Қызылордадағы ауыз су мәселесі қалыпқа түсер емес

718
Қаламызда бір қалыпқа түспейтін ауыз су мәселесі тұрғындардың наразылығын тудыруда,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
 


Ауыз су деп – иісі, дәмі, мөлдірлігі және химиялық құрамы адам организмі үшін қауіпсіз болып табылатын табиғи суды айтамыз. Алайда, қызылордалық тұрғындардың тұтынуындағы  ауыз судың сапасы сын көтермей отыр. Олай деуге басты себеп, қаламыздың әр түкпірінен берілген  ауыз судың сапасына сын айтушылар мен наразылық білдіруші тұрғындар саны күннен күнге артып келеді.


Адам денсаулығы ауыз судың сапасына тікелей тәуелді десек, экологиялық аймақ деп танылған облысымыздың орталығында адам денсаулығына едәуір зиян келтірілуде.
Расында, қанша мәрте тұрғындар тарапынан шағым білдірілсе де өңіріміздегі судың мәселесі жөнге келер емес. Тұрғындардың үйлеріндегі ағып тұрған ауызсуы кәріз суына айналғандай.


Атап айтқанда, “Арай” мөлтек ауданы, Алмалы көшесінің тұрғындары үйлерінде тұтынуға берілген ауызсудың құбырынан лас судың ағып тұрғанына екі аптаға жуық уақыт өткендігін айтуда.
Тұрғындардың айтуынша,  құбырдан аққан судың өзіне тән жағымсыз иісі бар екендігі және де түсінің өзгеріске ұшыраған. Тіпті лай сумен ас ішпек түгілі жуынуға қорқып отырғандарын да жасырмады.
 
Арай мөлтек ауданы, Алмалы көшесінде 2 апта бойына, осындай лас су ағып жатыр. Не сұмдық мынау? Берілген таза су үшін төлеген ақымызды өтемей отыр. Сапасыз лас суды қалай пайдаланамыз? Ал, тиісті мекемелерден мардымды жауап ала алмай отырмыз,- дейді тұрғын.


 
Ал, “Шұғыла” мөлтек ауданының тұрғындары ауыз судың ағымы күшінің аздығын жеткізді. Ал, жоғарғы қабаттарға тіпті, тамшылаған күйі беріліп жатыр дейді тұрғындар.
 
Шұғыла мөлтек ауданы 51 тұрғын үйде су өте нашар ағуда. 2 ай бұрын да осы мәселе болған, енді қайтадан қайталануда. Ас бөлмемізде ыды-аяғымызды жууға қаншама уақыт кетеді. Төлемі уақытылы төленуде, ал берілген судың түрі болса осы. Масқара ғой, шара
қолданыңыздар,- дейді қала тұрғыны Алия.


 
Облыс орталығын ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған мекемелердің бірі "Қызылорда су жуйесі" МКК-сі мамандарының айтуынша,
 
Қазіргі таңда Арай мөлтек ауданында "Қызылорда су жуйесі" МКК мамандарымен ауыз су жүйелерін тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. “Шұғыла”  51 көппәтерлі тұрғын үйге қатысты кәсіпорнының мамандары су құбырындағы қысымды тексерді. Тексеру нәтижесінде жертөле сымдарында ауыз судың қысымы 2,1 кг/см2 болғаны анықталды, бұл үй ішіндегі көтергіштерге байланысты МКҚК баланс бөліміне сәйкес «Қызылорда су жуйесі» қызмет етеді. Осыған байланысты, “Шұғыла” 51 тұрғын үйінің тұрғындары жергілікті пәтер иелері кооперативіне хабарласуы қажет,- деп атап өтті «Қызылорда су жуйесі» жауапты маманы.


Қазіргі таңда ауыз су басты мәселелердің тізімінен түсер емес. Жауапты мекемелердің жауабына сүйеніп, алдағы уақытта тұрғындардың суға қатысты пікірлері дұрысталар деген ниеттеміз.