"Улы қалдық экологиялық зардапты одан бетер ушықтырады": Аралдықтар сода зауытының салынуына қарсы
241
Осыдан біраз жыл бұрын Қызылорда облысына қарасты Арал өңіріне "Кальцийлендірілген сода зауыты" құрылысын салу жайы көтерілген болатын. Дегенмен жергілікті жұрт өндіріс орнының салынуына сол кезден бастап-ақ үзілді-кесілді қарсы білдіруде, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Жуырда Қызылорда облысының жаңа әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың аталмыш жобаны іске асырушы мекеме "Аралтұз" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Дәурен Мұқашовпен кездесуінде зауыт жайы тағы талқыға түсті. Жиналыста халық наразылығына қарамастан өндіріс орны салынатыны нақты мәлім болды. Кездесуде "Бизнестің жол картасы-2025" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде бұл жоба іске қосылса жылына 300 мың тонна өнім өндірілетіні межеленген. Жалпы өндіріске қажетті шикізатпен қамту мақсатында кен орындарын игеруге рұқсат беріліп, зауыт құрылысын жуық арада бастау көзделуде.Негізінен бұл жоба 2015 жылдың 1-ші жартыжылдығында сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі қорытынды есебінде көтерілген болатын. Содан бергі уақытта қоғамның қызу талқысына түскен бұл жобаны салғызбауға ниеттілер қатары арта түсті.
Химиялық сода зауытының зиянды екенін айтып, наразылық танытып жүрген "Тұран ойпаты-Арал теңізі" қоғамдық бірлестігінің мүшелері осы мәселеге орай өз ойларын ашық айтып, түрлі жиындар өткізіп, халықаралық ұйымдарға хат та жолдаған. Алайда әзірге көңіл көншітерлік нәтиже болмай тұр.
"Бұл мәселе бойынша ең алғашқы қоғамдық тыңдау 20 шақты адамның қатысуымен өткен болатын. Осы жобаны жүзеге асыру жайы қозғалған сәтте бұрынғы теңіздің ұлтанындағы Сарышығанақтың бойына соданың қалдығын төгу мәселесі елді қатты алаңдатты. Себебі мұның әсерінен онсыз да экологиялық апат аймағы саналатын өңірдің табиғаты одан бетер бүлінетіні белгілі болды. Алайда жобаны жүзеге асырушы мекеме "Аралтұз" АҚ тарапынан қалдықтар төгетін орынға арнайы бөгет салынып, қоршауға алынып, теңіз суын ластамау мақсатында шаралар жүргізілетіні айтылды. Яғни, арнайы шұңқырларға содадан бөлінген шаң суға араластырып көмілетінін мәлімдеді. Алайда оның зиян еместігі нақты дәлелденбей тұр. Осы жайында қарсылық танытып, 2019 жылы қоғамдық тыңдау өткіздік. Алайда бұл әрекетімізден әзірге нәтиже болар емес" - деп түсіндірді қоғамдық бірлестік Президенті Көлбай Данабай.
Негізінен дерек бойынша аталмыш зауыт іске қосылса өндірілген 1 тонна содадан 10 куб зиянды заттар шығады екен. Яғни бір жылда 300 куб шаң бөлінеді деген сөз. Ал бұл зиянды қалдықтың өңірді қаншалықты улайтынын осыдан-ақ бағамдай беруге болады. Әлемдік ғалымдардың пікіріне сүйенсек, мұндай қалдықтардың қоршаған ортаға, өсімдіктерге әсері орасан. Ал бұл адам денсаулығына әсер етпей қоймайды дейді, наразы жұрт.
"Онсыз да экологиялық аймақта тұрып жатырмыз. Сондықтан да мұндай химиялық сода зауытын салуға түбегейлі қарсымыз. Былтыр "Байтақ" экопартиясымен бірлесіп халықаралық конгресс өткіздік. Оған шетелдіктер, ғалымдар, БҰҰ-нан өкілдіктер, барлығы 100-дің үстінде адамдар қатысты. Сол жиында бұл жобаны салуға болмайтыны кеңінен талқыланып, қарар қаралды. Бұл қарар президентке жолданды. Одан да нәтиже болмады. Жер-жерде түрлі конвенциялар да өткізілді. Өз кезегінде біз әлеуметтік сауалнама да жүргіздік. Сауалнама негізінде 2500-дің үстінде зауыттың салуына қарсылық танытқан қол жиналды. Осындай жәйттерді қаперге ала отырып, өз қарсылығымызды тоқтатпаймыз. Заңды митингілер ұйымдастыру арқылы өз наразылығымызды таныта беретін боламыз", – деп "Тұран ойпаты-Арал теңізі" ҚБ президенті өз ойын толықтырды.
Осы мәселе төңірегінде Қызылорда облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасы бүгінде зауыт құрылысын жүргізу бағытында бірқатар нақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Ведомство мәліметінше, жобаны іске қосу зауыттың өзінде 700 жаңа жұмыс орнын және сервистік компанияларда 500-ден аса жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, синтетикалық жуғыш заттар, ас содасы, қалдықтарды өтелдеу секілді 6 ілеспе өндірістерін ашып, 260 жұмыс орны құрылатын болады.
“Бұл өндірістер облыста химиялық кластер құруға жағдай жасайды. Осы орайда шлам сақтау қоймасының жобасына экология департменті қарсылық білдірген. Осыдан кейін, жоба бастамашысы үлкен және кіші сарышығанақты бөлетін бөгеттің топырақпен көтеру құрылысын қарастырды. Жобаға сәйкес қоршау бөгеттерінің биіктігі 6 метр болса, ұзындығы 52,50 метр деп жоспарланған. Ал қойма биіктігі 1,8 метр қоршаумен қоршалатын болады. Осының негізінде теңіз суы 52 метрге дейін көтерілген жағдайда шлам қоймасын су басып қалу қаупі болмайды. Бұл жобаға 2020 жылы экология департаменті оң қорытынды берді. Ал аудан тұрғындарына жобаның экологияға тигізетін әсерін түсіндіру мақсатында жоба бастамашысының, жергілікті атқарушы органдардың және аудан ардагерлері мен қоғам белсенділерінің қатысуымен қоғамдық тыңдау өткізілді", - деп мәлімдеді басқарма өкілдері.
Құзырлы орынның берген мәліметіне сүйенсек, бүгінде мемлекеттік қолдау шарасы ретінде зауытқа - 100 га жер бөлінсе, шламсақтау қоймасына - 502 га жер телімі берілген. 2021 жылы жоба құрылтайшысы ретінде "Қазақстан-Гонконг БК "АралСода" ЖШС-і құрылған. Бүгінгі күні құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігер компания анықталып, қосалқы мердігер ретінде жергілікті кәсіпорындар тартылатын болады. Сондай-ақ жобаға қажетті инженерлік инфрақұрылымдар "Бизнестің жол Картасы – 2025" бағдарламасы аясында жеткізіліп жатқандығын мәлімдеді.