Шымкентте мектеп мұғалімі неке түні күйеуінің қолынан көз жұмған

664

Шымкент қаласында Назарбаев мектебінде жұмыс істейтін 32 жастағы әйел неке түні күйеуінің қолынан көз жұмған. Марқұмның анасы күдікті жазадан құтылып кете ме деп қорқып отыр, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. 

Фото: pixabay.comҚоғам белсендісі Айгүл Орынбек қыздың анасының үндеуін Facebook парақшасында жариялады.
Оқиға 26 маусым күні болған. Марқұмның анасының айтуынша, қызы өз еркімен тұрмысқа шыққан. Некесі қиылған түні күйеуі ұрып-соққан әйел ауруханаға түскен. Ал көз жұмғаны туралы қаралы хабарды ертеңіне таңғы уақытта полицейлерден естіген.


"Мәйітханаға барғанымызда қазір күн ыстық, денесі сасып кетеді. Ертерек алып кетіп, жерлеңіздер" деген соң ешкімнен ешнәрсе сұрамастан алып кеттік. Өзіміз жылап-еңіреп жүріп, не болғанын нақтылап сұрай алмадық. Олар біздің заң білмейтінімізді пайдаланыпты. Қызымның жеті күндік асын өткізген соң үйінен жеке заттарын алып кеттік. Оның өзінде тартпада тұрған заттарын алып бере салды. Киімдері, алтындары түгел емес. Оны сұрауға да шама болмады. Сол кезде тергеуші қажет кезде өзіміз шақырамыз деп айтты. Содан бері ешкімнен хабар жоқ. Ешбірі менен түсініктеме алмады, тергеудің қалай жүріп жатқанынан бейхабармын. Не үшін өлтіргенін де білмеймін", — дейді анасы. 


Тергеушілер жауап бермегеннен кейін Шымкент тұрғыны қалалық полиция департаменті бастығының қабылдауында болған. Бір емес, екі рет барып, көмек сұрадым деп отыр. Бірақ қаланың бас полицейі мәселенің шешілетінін айтып, оны кері қайтарып отырған. 


Онымен қоймай тергеушілер адам өлтірген күдіктіні ұстаудың орнына, тұрғынның үйіне күйеу баласының туыстарын жіберген екен.


"Жедел-іздестіру қызметі мен тергеушілер үйге ол жігіттің әке-шешесін, ағаларын жіберіп жатыр. "Кешірім алып кел" деп отырған секілді. Бұл бала 2019 жылы тура осылай бір қызды ұрып-соғып, бірақ жазадан құтылып кетіпті. "Ол кезде ұстағанбыз оны, кейін өздері келісті ме, кешіріммен қап кетті" деп полицейлердің өзі айтты. Сол сияқты мені де кешіреді деп отырған шығар. Мен ешкімге кешірім бермеймін", — деді ол.


Сондай-ақ күдіктінің ұсталуына күмәнмен қарайтын ана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Бас прокурордан көмек сұрады. 


"Менің жолдасым ішкі істер органдарында еңбек етіп жүріп, қызмет бабында көз жұмған. Төрт қызыммен жесір қалып, бәрін аяққа тұрғыздым. Қызымды неке түні күні күйеуі өлтіріп отыр. Сіздерден перзентімді өлтірген адамның заң алдында тиісті жазасын алуын сұраймын. Бүгін менің қызым, ертең тағы басқа ананың қызына зиянын жасамасын", — деді ашынған ана.


Полицейлер мұғалімнің өлімі бойынша "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру (абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соғу)" бабымен қылмыстық іс тіркеген.


"Аталған жайт Қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-бөлігі бойынша тіркелді. Күдікті ретінде 1984 жылы туған азамат танылды. Оған қатысты сырттай "күзетпен ұстау" бұлтартпау шарасы таңдалып, іздеу жарияланған. 11 тамыз күні күдіктіге қатысты Шымкент қалалық мамандандырылған тергеу сотының санкциясымен халықаралық іздеу жарияланды. Қазіргі таңда тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде",  деп атап өтті Шымкент қалалық полиция департаментіндегілер.