Мұнайшылар 3 күннен бері ереуіл өткізіп жатыр

1 529

Маңғыстауда мұнайшылар 3 күннен бері бейбіт шеру өткізіп жатыр,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Bugin.kz сайтына сілтеме жасап.


Ғаламторда мұнайшылар өкілінің талап айтқан видеосы тарады. Онда:


"Біз, Маңғыстау облысындағы WestOilSoftware жұмысшылары бұған дейін заң аясында өз талаптарымызды қойғанбыз. Ол орындалмай қалды. Осы талаптарды орындамағандықтан, біз конституциялық құқығымызды пайдалана отырып, төтенше шаралар қолдандық.  Атап айтқанда, бүгін, 11 желтоқсанда көшеге шықтық", - дейді.


Мұнайшылардың жаппай наразылығы болған жерде қауіпсіздік күштері өкілдерінің киімін киген адамдар бейнеленген видео да тарап жатыр. Бейнежазбаның сипаттамасында бұл адамдарды "арнайы жасақ" өкілдері деп көрсеткен.


Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы WestOilSoftware компаниясы қызметкерлерінің әрекетіне баға берді. Олардың үш талабының екеуі "еңбек арбитражының отырысында ескертілген" еңбек дауына негіз болмайды деп отыр.

"Жұмысшылардың бір талабы қанағаттандырылды, сондықтан жұмысшылардың ереуілге шығуы еңбек заңнамасына сәйкес, негізсіз болып тұр. Бөлім басшысы аталған кәсіпорын қызметкерлерінің талаптары бойынша еңбек заңнамасының нормаларын түсіндірді. Бұл талаптар дауды және проблемалық мәселелерді шешетін мүмкіндікті қарастыру үшін құрылған келісім комиссиясы мен еңбек арбитражының отырысында қаралды. Осылайша, үш талаптың бірі – көліктер мен арнайы техникаларды жаңғырту "ҚазМұнайГаз" және "Мұнай көлік корпорациясы" компанияларының өкілдерімен бірнеше рет талқыланды. 16 қарашада өткен еңбек арбитражының отырысында көпшілік дауыспен "ҚазМұнайГаз" компаниясы ұсынған бағдарлама бойынша көлік техникасын жаңарту талабын қанағаттандыру туралы хаттамалық шешім қабылданды", - деп хабарлады ведомство өкілі .