Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов жергілікті халықтың қаладағы ашық аялдамаларға қатысты шағымына жауап берді. Сондай-ақ ол жергілікті тұрғындардың "әкім мен шенеуніктер суық күндері аялдамада қоғамдық көлікті күтіп тұрсын" деген талабына қатысты да өз ойын айтты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
ОКҚ алаңында өткен брифингте БАҚ өкілі әкімге қостанайлықтардың шағымын жеткізді.
“Қостанайдың шет жағында тұратын тұрғындардың ашық аялдамаларға қатысты шағымы көп. Қарапайым халық шенеуніктер осындай аялдамаларда ең құрғанда 15 минут тұрып, қоғамдық көлікті күтудің қандай екенін түсінсе екен дейді. Қостанайдың шеткі аймақтарына қаланың орталығы сияқты жылы павильиондар қашан орнатылады? Және мұндай аялдамалардың құны қанша?,- деп сұрады облыс әкімінен БАҚ өкілі.
“Аялдамалардың құнын мен сізге айта алмаймын. Дегенмен, биыл жыл басында қоғамдық көлік жұмысын талқылағанда біз ең алдымен автобус паркін жаңарту мәселесін көтердік. Қазір біз Қарағандыдан 59-ға жуық жаңа автобустардың келуін тосып отырмыз. Оған қаражат қарастырылған. Олардың базасы кеңейтілген, он метірлік. Автобус паркін жаңартумен қатар ондағы орын сандары да кеңейтіледі”,-деді облыс әкімі.
Құмар Ақсақалов жылы аялдамалар мәселесіне де тоқталды. Дегенмен қаланың шеткі аудандарындағы ашық аялдамалар қашан ауыстырылатынын нақты айтпады.
“Талқылаған екінші бір мәселе жылы аялдамалар. Қанша екенін қазір айта алмаймын. Бірақ жылы аялдамалардың қатары артатын болады. Ия сіз орталық бөліктерінде ғана деп дұрыс айттыңыз. Дегенмен жұмыс мұнымен шектелмейді. Барлық жерлерге жылы аялдамалар міндетті түрде қойылатын болады. Мұндай аялдамалар соншалықты қымбат та емес. Сондықтан бұл қолымыздан келеді деп айта аламын”,- деді облыс әкімі.
Әкім халықтың шағымын ескеріп қала шетіндегі ашық аялдамаларды аралап шығуға уәде берді. Сондай-ақ ол өмірінде автобусқа мінгенін және өзінің де суық күндері аялдамада қоғамдық көлікті күткен күндері болғанын айтты.