МӘМС: Облыстық филиал басшысы жаңа заңның жаңалықтарымен бөлісті

2 231

Фото: Қызылорда облысының әкімдігіӘлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Қызылорда облыстық филиалының мәліметіне сүйенсек, биыл өңірдің денсаулық сақтау жүйесіне 117,4 млрд теңге қаржы бөлінді. Оның 57,1 млрд теңгесі тұрғындарға МӘМС аясында қызмет көрсетуге жұмсалды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Жыл басынан бері медициналық ұйымдарда МӘМС есебінен 2 млн-нан астам консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетілген.

– Қаржыландырудың қомақты бөлігі мамандандырылған стационарлық көмек көрсетуге және жоғары технологиялық оталарға жұмсалады. Медициналық мекемелерде биыл 5 айда 105 522 науқас стационарлық жағдайда емделген. Оның 86 мыңнан астамы МӘМС-тің мүмкіндігін пайдаланды. 16 мыңнан астам науқас күндізгі стационарда ем қабылдаған. МӘМС шеңберінде 385 млн теңге есебінен 61 жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсетілген. Кардиохирургия мен нейрохирургия салаларындағы мұндай оталардың құны бірнеше миллионнан бастап 10 миллион теңгеге дейін жетеді. Жалпы биыл қымбат бағалы әрі күрделі 144 отаны қаржыландыру жоспарланған, – дейді филиал директоры Жақсылық Әбдусәметов.

Бүгінде өңірде 686 мыңнан астам адамның сақтандырылған мәртебесі бар. Бұл – тұрғындар санының 83,3 пайызы. Ал сақтандыру мәртебесі жоқ 137,5 мыңнан астам адамның 40,5 мыңнан көбі әлеуметтік осал топқа жатады.

Жуырда Президент Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы жаңа заңға қол қойғаны белгілі. Ол бойынша еліміздің денсаулық сақтау саласы 2027 жылдан бастап кезең-кезеңімен қаржыландырудың сақтандыру моделіне көшеді. Жаңа заң қорға ай сайын жарна құйып отырған қазақстандықтарға не береді? Енді соған тоқталайық.

– Енді жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік әл-ауқат деңгейі бойынша дағдарыстық және шұғыл жағдайдағы (D және E деңгейі) санаттарына жататын азаматтар үшін МӘМС жарнасын төлейді. Ресми жұмыссыздар да сақтандыру жүйесімен жергілікті бюджет есебінен қамтылады. Бұл өңірлердегі халықты жұмыспен қамтуға, әлеуметтік қолдауға мүмкіндік береді. Тағы бір маңызды жаңалық – МӘМС жүйесіне кемінде 5 жыл тұрақты жарна төлеген азаматтар төлемді уақытша тоқтатқан жағдайда да, 6 ай бойы мәртебесін сақтап қала алады. Бұған дейін бұл мерзім 3 аймен шектелетін, – дейді Жақсылық Әбдусәметов.

Филиал басшысы МӘМС жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында келесі жылдан бастап жарна мен аударымды есептеу базасының жоғарғы шегін арттыру ұсынылғанын жеткізді. Соған сәйкес жұмыс берушілер үшін жарна көлемі ең әрісі 40, жұмысшылар үшін 20 ең төменгі жалақы көлемінде есептеледі. Бұдан тек 20 мың жұмысшының жарнасы өседі.

– Олардың айлық табысы 3 млн 400 мың теңгеден жоғары. Бұл – елдегі жалдамалы қызметкерлердің 0,36 пайызы, яғни 850 мың теңгеден жоғары табысы бар адамдар саны  9 пайыз деген сөз. Қызметкерлердің 91 пайызы үшін ештеңе өзгермейді. Мысалы, жұмысшы үшін айлық табыс 1,7 млн теңге болса, жарна сомасы – 34 мың теңге. Жұмыс беруші үшін айлық табыс – 3,4 млн теңге, аударым көлемі – 102 мың теңге. Мынаны ескеруге тиіспіз: жарна мен аударым мөлшері өзгермейді. Жарна есептелетін табыс көлемінің жоғарғы шегі ғана артады. Мемлекет те өз тарапынан төлейтін жарна мөлшерін 2027 жылдан бастап кезең-кезеңімен 4,7 пайызға дейін өсіруді жоспарлап отыр, – дейді филиал басшысы.

Заңның ендігі артықшылығы, келесі жылдан бастап бірыңғай медициналық көмек пакеті қолданысқа енеді. Онкологиялық ауруларға арналған скринингтер мен 8 әлеуметтік мәні бар ауру бойынша консультациялық-диагностикалық көмек азаматтардың мәртебесіне қарамастан тегін ұсынылады. Жаңа пакетке сондай-ақ амбулаторлық диализ, 12 созылмалы ауру бойынша кеңес пен бақылау, амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмек кіреді.