Көп балалы отбасылар мен мүгедектерге былтыр берілген тұрғын үй қирап қалды
Түркістан облысы Қазығұрт ауылындағы екі қабатты үйден бірнеше отбасы шұғыл эвакуацияланды. Бір жыл бұрын берілген ғимараттың бір бөлігінің қабырғасы қақ айрылып, едені опырылып кеткен, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Телеарна мәліметінше, құрылысты қабылдап алған әкімдік бар кінәні тұрғындарға артып отыр. Себебі кәріз суын дер кезінде құрғатпай, баспананың астына су жиналған дейді шенеуніктер. Қазір құлаудың алдында тұрған үйге сараптама тағайындалды. Қосқабатты үйлер Қазығұрт ауданында баспана кезегінде жылдап тұрған мүгедектер, көпбалалы отбасылар мен жетімдерге бір жыл бұрын ғана берілген. Бірақ баспаналы болғандардың қуанышы көпке созылмады. Екі күн бұрын әуелі подъездің қабырғасы шатынап, артынан едені опырыла бастаған.
Тілші хабарлауынша, тұрғындар қарама-қарсы орналасқан мемлекеттік қызметкерлерге арналған үйге көшірілген. Тұрғындар бұл баспанаға қайта оралғысы келмейтінін айтады. Себебі, сау қалған пәтерлерлердің қабырғасында да сызаттар пайда бола бастаған. Кішкентай ғана сызаттан пайда болған үй екі апта ішінде енді құлағалы тұр. Мұнда тұрып жатқандар жарықтың сағат сайын үлкейетінін айтады. Былтыр ғана көшіп келген тұрғындар жыл бойы "үреймен өмір сүрдік" дейді.
Ал баспананы қабылдап алған шенеуніктер қирағалы тұрған үйдің құрылыс сапасынан бір жыл бойы "мін таппадық" дейді. Сондықтан бар кінәні тұрғындарға артып отыр. Кәріз суын дер кезінде құрғатпаған соң, ғимарат астына су жиналып, содан іргетасы шөгіп кетті деп отыр.
Тұрғындарға "ешқандай қауіп жоқ десе" де енді сағат санап қисайып бара жатқан бұл үй қайта қолданысқа берілер-берілмесі белгісіз. Қазір 187 млн теңге жұмсалған қос қабатты үйге сараптама тағайындалды. Оған дейін мүгедектер мен көпбалалы отбасылар мемлекеттік қызметкерлерге арналған сапалы үйді уақытша паналамақ.