Телефонды түнде қуаттау қауіпті
Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды электр құрылғыларын, соның ішінде ұялы телефондар мен планшеттерді пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға шақырады, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Ақаулы зарядтау құрылғылары, зақымдалған сымдар, сапасыз немесе сертификатталмаған аксессуарлар қысқа тұйықталуға, құрылғының шамадан тыс қызуына және өрттің шығуына себеп болуы мүмкін.
Әсіресе электрондық құрылғыларды түнгі уақытта ұзақ уақыт бойы бақылаусыз қуаттап қою қауіпті. Құрылғыны төсек, диван, жастық немесе көрпе үстінде қуаттау кезінде жылудың дұрыс таралуы қиындап, оның қызып кету қаупі артады. Сондай-ақ қуатталып жатқан құрылғыларды перде, қағаз және басқа да тез тұтанатын материалдардың жанына қоюға болмайды.
Азаматтар ұйықтап жатқан уақытта ақаулы зарядтау құрылғысы өрттің шығу көзіне айналуы мүмкін. Сондықтан қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңызы зор.
ТЖМ мынадай қауіпсіздік шараларын сақтауды ұсынады: тек жарамды, сапалы және сертификатталған зарядтау құрылғыларын пайдаланыңыз; зақымдалған сымдар мен ақаулы электр жабдықтарын қолданбаңыз; гаджеттерді төсек, диван, жастық, көрпе сияқты жұмсақ жиһаздардың үстінде қуаттамаңыз; қуатталып жатқан құрылғыларды ұзақ уақыт бойы бақылаусыз қалдырмаңыз; құрылғыларды перде, қағаз және басқа да тез тұтанатын заттардың жанына қоймаңыз; қуаттау аяқталғаннан кейін зарядтау құрылғысын электр желісінен ажыратыңыз.
Төтенше жағдайлар министрлігі: өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау – өзіңіздің және жақындарыңыздың өмірі мен қауіпсіздігін қорғаудың маңызды шарты екенін еске салады.
Қаз
Рус






