380 млн теңге пара сұраған білім бөлімінің экс-басшысы сотталды

1 671

Фото: assembly.kzЖетісу облысында білім бөлімінің бұрынғы бастығы аса ірі көлемде пара алмақ болғаны үшін сотталды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Іс сотта қаралды. Бұрынғы білім бөлімінің бастығы бухгалтер мен оның екі сыбайласының ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырғанын анықтаған. Оларға қатысты жымқыру фактісі бойынша жеке қылмыстық іс жүргізілуде.


“Бөлім бастығы өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, ол бухгалтерден атқарып отырған лауазымын босатуды немесе қамқорлығы үшін 380 млн теңге пара беруді талап еткен. Бухгалтер мен оның сыбайластары 200 миллион теңге жинап, оны көлік жүргізушісі арқылы бөлім бастығына берген. Кейінірек, басшы параның қалған сомасын талап еткенде, бухгалтер құқық қорғау органдарына жүгініп, басшы 80 миллион теңге пара алған кезде ұсталған”, – делінген хабарламада.


Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен, қылмыстық іс материалдарымен және іс бойынша жиналған басқа да дәлелдемелермен расталды.


Прокурор сотталушыны 11 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Сотталушы өзінің кінәсін мойындамады.


Сот жаза тағайындау кезінде сотталушының жас балаларының болуын ескерген. 


“Сотталушы кінәлі деп танылып, ол 11 жылға бас бостандығынан айырылды”, – делінген соттың хабарламасында. 


Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.