5 мыңнан аса сотталушы жазаны өтеуден босатылған

1 510

Фото: ашық дереккөзіҚасым-Жомарт Тоқаев Ақордада жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиевті қабылдады,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі. 

Сот төрағасының есебіне сәйкес, Қазақстанда мемлекеттік органдармен арадағы даулар кезінде азаматтардың пайдасына шығарылатын үкімдердің саны артқан. Атап айтқанда, әкімшілік органдар мен лауазымды тұлғалардың 4,5 мың актісі заңсыз деп танылған. Сосын бұрынғыдай кінәлі адамдардың бәрін жаппай қамауға алмайды.

"Оның орнына үй қамағына алу екі есе жиі тағайындалды (2786-дан 5019-ға дейін ұлғайды). Бұған электронды браслетті кеңінен қолдану ықпал етті (954 адамнан 2283 адамға дейін). Бұл бюджет шығындарын оңтайландыруға және тергеудегі азаматтардың қоғаммен қарым-қатынасын сақтауға мүмкіндік береді", - делінген ресми хабарламада.

Сосын кассациялық сотқа жүгінетіндердің саны айтарлықтай өскен. Кассация арқылы түзетілген сот актілерінің үлесі азаматтық істерде – 3 пайыздан 18 пайызға, қылмыстық істерде 8 пайыздан 28 пайызға дейін ұлғайған.

Осы шаралардың арқасында халық арасында сот жүйесіне сенім деңгейі өскен.

Ал рақымшылық актісін жариялау арқылы 583 адам жазадан, 5 мыңнан аса сотталушы жазасын одан әрі өтеуден босатылған. Одан бөлек, 9,2 мың адамның жаза мерзімі қысқартылған.