Жазушы Мұхтар Әуезов тұрған үйге байланысты дау шықты

1 506

Фото:© Zakon.kzСемей қаласында жазушы Мұхтар Әуезов тұрған үйге байланысты дау шықты бірнеше жыл бойы бұл ғимарат мемлекет қорғауында болған, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агентігі kaz.zakon.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазір екі ғасырға жуық тарихы бар үй тұруға жарамсыз. айналған. Тұрғындар КТК арнасына берген сұхбатында ескі ғимаратта өмір сүрудің қиындап кеткенін айтты. Ағаштан салынған екі қабатты үйдің қабырғалары ылғал тартып, үгітіліп жатыр. Өрттен кейін нысанның жағдайы күрт нашарлап, кей пәтерлер тұруға жарамсыз күйге түскен. Бұл үйде 40 жылдан астам тұрған Нұрбатима Қапышева қазір туыстарын жағалап жүр. Тұрғындардың сөзінше, олар баспананы не жөндей алмайды, не сата алмай отыр.

"Үйді ешкім сатып алғысы келмейді. "Мұнда Мұхтар Әуезов тұрған, бұл музейлік, архивтік үй" дейді. Сондықтан бұзуға болмайды. "Онда жөндеуге көмектесіңіздер" десем, "жоқ, жөндей алмаймыз, қаласаңыз сотқа жүгініңіз" дейді. Мен бұл жаста сот жағалап жүре алмаймын",-Нұрбатима Қапышева

Тұрғындар үйді өз күштерімен қалпына келтіру өте қымбат екенін айтады. Мұнда қарттар мен көпбалалы отбасылар тұрады. Өрттен кейін қабырғаларда көгеру пайда болып, ғимараттың жағдайы одан әрі нашарлаған. Жүргізілген сараптама ғимаратты қалпына келтіру мүмкін еместігін көрсеткен. Жылдар бойы жасалған жөндеулер мен қосымша құрылыстар оның бастапқы келбетін өзгерткен. Осы себепті нысанды тарихи ескерткіштер тізімінен шығару туралы шешім қабылданған.

"Шілде айында бұл жерде үлкен өрт болды, жоғарғы қабат толық жанып кетті. Барлық сараптамалар жүргізілді. Соның нәтижесінде облыстық комиссия бұл нысанды ескерткіштер тізімінен алып тастау туралы шешім қабылдады. Мұхтар Әуезов студент кезінде осы пәтерде тұрған. Дәл сол пәтер өрттен жанып кеткен", -Абай облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығының директоры Бекзат Ахметбаев

Бір айдан кейін ғимараттан қорғау тақтайшасын алып тастау жоспарланып отыр. Осыдан соң тұрғындар баспананы сатып, басқа үй алуға мүмкіндік алады. Ғимарат сатылған жағдайда оны бұзу мәселесі де қарастырылуы мүмкін.