Қазақстан үшін Байқоңыр қажеті шамалы артық жүкке айналғаны ма?
2023 жылы Қазақстан "Роскосмостың" еншілес компаниясының мүлкін бұғаттады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Азаттық сайтына сілтеме жасап.
Украинаға қарсы соғыс ашқалы Мәскеуге салынған санкциялар одан әрі қатаңдап, космонавтика саласына ауыр соққы болып тиді. Бұл Ресей жалға алып отырған Байқоңырға да әсер етті. Ғарыш айлағының жағдайы онсыз да мәз емес еді. Кейінгі жылдары Ресей технология жағынан артта қалып, зымыранды өз аумағынан ұшыруды қолға ала бастаған. Ал, Қазақстан "Роскосмостың" еншілес компаниясының мүлкін бұғаттады. Бұл жайт жағдайды одан әрі ушықтырды. Байқоңырда не болып жатыр? Қазақстан мен Ресей бірлесіп жүзеге асыра бастаған "Бәйтерек" жобасының болашағы бар ма? Бұл туралы "Ғарыш зерттеулері мен технологиялары" журналының бас редакторы Нұрлан Әселхан әңгімеледі.
Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанның толыққанды ғарыш державасына айналмайтыны белгілі болды. Ғарыш саласын дамытуға қатысты жобалардың бәрінде басты серіктесі болып Ресей жүретін. Бұл қалыпты дүние болып көрінді, өйткені солтүстіктегі көрші елде Совет Одағынан қалған ғарыш технологиялары бар еді. Бірақ 2014 жылдан бастап Кремльдің әскери агрессиясына байланысты Мәскеуге қарсы санкциялар салынып, ғарыш саласындағы әріптестік қарқыны бәсеңдеді.
Қазақстан мен Ресейдің бірлесіп қолға алған ең үлкен жобасы – "Бәйтерек" ғарыш-зымыран кешені. Бұл – 20 жылдан бері талқыланып, қағаз жүзіндегі жоспардан әрі аспаған көпмиллиардты жоба.
2004 жылы Ресей және Қазақстан президенттері Байқоңырда "Бәйтерек" зымыран-ғарыш кешенін салу туралы келісімге қол қойды. 2005 жылы бірлескен кәсіпорын құрылды. Құрылтайшылары – ресейлік Хруничев атындағы орталық пен Қазақстан қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік комитеті. Келісім бойынша, Астана Байқоңырдағы инфрақұрылымды жаңартып, ал Мәскеу коммерциялық мақсатта пайдалануға жарайтын зымыран дайындап шығаруы керек еді. Жобаның құны 223 миллион доллар болады деп айтылды, кейін бұл сома жеті есе өсті.
Басында бұл кешенді Ресейдің "Ангара" жүктасығыш зымырандарына арнап салмақ болды. 2012 жылы Украинаның қатысуымен дайындалатын "Зенит" зымыранына көшу туралы шешім қабылданды. 2014 жылы Ресей Қырымды тартып алғаннан кейін "Зенит" зымыранына негізделген жоба аяқсыз қалды. "Бәйтеректі" салу мерзімі кейінге жылжып, "Ангара" зымыранына оралу туралы айтыла бастады. 2017 жылы "Союз-5" зымыранын пайдалану ұсынылды. Қазірге дейін бұл зымыранның бастапқы нұсқасы да құрастырылмаған. Ғарыш-зымыран кешені де модернизациядан өтпеді.
2023 жылы наурыздың басында Қазақстан "Роскосмостың" еншілес компаниясы – Байқоңыр ғарыш айлағының қызметіне және Ресей тарапынан "Бәйтерек" жобасының жүзеге асуына жауапты Жерүсті ғарыш инфрақұрылымын пайдалану орталығымен соттасып жатқаны белгілі болды. "Бәйтерек" бірлескен кәсіпорнының дерегінше, сотқа жүгінуге Ресейдің "Союз-5" зымыранының қоршаған ортаға әсерін бағалау құжатын дайындау бойынша міндеттемесін орындамауы себеп болған. Сот ресейлік орталыққа 13,5 миллиард теңге айыппұл салып, оны уақытылы төлемегені үшін ғарыш айлағындағы мүлкін бұғаттаған.
Ресейлік компания мүлкінің бұғатталуы көп сұрақ туғызды. Мысалы, сот процесі бірнеше рет кейінге қалған "Бәйтерек" жобасына, қос мемлекеттің қарым-қатынасы мен Қазақстандағы ғарыш саласының дамуына қалай әсер ететіні белгісіз. Бұл жағдайды Нұрлан Әселхан талқылап көрді.
– Жерүсті ғарыш инфрақұрылымын пайдалану орталығының мүлкі бұғатталғаннан кейін алыпқашпа сөз көбейді. Тіпті "Ресей Байқоңырдан кетіп жатыр, "Бәйтерек" жобасы тоқтады" деген болжамдар айтылды. Қазіргі жағдайды қалай бағалайсыз?
– Бұл – салмақты мәселе. Ресей жағынан "Бәйтерек" жобасын жүзеге асыру бойынша негізгі ұйым болған Жерүсті ғарыш инфрақұрылымын пайдалану орталығы 2021 жылы кешеннің сызбасын дайындауы керек еді. Жобада кешеннің қоршаған ортаға әсері тақырыбына арналған бөлім бар. Ол бойынша Қазақстанға есеп жіберілген. Бірақ "Бәйтерек" жобасына Қазақстаннан жауапты ұйым жұмыс орындалған жоқ деп тапқан. Тараптар мәселені сотқа дейін шешіп алуға тырысқан. Бірақ былтыр іс сотқа өтіп кетті. Бір қызығы, келісімшарт бойынша, істі Байқоңыр не Астана соты емес, "Астана" халықаралық қаржы орталығының соты қарады. Қарашада сот Жерүсті ғарыш инфрақұрылымын пайдалану орталығына 13 миллиард теңгеден астам айыппұл салды. Осыдан кейін сот орындаушылары компанияның Байқоңырдағы мүлкін бұғаттап, филиал басшыларына қаладан шығуға тыйым салды. Бұл баспасөзде үлкен дау туғызды. 14-15 наурызда мәселенің мән-жайын анықтау үшін Астанаға "Роскосмос" делегациясы келді. Оларға "Өкінішке қарай, Ресей тарапы сот шешімін елемей, апелляция мерзімін өткізіп алды. Енді басқаша келісу керек" деп түсіндірді.
Ресей делегациясы сотқа барып, өзі қалаған жауапты ала алмады. Қазақстандық сот орындаушылары, сот орындаушылары комитеті "Бұл жағдайдан шығудың бірнеше жолы бар, не айыппұл төлейсіздер, не "Бәйтерек" пен ресейлік орталық айыппұл көлемін өзгертуге байланысты келіссөз жүргізеді, не "Бәйтерек" сыйақыдан бас тартады" деді. Бірақ келіссөзден кейін бәрі өз орнында қалды, "Бәйтерек" талабынан бас тартпады, ал ресейлік делегация еліне құр қол қайтты.
Бұл жағдайға қарамастан, Байқоңыр – әлі де Ресейдің бақылауындағы ғарыш айлағы. 2022 жылғы ақпаннан кейінгі геосаяси салдарларды ескерсек, бұл ғарыш айлағының қызметінде кәдімгідей із қалдырды.
– Украинадағы соғыс Ресейдің ғарыш саласына қалай әсер етті?
– Байқоңырда бірнеше жылдан бері OneWeb жобасы аясында байланыс спутниктерін ғарышқа жіберу бойынша халықаралық бағдарлама жүзеге асып келді. 2022 жылы 4 наурызда Ресей спутниктердің кезекті партиясын ұшыруға дайындалып жатқанда Батыс елдерінен "Бұл құрылғыларды әскери мақсатта пайдаланбаймыз" деген құжатқа қол қоюды және Ұлыбританияны құрылтайшылар қатарынан шығаруды талап етті. Батыс елдері бұл талаптарды орындай алмаймыз деді. Өйткені бұған дейін Байқоңыр мен Ресейдің Восточный ғарыш айлағынан спутник ұшыру кезінде мұндай қосымша талаптар қойылмайтын. Ресей зымыранға тиелген спутниктерді алып, Байқоңырдағы жөндеу-сынақ алаңдарының біріне апарып тастады. Яғни бұғаттады. Бұл мәселе әлі күнге дейін шешілмеді.
Оның үстіне, Ресейдің "Бәйтерекпен" жұмыс істейтін бірнеше кәсіпорны санкцияға ілігіп қалды. Екі жыл бұрын "Союз-5" зымыранын жасап шығаруға тиіс, "Бәйтерек" жобасының жүрегі деп есептелетін "Прогресс" зымыран-ғарыш орталығына санкция салынғанын айтып едік. Енді "Бәйтерек" құрылтайшыларының бірі Хруничев орталығы, Лавочкин атындағы үкіметтік емес ұйым және басқа да ұйымдар АҚШ пен Еуроодақтың санкция тізіміне енді. Бұдан қандай қорытынды шығады? Біріншіден, Ресей өз бағдарламасын жүзеге асырып жатыр, бірақ халықаралық әріптестік тоқтады деуге болады. Екіншіден, көп жыл бойы "Бәйтерек" жобасын жүзеге асыруға тырысып келген Қазақстан бұл зымыранға басқа елдерден клиент таба алмайтынын түсініп отыр. "Союз-5" бағдарламасы да жүзеге асыру барысында қатты өзгеріп кетті. Ол кезінде көп қызмет түрін ұсынатын, ауқымды жоба түрінде жоспарланған. Бірақ кейінгі жылдары үлкен тасымал құралы құрастырылмайтыны, Ресей "Союз-5" зымыранымен ғарышқа экипаж жібермейтіні, санкцияға байланысты коммерциялық тапсырыстар жасалмайтыны белгілі болды.
Қазақстанда Астана түбіндегі ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешені пайдалануға берілгелі жатыр. Бұл орталық жер серігін құрастырып, сынақ жүргізіп, Airbus компаниясымен бірлесе отырып, еуропалық технология бойынша дайын спутниктер шығарумен айналысады. Бірақ Батыстағы серіктестердің көмегімен шығарылған спутниктерді "Бәйтерекке" пайдалана алмаймыз. Технология кімге тиесілі болса, лицензия мен авторлық құқық та сол мемлекетте болады. Олар спутникті "Союз-5" зымыранымен ұшыруға рұқсат етпейді. Өйткені интеграция үшін конструктив деректер алмасу керек. Бұл парадокс туғызады. Бізде заманауи аппарат шығаруға мүмкіндік бар, бірақ "Бәйтерек" ішінен тұйықталған жүйе сияқты. Қазақстанда жасалған спутниктер үшін қуаты бойынша "Союз-5" зымыранына сәйкес келмейді. Зымыран орбитаға 17 тонна жүк апарады, ал отандық спутниктер үшін ең үлкен салмақ 6 тонна болады.
Неге бұлай болды? "Бәйтерек" жобасы 2004 жылы әлемдік нарықта Байқоңырдан ұшатын "Протон" зымыранының дәуірі жүріп тұрған кезде басталды. Ресей мен Қазақстан жаңа зымыран жасап шығарсақ, "Протонның" бүкіл халықаралық тапсырыстары "Бәйтерекке" өтеді деп үміттенді. Енді не болғанын өзіңіз де көріп отырсыз.
Байқоңырдың жағдайы белгісіз. "Бәйтерек" жобасының жүзеге асуы екіталай. Байқоңыр Ресейге ғана жұмыс істеп жатыр. Ғарышқа ұшу азайды. Биыл тоғыз зымыран жіберу жоспарланған, оның төртеуі ұшырылды. Тағы бір мысал: 2025 жылға дейін ұшырылуы керек 11 "Протон-М" ауыр зымыраны қалған. Өйткені 2025 жылдан кейін Қазақстан улы отын пайдалануға тыйым салған. Биыл екі "Протон" ғана ұшырылды. Келесі жылға әзірге жоспар көрінбейді. Зымыран бар, бірақ оған артатын жүк пен спутник жоқ. Сондықтан Байқоңыр шешуді қажет ететін мәселеге айналып бара жатыр.
– "Бәйтерек" – ішінен тұйықталған жүйе" дедіңіз ғой. Космонавтика – халықаралық сала, ол өз-өзіне тұйықталып, шетелдік серіктестердің коммерциялық ұсыныстарынсыз өмір сүре алмайды. Дұрыс қой?
– Дұрыс. Әсіресе нарықта орбитаға аппарат шығару сияқты жоғары технологиялық қызмет ұсынып жатсаңыз, бұл өте маңызды. Халықаралық әріптестік болмаса, зымырандарыңыз ішкі нарыққа ғана жұмыс істейді. Ондай мемлекеттік тапсырыстар сирек болады, сәйкесінше кешен қызметі өзін ақтамайды.
Ресей біртіндеп "Бәйтеректен" алшақтай бастағанын байқадық. Бір жарым жыл бұрын Қазақстан тарапының "Бәйтерек" акциясындағы шығындарына конверсия жүргізілді. Қазір жобаның 98 пайызы Қазақстанға тиесілі, Ресейдің үлесі – 2 пайыз ғана. Бұл – біріншіден. Екіншіден, Ресей қазір –соғыс пен дағдарыс жағдайында өмір сүріп жатқан мемлекет. "Роскосмос" басшысы Борисов мырзаның мәлімдемелеріне қарасақ, Ресей, бір жағынан, дерек жіберіп, екінші жағынан, соғысқа жұмыс істейтін спутниктер шығаруға басымдық беріп отыр.
"Роскосмос" үшін тағы бір маңызды дүние – ғарыш техникасын құрастыру үшін электрон бөлшектер жеткізу. Кейінгі жылдары Ресей спутниктерінің бәрін Батыстан алынатын бөлшектерден құрастырып келді. Қазір санкция жағдайында бұл бөлшектерді өзі өндірудің, Қытайдан сатып алудың не жанама импорт арқылы басқа елдерден жеткізудің ретін таппай отыр.
Ресей ғарышқа экипаж жіберетін бағдарламасын сақтап қалғысы келеді. Әзірге халықаралық ғарыш станциясынан кетпейді. 2028 жылға дейін сонда қалады. Сондықтан Ресей Байқоңырдан кеткелі жатыр деген болжамдарды қоя тұру керек. Мәскеу қазіргідей әрекет ете береді. Ол үшін алдағы бес жылда Байқоңырдан "Союз-МС" ғарыш кемесіндегі "Союз-2" зымырандарымен экспедициялар жасайды.
Ресейдің зымырандарын Восточный ғарыш айлағынан ұшыру жоспары әзірге орындалмайды. Өйткені оған көп ресурс керек. Восточный ғарыш айлағынан ұшырылатын "Ангара" зымыраны әлі сынақтан өтіп жатыр. Былтыр бірде-бір зымыран ұшқан жоқ. "Орел" басқарылатын ғарыш кемесі қашан дайын болатыны белгісіз. Соғыс өз жоспарын көрсетті деген мақалдағыдай қазіргі жағдай Ресейдің мүмкіндігі шектеулі екенін айқындады. Сондықтан алдағы жылдары Ресей Байқоңырдан зымыран ұшыра береді.
– Қазақстан қазіргі жағдайда қайткені дұрыс?
– Қазақстан ақыры өз азаматтарын қорғау мәселесін шешіп, Байқоңыр қаласының мәртебесін анықтауы керек сияқты.
Байқоңырда 5-10 жыл бұрын елестетудің өзі қиын болған даулы оқиғалар болғанын білесіз. "Арнайы әскери операцияға" (Мәскеу Украинадағы соғысты осылай атайды – ред.) баратын еріктілер жасақталғаны жарияланды "Арнайы әскери операцияны" қолдайтын митингілер, іс-шара, кездесулер – бәрі Байқоңырды Ресей жалға алып отырғандықтан өтті. Дегенмен бұл қала Қазақстандікі және, әрине, мұндай үндеулерге қатысты белгілі бір шиеленіс бары анық.
Қазақстан қаланы өз иелігіне қайтару мәселесін жеделдетуге тиіс. Сонда мектептерді кім қаржыландырады, неге қазақстандық бағдарлама жоқ деген сияқты сұрақтар шешіледі. Байқоңыр қазірдің өзінде Қазақстан газымен қамтамасыз етіледі, жекелеген нысандар бар, бірақ тұрғын үй кешендерін, сауда орындарын, әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін салуға мүмкіндік жоқ. Себебі оған арнайы рұқсат алу керек. Қаланы Қазақстан иелігіне қайтару осы мәселелердің шешілуіне ықпал етеді. Бірақ ресейлік мамандардың тұруына, қызмет етуіне ешқандай шектеу қойылмайды. Олар қалай өмір сүрсе – солай өмір сүреді. Бірақ халықтың төрттен үш бөлігі – өз азаматтары тұратын қаланы Қазақстан өз жауапкершілігіне алуы керек.
Екіншіден, "Бәйтерек" жобасы тұтқасы жоқ шабадан сияқты. Қазір "Зенит" кешенінен қалған ескі нысандарды бұзып, әлі құрастырылмаған "Союз-5" зымыранына арнап ұшыру кешенін салу керек. Қазақстанға ғарыш саласында қолданылмайтын, әлемдік нарыққа шыға алмайтын зымыранның не қажеті бар? Тағы бір маңызды деталь: біз үлкен жобаның бөлігі саналатын кешен салып жатырмыз. Бұл жерде қарсы тарапқа тәуелдіміз. Зымыран дайын бола ма, "Союз-5" Қазақстанға қандай бағада сатылады? Бұл сұрақтарға әзірге жауап жоқ.
– Бұл жағдайдан мейлінше оңай шығудың жолы бар ма? Ресейдің жекелеген тұлғалары мен басылымдары қазіргі процестерге саяси сипат беріп жатыр. Мысалы, олар Қазақстан мен ресейлік орталық арасындағы сотқа британ судьялары төрағалық еткенін сынады.
– Бірқатар ақпарат құралы, жекелеген басшылар, мемлекеттік дума өкілдері "Қазақстан дұрыс саясат жүргізіп отыр ма?" деген мәселені жиі талқылайды. "Бәйтерек" пен Жерүсті ғарыш инфрақұрылымын пайдалану орталығы арасындағы келісімшартта кикілжің туған жағдайда, істі британ құқық жүйесіндегі сот қарайды деп жазылған. Өз қолыңмен қол қойған құжатқа да бір қарап қою керек. Сотқа ресейлік ұйымнан "Астана" халықаралық қаржы орталығындағы сот шешімдерінің құқықтық күші жоқ" деген хат келгені нағыз парадокс болды. Орталық өкілі сотқа келіп қатысқан жоқ. Енді шешім қабылданып қойғаннан кейін апелляция туралы айта бастады. Ал апелляциялық шағым беру мерзімі өтіп кеткен. Бұл қос тараптың ерікті түрде мойнына алған міндеттемелерін орындауға құлықсыздық танытып отырғанын білдіреді. Бір жағынан, Қазақстан заңдары бойынша жұмыс істегісі келмегенінің көрінісі сияқты. Ресей делегациясы осы жағдайдан сабақ алса, мәселені бірлесіп шешуге болады деп ойлаймын. Бірақ қос тарапқа да керегі болмай қалған жоба бойынша тағы да келіспеушіліктер тууы мүмкін.
Былтыр Ресей жоба құнын 40 пайыз көтеруді ұсынды. Бұл үшін ресейліктер ұсынған деректер негізінде техникалық-экономикалық негіздемені қайта жазып шығу керек. Ресей бұл деректерді 10 наурызға дейін жіберуі керек еді. Бірақ деректер келмеді. Осыған дейінгі кикілжіңді шеше алмай жатып, тағы бір міндеттеме орындалмағанын көріп отырмыз. Кейінгі мәселелер бейбіт жолмен шешіліп қалар. Бірақ үлкен дауда басы бірікпеген тараптардың кіші мәселелерде ортақ пікірге келуі екіталай.
– Ресей Қазақстан өзін Байқоңырдан қуып жатқандай жеткізді. Ресей Байқоңырда қала ма?
– Мәселе Ресей мен Қазақстан арасындағы келіспеушілікте не Мәскеуді Байқоңырдан қуып шығуға талпыныста емес. Осыны ерекше атап өткім келеді. Ресей халықаралық ғарыш станциясымен жұмыс істеп, Байқоңырдан экипаж бен жүк жіберіп тұратын сияқты. Бұрынғыдай көп болмаса да, зымыран ұшыру тоқтамайды. Алдағы бес жылда осыған куә боламыз. Сенсация болмайды.
Бірақ "Бәйтерек" Қазақстан үшін қажеті жоқ артық жүк болып отыр. Ресейге де керегі шамалы сияқты. Жаңа типтегі "Союз-5" зымыранын жасап шығару идеясы бейбіт кезеңде қолға алынды, ол кезде әлемдік нарыққа шығуға мүмкіндік бар еді. Қазір бәрі өзгерді. Ресейдің ресурсы "Ангара" зымыранын құрастыруға кетіп жатыр, басқасына қуаты жетпейді. Сондықтан қос тарап сот процестерін күтпей-ақ, шиеленісті арттырмай, жобаны тоқтатып не жауып тастаудың жолын табуы керек.
– Қазақстандағы ғарыш саласының болашағын қалай көресіз? Қазіргі жағдай оның дамуын баяулатпай ма? Ғарыш державасына айналамыз деген мақсатымызды шетке ысыра тұрамыз ба?
– Шынында Қазақстанға 2004 жылғы мақсаттарынан бас тартуға тура келетін сияқты. Қазір иллюзиялардан алыстай бастадық. Байқоңырда шетелдік спутниктер бұғатталады деп ешкім ойлаған жоқ. Осыдан кейін әлі біраз уақыт ешбір мемлекет Байқоңырдан спутник ұшыруға келісе қоймайтыны анық.
Бізге құжат жүзінде ғана ғарыш державасы болудың қажеті жоқ. Елге Қазақстанның ауыл шаруашылығы, экономикасы мен қауіпсіздігіне жұмыс істейтін қолданбалы космонавтика керек. Ол үшін халықаралық серіктестер көмегімен ғарыш аппараттарын жасап, спутниктен алынған деректерді өңдеп үйренген жөн. Ғарыш аппараттарын жобалаудан бастап мемлекет пен нарыққа қызмет ететін сервистер енгізу мақсатында спутниктерден ақпарат алуға дейінгі толық цикл жұмысын жолға қойған маңызды. Сондықтан қазір Байқоңырға, зымырандарға қарап, олар Қазақстанның жоспарларына қаншалық сай келетіні көрініп жатыр. Нәтижесінде таудай мақсаты болмаса да, негізі бар бағдарлама шығады деп үміттенемін. Кей жерде Байқоңырға баса назар аударып отырғанымыз түсінікті. Бірақ Ресеймен жұмыс істей береміз, оны ешкім қуып жатқан жоқ.
– Қазақстанда екі түрлі таңдау ғана бар сияқты: не Ресеймен ғана жұмыс істейді, не өз ғарыш аппаратын шығарып, халықаралық серіктестер табады. Солай ма?
– Екеуін де қатар алып жүру керек. Бізде Батыс технологиясы бойынша дайындалған аппараттар болса, оны ресейлік зымырандарға тиеп, ұшыра алмаймыз. Ол үшін шетелдегі ғарыш айлақтарының бірімен келісімге отыру керек. Ұлттық Жерді қашықтан зондтау жүйесін құру кезіндегі әдісті қайталауға болады. Бұл жүйеге үш аппарат кіреді, олар әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр. Үшеуін де халықаралық серіктестеріміздің көмегімен ұшырғанбыз. Әзірге спутник ұшырудың осы жолы болады, бірақ бұл жеткіліксіз. 10 жылдан кейін жеңіл зымыран тасымалдаушы құралы болуы керек. Шағын аппараттар болса да, өз құралдарымызды шығарып, ғарыштағы тәуелсіздікке қол жеткізген маңызды.
Одан бөлек, Ресейде "Союз-2" зымыраны қалады. Ол әлі ұзақ қызмет етеді. "Роскосмос" оны алмастыратын ештеңе ойлап тапқан жоқ. Ұшқыш басқаратын зымыран көмегі қажет болса, Ресейдің "Союз-2" зымыранын жалға аламыз. Әріптестіктің бұл түрінен де бас тартуға болмайды.