Қазалылық теміржолдың тірлігі толымды

29

Қазалылық теміржолдың тірлігі толымды,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.

Теміржол – елдегі жолаушылар қатынасы мен жүк тасымалының күре тамыры десек болады. Қайта түлеп, ырысы мен несібесі молайып жатқан саланың аудан экономикасын жоғарылатуға, халықтың әл-ауқатын арттыруда тигізіп жатқан үлесі орасан. Жүздеген адамды жұмыспен қамтыған тарихы бай мекеменің аймақ теміржолшылары арасында алар орны бөлек. Сондықтан да олардың құрыш білек, жалын жүрек жұмыскер екендігін, сонымен қатар өмірде ерекше белсенділік танытатын, әрдайым еңбекті жанына серік ететінін білеміз. Қазалылықтар “депо” атап кеткен үлкен жүйе ішінде аудандағы ең ірі өндіріс орны саналатын Қазалы локомотив жөндеу зауыты да жұмыс істейді. Шойын жолдағы жүйіткіген темір тұлпарлардың діттеген жерге кедергісіз жетуі, жолаушылардың қауіпсіздігі тікелей осы ұжым мүшелерінің ерен еңбегінің арқасы десек қателеспейміз. Бұл күндері мұнда бірнеше мамандық иесі бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ұйымшылдықтың ерен үлгісін танытуда.

– Шығыс пен Батыс — қос тарап Орынбор-Ташкент магистралі тартылғанда, Қазалы паравоз депосы құрылысы қатар қаланғананын бәрі біле бермейді. 1905 жылдың 25 шілдесінен бастап бүгінге дейін үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан өндіріс орны — Қазалы локомотив жөндеу зауыты осы уақыттар аралығында бірнеше буын жұмысшылары күшін қоғам дамуына жұмылдырды. Жаңашыл талаптарға ілесіп, темір жол көліктерінің үзіліссіз жүруіне аянбай атсалысты. Ірі өндіріс ошағы — темір жол транспортын жөндеу, күту мен оларды пайдалануға әзірлейтін жауапты орын. Тасымалдау жүйесіне үйлесімді ілесе отырып, бәсекелестік жағдайында тұтынушылардың талаптарына барынша сәйкес келетін кәсіпорын дәрежесіне иек артып отырған зауыт қаншама адамды жұмыспен қамтып отыр. Олардың тірліктері жоғары жауапкершілік пен қауіп-қатерге толы. Көліктерді жөндеуді бір сәтке мүдірту немесе қиыс кетуді болжаудың өзі қиын. Бұл орайда адами және техникалық фактор, кәсіби шеберліктің үлкен үйлесімі қажет. Темір жол магистралінің қауіпсіз әрі тиімді жұмысын жүргізу мақсатында зауыт басшылығы болашаққа болжам жасап, жұмыс реттілігіне сәйкес алдағы күндерге жоспар жасаудамыз. Бүгінгі буын осыған дейін саланың негізін қалап, дамуын жеделдеткен әріптестерге қарыздар. Осы тұста барлық теміржолшыларды төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын, - дейді Қазалы локомотив жөндеу зауытының басшысы Нұрлан Алмағамбетов.

Әрқашан ел игілігі үшін жасалып жатқан жұмысты бірінші кезекке қоятын теміржолшылар тамыз айының алғашқы жексенбісінде келетін кәсіби мерекелері қарсаңында орасан зор жетістіктерге қол жеткізді. Бұл қара күш иелерінің бір жұдырық болып жұмылып, тонның ішкі бауындай мәміледе жұмыс істегенінің көрнісі екені түсінікті. Соның арқасында алға қойған ауқымды міндеттерді абыроймен жүзеге асыруда. Бүгінгі таңда іргелі мекеме индустриялық және техникалық жаңалықтар енгізіп, жаңа технологиялық игіліктермен қамтамасыз ету бағытында жұмыс көрігін қыздырып келеді. Локомотив жөндеу бойынша негізгі тапсырыс беруші мекемелерден – «ТЭМ-2» тепловоздарына күшейтілген техникалық қызмет көрсетіп, (КТҚК – 13 дана) техникалық қызмет көрсету бойынша (ТҚК) – 89 дана тепловоз жөндеп, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысымен Қазалы локомотив жөндеу зауыты барлық түрдегі жөндеу жұмыстарын 100 процентке орындады. Онымен қоймай өндірістегі жоспарланған табысты оңай орындап, мекеме қазынасының молаюына үлес қосты. Ең алғаш рет Қазалы локомотив жөндеу зауытында, «ЧМЭ-3» сериялы (Чехославакиялық маневрлік электрлі қозғалтқышты) қуатты тепловозына күшейтілген техникалық қызмет көрсету (жөндеу) жұмыстары жасалуда. Бұл мұндағы мамандардың жаңа технологиялардан қалыс қалмағанын, бәсекеге қабілетті екендігінің тағы бір дәлелі. Ал елде көп кездесе бермейтін тепловоздың өзіндік ерекшеліктері бар. Мәселен, чехословиялық машинада электрлі динамикалық тежегіш орнатылған. Кабинада бір адам басқарады, қондырғылары жетілдендірілген және барлық электрлік сызбалары заманауи түрде жаңғыртылған. Бұл аз десеңіз микропроцессорлық басқару жүйесі енгізіліп, ауыр салмақты құрамаларды тартуға мүмкіндігі мол. Қысқасы уақытында сынақтан өткен сенімді машинаны ұқыпты ұстауға локомотив жөндеуші мамандардың біліктілігі мен жоғары кәсіби шеберліктері ұтымды пайдаланылуда.

Бүгінгі таңда іргелі ұжым индустриялық және техникалық жаңалықтарды енгізу ісінде заман талабына сай жұмыс жүргізуде. Бухгалтерлік есеп жұмыстары қазіргі соңғы 1С ERP «РУ – раздельный учет» программасын қолданады. Жаңа технологиялық игіліктермен қамтамасыз ету бағытында зауыттың бақылау өткізу бекеттері автоматтандырылған. Турникет қондырғылары орнатылып, жұмысшы-қызметкерлерге электронды пластикалық өткізуші карта беріліп, өндіріс орнында болған уақыты автоматты түрде ақпараттандырылуда. Цехтарға программалық ақпараттық кешен-терминал қондырғысы қойылып, әр жөндеушінің күнделікті ауысымында атқарған жұмыс көлемі туралы мәлімет электронды «Сервис» жүйесіне енгізіледі. Заман талабына сай жабдықталған техникалық оқыту бөлмесі ашылып, көптеген компьютерлер алынып, электрондық қашықтықтан оқыту жүйесі жолға қойылған. Барлық жұмысшы-қызметкерлер кәсіби шеберліктерін жетілдіруде. Жетілдірілген технология талабына сай локомотивті сапалы жөндеуге қажетті жаңа құрал-жабдықтар алынған. Оның ішінде “КЖ-20Б” модельді доңғалақ жұптарын тепловоздың астынан шығармай жонатын құрылғы, “Польшадан шыққан «УВС-150» типті «Рафамет» доңғалақ жұптарын жонатын станок, Тепловоздың иінді білігін тегістейтін станоктар нарықтық экономика кезеңінде зауыттың шығарған өнім сапасының стандартқа сай шығуына және қосымша табыс көздерін табуға зор ықпалын тигізіп отыр.

Зауыттың заман көшінен қалмауына, бәсекелестік дамыған сәтте ұжымды биік белестерге жетелей білген тәжірибесі мол маман, ширек ғасыр мекемені басқарып келе жатқан білікті басшы, «Құрметті теміржолшы», зауыт директоры Нұрлан Жұбатқанұлы Алмағамбетовтің мерейі үстем. Ол өз тарапынан Қазақстан және Ресей елдерінің алпауыт мекемелерімен тығыз байланыс орнатып, ауқымды шаруалар атқаруға батыл шешім қабылдап, ұжымдастарына лайықты көшбасшы болып келеді. Білікті басшы – ұжым жетістігінің кепілі екені анық. Ал локомотив жөндеу депосындағы кез келген қызметкер оны іскер, әрқайсысының мұң-мұқтажына құлақ түре білетін қайырымды жан ретінде сыйлайтынын айта кету керек. Өзінің жылдар бойы жиған тәжірибесін жас мамандарға үйретуден жалықпайтын ол өскелең ұрпақ тәрбиесін қалыптастыруға да үлес қосып отыр. Уақытпен санаспай, ел дамуы үшін аянбай тер төгіп жүргесін болар «Кеден одағының құрметті азаматы» атағын алып, «Қазақстанның ең жақсы адамдары» энциклопедиясына енген. Жыл сайын «Қамқор Менеджмент» басқарушы компаниясының мекемелері арасында ұйымдастырылатын сайыстарда «Үздік кәсіпорын» және «Үздік басшы» бағамын жеңіп алудан жалыққан емес. “Теміржолда темір тәртіп” болғандықтан ол ұжымдастарынан еңбек тәртібін қатаң сақтауға, жұмыс сапасын жақсартып, еңбек өнімділігін арттыруды әр кез талап етіп отырады. Әрбір маманнан жауапкершілік қатаң сұралады. Жұмыс барысында оның кәсіби шеберлігінің деңгейі, ізденісі мен еңбегі үнемі ескерілей қалмайды. Басшы мамандардың жұмысты ұтымды ұйымдастыра білуі қатаң қадағаланады. Мамандарды қызмет сатысы бойынша өсіргенде де оның біліктілігіне, ұйымдастырушылық қабілетіне баса назар аударылады. Жұмысшы-қызметкерлерге әлеуметтік көмек көрсету мақсатында зауыттың бюджетінен бөлек қаржы қаралған. Мұндағы қызметкерлердің жақын туысы қайтыс болған жағдайда немесе басқалай қиындыққа тап болғанда материалдық көмек көрсетіледі. Мәселен, жақын туған-туысы мезгілсіз өмірден өтсе ақылы демалыс күні беріледі. Бұдан бөлек кезекті еңбек демалысында теміржол көлігімен тегін жүру мүмкіндігі қарастырылған. Ал ұжымдастардың бірі балалы болса жасанды тіс салдыруға әлеуметтік көмектер көрсетіледі. Бұл локомотив жөндеу депосының өз қызметкерлеріне деген жанашырлығынан, ізгі ниетінен туған қолдау десек жарасады.

Алаңсыз жұмыспен айналысу үшін барлық жағдай жасалғандықтан қызметкерлерге деген талап та күшті. Әсіресе кәсіби біліктілікті жетілдіру күн тәртібінен түспейтін мәселеге айналған. Өйткені онсыз жұмыс нәтиже бермейтінін барлығы түсінеді. Соған орай зауыт қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында 116 маман, оның ішінде инженерлік техикалық қызметкерлер, цех шеберлері, электрогазосварщиктер, компрессорлық қондырғы, бу-қазан, аспалы кран, теміржол кран машинистері, стропольщиктер Нұр-Сұлтан қаласындағы «Kamkor Service» серіктестігімен келісімшарт жасалып, электр қауіпсіздігі, қауіпті өндірістік объектілердегі өнеркәсіптік қауіпсіздікті сақтау, өндірістік қауіпсіздік сияқты мамандандырылған оқу курстарынан өтті. Бұл үрдіс жыл сайын ұйымдастырылатынын естеріңізге сала кетейік.

Зауыт өндірісіндегі істі ұйымдастыруда жетекші мамандарға үлкен үміт артылады. Сондықтан ұжымның шешуші учаскелерінде іскерлікпен еңбек етіп жүрген мамандар есімі әрқашан құрметпен аталады. Атап айтсақ, жоспарлау бөлімінің бастығы – Жалғасбек Үмбетов, бас технолог – Ғалымжан Қосуақов, бас механик – Серік Әбдіразақов, аға шебер – Бектай Мұқашев, шеберлер – Қыпшақбай Маханов, Руслан Назаров пен Берік Жеңсікбайдың жетекшілік ететін салалары көз қызықтырады. Бұдан бөлек жөндеушілер – Руслан Оңғаров, Әділқазы Тлеуқабылов, Серік Жанкеев, Едіге Досанов, Замадин Ұзақбаев пен Асқарбек Дүзбаевтардың еңбекқорлығын атап өтуге болады. Сонымен бірге Ерболат Әлихан, Нұржауған Орынбасар сияқты жас мамандар да ынтымағы мол ұжыммен бірге талай белестерді бағындырып жүр.

Қазіргі таңда «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ-ы тарапынан өндірісті модернизациялау шараларына және жұмыс көлеміне сәйкес жұмысшылардың жұмыс орнын сақтап қалу мақсатында Қазалы локомотив жөндеу зауыты бойынша 2020-2022 жылдарға болжамдар жасалып ауқымды іс-шаралар бекітілген. Негізгі тапсырыс беруші және сыртқы мекемелермен келісім шарттар жасалған . Мысалы, Астана қаласы, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ, Байқоңыр қаласы, ФГУП «ЦЭНКИ» «Южный» Космос орталығы, Рудный қаласындағы «Соколов – Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ, Теміртау шаһарындағы «Арселор Миттал-Темиртау» АҚ, Қарағандыдағы «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ, Өскеменнен «Востокцветмет» АҚ, Ақтөбедегі «Желдортранс Актобе» ЖШС, Семейлік «Шығыс Қазақстан Ұн-Құрама жем комбинаты» компаниясы, ақтөбелік «Ақтөбе мыс компаниясы» сияқты мекемелермен бірлескен жобалар жоспарланған. Мұның бәрі жергілікті тұрғындарды қысқартудан сақтап қалуға, жұмыс өнімділігін арттыру мен аудан экономикасын онан әрі дамыту үшін қолға алынған.

Бүгінде “Қазалы локоматив зауыты” айтулы жетістікке жеткен болса ол өз ісін мүлтіксіз атқарып жүрген зауыт құрамының ерен еңбегі арқасында алынған асулар екенін айрықша атап өткіміз келеді. Қазір табыстың кілтін тапқан ұжым әрдайым жоғарғы сапаға ұмтылады. Бұл қадам оң өзгерістердің өркен жаюына игі әсерін тигізуде. Іргелі істің алға басуына ұжымдастардың әрқайсысының қосқан үлестерінің қомақты екені тағы талассыз.

Қазалы локоматив жөндеу зауытында 415 адам еңбек етіп, отбасын асырап отыр. Олардың арасында жиырма жылдан аса жұмыс өтілін жинақтаған тәжірибелі маман Әділғазы Тілеуқабылов та бар. Ол мұнда 1990 жылы Қазалы локомотив депосынаң тепловоз машинистінің көмекшісі болып жұмысқа қабылданып, 3 разрядты жөндеушіден 5 разрядты жөндеушіге дейін біліктілігін арттырған.

Қазіргі таңда тепловоздардың доңғалақ жұптарының бандажын отырғызушы, жөндеуші болып жұмыс жасауда. Ол ұжымдағы өзара сыйластық бәрінен биік тұратынын айтады. Үлкендер жастарға ақылын беріп, тәжірибесімен бөліседі. Ал жас жігіттер ағаларға әрқашан қолғабыс болудан қашпайтынын жасырмайды. Жасы үлкендердің жұмыстағы әдіс-тәсілдерін меңгеріп, солардың ізін қуып келе жатқан мамандардың бірі – Орынбасар Нұржауған. Жиырма беске аттаған тепсе темір үзетін жігіт бұл ұжымға осы жылы ғана жұмысқа орналасқан. Қазіргі мамандығы – жөндеуші. Талабы таудай жігіт дизель жөндеу цехына тепловоздардың ТК-30 – турбокомпрессорын жөндеуді игерген. ¬Жастайынан теміржолшы болуды армандаған ол Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінің «Теміржол жылжымалы құрамдарын пайдалану және техникалық күту» мамандығы бойынша бітірген. Оның әріптестері Орынбасардың жаңалыққа жаны құмарлығы мен жауапкершілігін жоғары бағалайды. Өзі де қоғамның жетекші саласында жұмыс істейтінін абырой көретінін, ел игілігі үшін ештеңеден аянып қалмайтынын мақтаныш етеді.