. теңге бағытталды.


НЕСИЕЛЕУ ШАРТТАРЫ:

📍ЖОБАҒА ҚАТЫСУШЫ: Ауыл шаруашылығы саласындағы жеке кәсіпкерлік субъектері.

📍НЕСИЕЛЕУДІҢ МАКСИМАЛДЫ СОМАСЫ: 8 625 000 теңге - 27 600 000 теңге

📍НЕСИЕЛЕУ МӨЛШЕРЛЕМЕСІ: Жылдық 2,5 %

📍НЕСИЕЛЕУ МЕРЗІМІ: 60 ай қарыз алушының жасы зейнет жасынан аспауға тиіс бағыттар бойынша алушыға және т.б. қарыздың ең жоғары сомасы тараптардың келісімі бойынша айқындалады.

📍ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ОБЪЕКТТІСІ: Жылжымалы және жылжымайтын мүлік.

📍САЛАЛАР: Құс шаруашылығы; Өсімдік шаруашылығы; Шағын және орта бизнесті ашу.

📍ӨТІНІШ БЕРУШІГЕ ҚОЙЫЛАТЫН НЕГІЗГІ ТАЛАПТАР:
1)Өтініш берушіде екінші деңгейге банктер және/ немесе қаржы институттары алдындағы міндеттемелер бойынша қолданыстағы мерзімі өткен жарнаның болмауы;
2)Кепілмен қамтамасыз ету құжаттарын тексеру , атап айтқанда барлық ғимараттар заңдастырылуы немесе сол паспортқа сәйкес келттірілуі тиіс;
3)Салықтар және бюджетке төленетін өзге де міндетті төлемдер бойынша салық берешегінің болмауы;
4)Құжаттардың толық пакетін жинағаннан кейін ғана жеке кәсіпкер ретінде тіркелу.


Өңірде «Ауыл аманаты» жобасына биыл 3 млрд теңге қаржы қаралған. Жоба халықтың табысын арттыру, ауыл тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігін және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.

Былтыр Жамбыл облысында басталған пилоттық жоба биыл еліміздің бүкіл өңірін қамтитын бағдарламаға айналып отыр. Соған орай, ауыл халқының табысын арттыру мақсатында қазақстандықтарға микрокредит беріледі.

Микрокредит мерзімі – 5 жыл, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін 7 жылға дейін. Ал ең жоғары сомасы 2,5 мың АЕК немесе 8,6 млн теңге. Зәкірлік кооперацияны дамыту үшін 8 мың АЕК немесе 27,6 млн теңгеге дейін. Сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5%-дан аспайды.

Айта кетсек, бағдарлама әкімшісі – облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы.

Шағын несиені кімдер ала алады?

Микрокредиттер ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда жүзеге асырылатын жобаларға беріледі, яғни, облыс бойынша Қызылорда қаласынан басқа елді мекендердің барлығынан азаматтар өтінім бере алады.

Бұл ретте өңдеу саласына қатысты жылыжайлар, сүт, ет өндірісі, құс және балық шаруашылығы секілді жобалар, өсімдік шаруашылығын, мал шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау және басқа бағыттағы бизнес жобаларды қаржыландыру көзделіп отыр.

Шағын несие алу үшін өтінім беруші жеке кәсіпкер болып тіркелуі керек. Сондай-ақ, кепілмен қамтамасыз етудің, салық органдарында тіркеудің болуы, басқа несиелер бойынша мерзімі өткен жарнаның, мемлекеттік кірістер органдарында берешектің болмауы талап етіледі. Бұдан бөлек, несие алушы зейнеткерлік жастан аспауы тиіс.

Несие алушыда ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер телімі, қора және басқа да қажетті жағдайлардың болуы, ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне мүшелікке кіру және жоба аясындағы өндірген өнімін өндірістік кооперативке өткізу талап етіледі.

Тағы бір айта кетерлігі, «Ауыл аманаты» аясында несие алған азаматтарға негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша 1,5-2 жыл жеңілдік кезеңі де қарастырылған.

Микрокредит қай мекеме арқылы беріледі?

Микрокредиттер сенім білдірілген өкіл арқылы халыққа беріледі. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, сенім білдірген өкіл ретінде «Байқоңыр» ӘКК» ҰК» АҚ белгіленген. Микрокредиттер әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияның бөлімшесі «Өңірлік инвестиция орталығы» микроқаржы ұйымы арқылы беріледі. Мекеме құжаттар, өтінім қабылдау тәртібін анықтап, микрокредит алатын үміткерлерді іріктейді.

Бағдарлама аясында несие алу үшін үміткер «Өңірлік инвестиция орталығына» өтініш, жеке басты куәландыратын құжат, несие тарихы мен есеп туралы ақпаратты беруге келісімі, мемлекеттік және мемлекеттік емес органдарға, БАҚ-қа берілген микрокредит туралы ақпаратты, мәліметтерді және кредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелердің орындалу-орындалмауы туралы барлық мәліметтерді беруге және алуға келісімі, бизнес-жоспар,  қарыз алушының уәкілетті органының микрокредит алу, мүлікті кепілге беру жөніндегі мәмілені мақұлдау туралы шешімі, мүлікті кепілге беру жөніндегі кепіл берушілердің келісімі, қызмет көрсететін банктен шоттың бар екені туралы анықтама, несиелік берешектің болуы туралы анықтама, қарыз алушының жалақысын, өзге де кірістерін растайтын құжат, бағалау туралы есеп, кепіл беруші және кепілмен қамтамасыз ету жөніндегі құжаттарды өткізуі керек.

Айта кетерлігі, сенім білдірілген өкіл үміткер ұсынған құжаттарды өтініш тіркелген күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде қарайды. Құжаттар мен олардағы мәліметтер талапқа сай болмаған жағдайда, себебін көрсете отырып кері қайтарады. Ал несие талаптарына сәйкес құжаттар 15 жұмыс күні ішінде қаралып, микрокредитті мақұлдау не беруден бас тарту туралы шешім қабылданады. Мақұлданған жағдайда үміткермен шартқа қол қойылып, содан кейін микрокредитті оның ағымдағы шотына 3 жұмыс күні ішінде аударады.

Қаржының мақсатты жұмсалуы қадағаланады

Осылайша «Ауыл аманаты» ауыл халқына жеке кәсіп ашуға немесе бұрыннан бар кәсіпті дамытуға мүмкіндік береді. Бұл үшін жеңілдетілген несие мөлшерлемесі енгізіліп, бюджеттен қомақты қаржы бөлінуде.

Атап айтсақ, республикалық бюджеттен бағдарламаға биыл бөлінген қаржы 52,4 млрд теңге. Оған ел бойынша 11 мың микрокредит беру көзделіп отыр. Соның ішінде өңірге 3 млрд теңге қаржы бөлінді. Бағдарлама облыс орталығынан басқа елді мекендердің барлығын қамтитынын ескерсек, бұл аса қомақты қаржы емес. Сондықтан облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес қаржыландыру көлемін ұлғайтуға өтінім берілуде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысы Талғат Дүйсебаев айтты.

Басқарма басшысының айтуынша, микрокредит қаржысының мақсатты жұмсалуы да қадағаланады. Сенім білдірілген өкіл ай сайын ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органға микрокредиттердің нысаналы пайдаланылуы туралы есеп береді.

– Микрокредиттердің нысаналы пайдаланылуына үнемі мониторинг жасалады. Қарыз қаражаты мақсатты жұмсалмаған жағдайда айыппұлдар, қаржыны мерзімінен бұрын қайтару секілді шаралар қарастырылған, – деді Талғат Дүйсебаев.

Қазіргі уақытта «Ауыл аманаты» жобасы бойынша дайындық жұмыстары жүруде. Ал құжат қабылдау алдағы мамыр айында басталады.