Сыр өңірінде жылына 24 мың тонна Қызанақ пастасын дайындайтын зауыт салынады

106

Сыр өңірінде түрік компанияларымен бірлескен жобалар аясы кеңеюде. Екіжақты мүдделестік нәтижесінде аймақта жаңа өндіріс орындары мен нысандар салынбақ,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.


Облыс әкімінің шақыртуымен сенбі күні Қызылорда өңіріне Түркияның  KOÇ Holding компаниясының өкілі Өзгур Бурак Ақколь және отандық «Orbis Kazakhstan» компаниясының басшысы Сухраб Әбдіғаппурұлы Махмудов арнайы келді.

Аймақ басшысының іссапарда болуына байланысты кездесуге облыс әкімінің міндетін атқарушы Мархабат Жайымбетов инвесторлармен бірге Жаңақорған ауданында қызанақ пастасын шығаратын зауыт мәселесін талқылады.

 Облыс экономикасын әртараптандыру бағытындағы ірі жобаларды индустрияландыру бағдарламасы аясында «Қызылорда – Агроплюс» серіктестігінің томат пастасын өндіру жобасы іске асырылуда.

Қызанақ пастасын шығаратын зауыт салу мақсатында биылғы жылы Жаңақорған ауданында 30 гектар жер телімі белгіленді.   

Құны 13,5 млрд.теңгені құрайтын жоба жылына 24 мың тонна томат пастасын дайындауға мүмкіндігі бар. Жобаны қос компания тең көлемде қаржыландырады. Зауыт іске қосылғанда 154 жұмыс орны ашылады. Өндірісті толық  жүзеге асыру 2025 жылға дейін жоспарлануда.

Мархабат Жайымбетов зауыт салу мәселесіне қатысты әкімдік тарапынан қажетті қолдау шаралары жүргізілетінін қаперге салып, бұл жобаның аймақ үшін маңыздылығына тоқталды.

Кездесу барысында зауыттың құрылыс жұмыстарын жүргізу мақсатында нысанның құрылысына инфрақұрылыммен (сумен, газ, электрмен) жабдықтау жобалық-сметалық құжаттаманы жасау мәселелері талқыланды.

Әлемнің 13 елінде қызанақ өнімін өндірумен айналысатын түрік елінің «KOÇ Holding» компаниясымен бірлесіп, биылғы жылы тәжірибеден өткізу үшін  тамшылатып суару арқылы 10 гектар жерге қызанақ дақылы егілді. Қызанақ егістігіне суармалы су Сырдария өзенінен 2 шақырым жерден су құбырымен насос қондырғылары арқылы қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда қызанақтардың шығымдылығы жақсы.

Мұнан бөлек, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, Қызылорда облысының әкімдігі мен «KOÇ Holding» түрік компаниясы және отандық «Orbis Kazakhstan» компаниясының араларында атқарылатын шаралар мен мерзімдері көрсетіліп, төртжақты Жол картасы әзірленіп, бекітілді.

Айту керек, қызанақ пастасын өндіретін зауыт құрылысын келер жылдан бастау жоспарланды.

Еске салайық, биыл түрік инвесторларының қолдауымен республиканың тек екі аймағында ТМД елдерінде теңдесі жоқ заманауи жылу электр орталығының құрылысы салынбақ. Алғашқысы Сыр елінде бастау алып, аймақ жұрты жылу электр орталығының  капсула салу рәсіміне куә болды.