Бастауыш сынып оқушылары түгел тегін тамақпен, студенттер баспанамен қамтылмақ

312
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Халықтық коалиция форумына қатысты, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. 



Алдымен ол цифрлық экономиканы одан әрі дамытуға және креативті индустрияны қалыптастыруға ерекше назар аударылатынын атап өтті.

Шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар санының 4,7 миллион адамға дейін өсуін қамтамасыз етеміз. Біз жұмыссыздықтан сақтандыру жүйесін енгіземіз. Ал жұмысынан айрылғандар үшін әлеуметтік төлемдердің мөлшерін табыстың 45 пайызына дейін ұлғайтамыз, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ мемлекет басшысы мұқтаж азаматтардың коммуналдық қызметтерге жұмсалатын қаржысының кем дегенде 30 пайызын өтеу механизмін енгізуге де уәде берді.

Одан кейін биліктің әлеуметтік жағдайы нашар отбасылардың балаларын балабақшаларда тегін тамақпен, ал барлық бастауыш сынып оқушысын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ететінін жеткізді. Сонымен қатар, ниет білдірген әрбір баланың спорт секцияларына немесе шығармашылық үйірмелерге тегін қатысуына да мүмкіндік берілмек.

Президенттің айтуынша, колледж студенттерінің стипендиясын өсіру шарт. Ең бастысы, өзге қалалардан келіп оқитын барлық студент құрылыс және жалдамалы тұрғын үйді субсидиялау есебінен баспанамен қамтамасыз етілетін болды.

Ауылдар мен аудан орталықтарында медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін 700 нысан саламыз. Қосымша 4 миллионан аса ауыл халқын арнаулы медициналық көмекпен қамтамасыз етеміз, - деп түйіндеді сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев.