Жұмыс іздеп барып, майданнан бір-ақ шыққан: Қазақстан Ресейге ресми нота жолдады
Қазақстан Ресейде әскери келісімшартқа отыруға мәжбүр болған азаматтарын елге қайтаруға жәрдемдесуді сұрап, Мәскеуге нота жолдады. Бұл туралы Азаттықтың сауалхатына берген жауабында Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мәлім етті, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Ресми құжат Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігіне биылғы 18 қыркүйекте жіберілген. Мәселе Ресейге жұмыс істеуге кеткен Мирас Тасжарғановқа және тағы бірнеше қазақстандыққа қатысты болып отыр.
"2026 жылғы 18 қыркүйекте елшілік Ресей Федерациясының сыртқы істер министрлігіне аталған азаматтардың Қазақстанға қайтуына жәрдем көрсету туралы нота жолдаған", – делінген Қазақстан СІМ жауап хатында.
Бұған дейін Астана тұрғыны Гүлжан Тасжарғанова ұлы Мирастың интернеттегі хабарландыру арқылы Ресейге табыс табуға кеткенін мәлімдеген. Оның сөзінше, жігіт уәде етілгеннен басқа жұмыс істеген, ал кейін оны мәжбүрлеп Ресей Қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отырғызған.
22 қыркүйекте Мирас Тасжарғанов анасымен видеобайланыс арқылы сөйлесіп, өзін соғысқа алынған басқа адамдармен бірге әскери көлікпен Украинаға әкетіп бара жатқанын хабарлап үлгерген. Ол жақындарынан кешірім сұрап, бұл жағдайға қатты өкінетінін айтқан. Қазіргі уақытта Қазақстан азаматының нақты қай жерде екені белгісіз.
Қаз
Рус






