"Қызымды 15 ит талаған" Қызы өлім аузынан қалған ананың жанайқайы
244
Баласын ит талаған ана Алтынгүл Жарылғапова жергілікті биліктің жауапсыздығына наразы, деп хабарлайды Экспресс К.
Маусымның 10-ны күні құрылыс алаңында 12 жастағы Мадияр Шәкіратты иттер талап өлтірген еді. Қайғылы оқиға қала жұртшылығын есеңгіретіп тастады. Ал осы оқиғадан бұрын Алтынгүл Жарылғапованың 13 жастағы қызы Айжан Нұртазинаны 15-ке жуық ит талап, өлім ауызынан қалды. Алтынгүл "содан бері тиісті орындар бір шара қолданса Мадиярдың өліміне жол бермес едік" дейді.
Оқиға мамырдың 19-ы күні кешкі уақытта болған. Мектептен шығып, үйге қайтқан Айжанға бір топ ит жабылады. Абырой болғанда сол жердегі балалар құтқарып қалады. Сынып жетекшісі анасына қоңырау шалып, баланы ауруханаға алып бара жатқанын айтады.
Соңғы сабақ денешынықтыру еді, құлап жарақат алған шығар десем, ит талап тастапты. Дереу жұмысты тастап облыстық балалар ауруханасына жеттім. Жедел жәрдемді есіктің алдынан күтіп алдым. Қызымның үстіне үш көрпе жауыпты. Қалтырап жатыр,-дейді Алтынгүл.
Көрпенің шетін ашқан Алтынгүл шошып кетеді. Қыздың аяғы қаннан көрінбейді. Қорыққан ана баласының бетіне үңіледі.
Беті ашық болғасын тек аяғы шығар десем, басынан, маңдайынан тістепті. Жүрегім тоқтап қала жаздады. Дәрігер қызымның басын 3 жерден, аяғын 21 жерден тікіті. Құдайына қараған дәргер екен, соған қуандым. Ол "Баланы жеуге жақын қалыпты" деді. Қызымды Құдай сақтады. Құтқарған балалардың айтуынша 15-ке жуық ит талаған. 15 ит 13 жастағы баланы талады дегенді қайдан естідіңіз? Сұмдық қой. Қызымның жүрегі қалай жарылып кетпеген? Ойласам денем түршігеді. Бүгін сынып жетекшісі сөмкесін әкеліп берді. Жыртылып, дымы қалмаған. Балам оны арқасына іліп алған еді. Сөмке болмағанда жотасының да түгін қалдырмайды екен, — дейді Алтынгүл.
Айжан бір апта ауруханада жатып шыққан. Қазір жаралары жазылып келеді. Алайда қатты шошыған. Түнде ыңырсып, иттерді қуып жүргендей қолын сермеп, әрең ұйықтайды екен.
Алтынгүл ауруханадан шыққан бойда, яғни 27 мамырда қалалық әкімдікке, тиісті орындарға барып арыз жазады. Әкімдік өкілі хабарласып, дөңгелек үстел ұйымдастырып, мәселені сол жерде шешетінін айтады. Осылайша қалалық әкімдік өкілі, ветеринариялық станция, яғни құзырлы орындардың басшыларының қатысуымен жиын өтеді. Жиында заң бойынша итті атуға болмайтынын айтады.
—Алайда заңның бір тармағында адам өміріне қауіп төндірсе, көзін жоюға болатыны жазылған екен. Олар маған бұл тармақты көрсеткен жоқ. Қарапайым адаммын, ондай тармақ бар екенін білмеймін. Білсем, сүйреп шығарар едім. Ана баланы өз қолымызбен өлтірген сияқтымыз. Жүрегім қан жылайды. Егер 27-нен бастап бір шара қолданса, иттің жартысын өлтірер еді. Қайғылы жағдай болмас еді, — дейді жүрегі қан жылаған ана.
Алтынгүлдің айтуынша, бұл тармақты жауапты орындардың басшылығы жасырған немесе білмеген. "Егер білмесе, басшылардың жауапсыздығы" дейді ол. Алтынгүл қалай болғанда да бұл жағдайды жылы жауып қоя салмайтынын, арызданатынын айтты.
Көз жұмған баланың ата-анасын кіналап жатқандар да бар. Бала қай жерде жүрсе де қауіпсіз болуы керек. Заңға өзгеріс енгізу керек. Итті адаммен теңестіруді қою керек. Ит иттігін істейді. Бізге Еуропаға жету үшін біраз уақыт қажет,— деді Алтынгүл.
Педагогтар үндеу жолдады
Бүгін №60 жалпы орта білім беретін мектепте оқу жылының соңғы жоспарлы педагогикалық кеңесі өтті. Ашық түрде өткен жиынға ата-аналар да қатысты. Олар Мадияр Шәкіратты бір минут үнсіздікпен еске алды. Мектеп директоры Абзал Тәжемишев мәселені ашық талқылағанын айтты.
—Соңғы жағдай бәрімізді есеңгіретіп жіберді. Мәселеге бей-жай қарай алмаймыз. Педагогикалық кеңестің атынан тиісті орындарға үндеу жолдаймыз. Жауапты тұлғаларды жауапкершілікке тарту, Ақтөбе қаласы бойынша оқушылардың қауіпсіздігін қаматамсыз ету, жоспар немесе кешенді бағдарлама қабылдау, яғни осы жұмыстар жасалуы керек. Баланы зорлық-зомбылыққа ұшыратудың алдын алу керек, — деді мектеп директоры.
Абзал Тәжемишев, аталған ауданда иттердің көп екенін айтты.
Әсіресе адам сирек жүретін құрылыс нысандарының аумағында иттер көп. Белсенді ата-аналар қайғылы жағдайдан кейін қаңғыбас иттерді санаған. Олардың айтуынша, аумақтан 150 итті анықтапты,— деді мектеп директоры.
Мектепте қоғамдық негізде топ құрылған. Директор үндеуді әлеуметтік желі арқылы және ресми түрде тиісті орындарға жолдайтынын айтты.