Саябақ аумағынан жалбыз жинаған ер адам айыппұл арқалады

1 504

Фото: ©саябақІле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде жабайы өсімдік жинаған адам анықталды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.

Ол арнайы рұқсатсыз шамамен 2,5-3 келі жалбыз жинаған. Оқиға ұлттық саябақ аумағын патрульдеу кезінде анықталған. Қызметкерлер азаматтың дәрілік өсімдікті орман билеті және тиісті рұқсат құжатынсыз жинағанын анықтаған. Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ерекше қорғалатын табиғи аумаққа жатады. Мұнда табиғи ресурстарды пайдаланудың арнайы тәртібі белгіленген. Ұлттық саябаққа бару ережесіне сәйкес, жабайы өсімдіктерді өз бетінше жинауға және табиғи ортадан алуға тыйым салынған. Сонымен қатар мемлекеттік ұлттық табиғи парк аумағында белгіленген тәртіпті сақтамай ағаш және шөптесін өсімдіктерді зақымдауға, жеміс-жидек пен тұқым жинауға болмайды.

“Мұндай шектеулер табиғи экожүйелер мен биоалуантүрлілікті сақтауға бағытталған. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтың қорғау режимін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Ұсталған азаматпен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қазір оған қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 375-бабы 4-бөлігі (Кеспеағаш аймағын бөлудің және таксациялаудың белгіленген тәртібін бұзу) бойынша хаттама рәсімделіп жатыр”, – делінген хабарламада. 

Саябақ өкілдерінің айтуынша, келтірілген залал көлемі шамамен 10 мың теңге деп бағаланған. Ал құқық бұзушыға 129 750 теңге көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.