Параны алған мекеме басшысымен қоса берген қызметкер сотталды
Шымкент қаласы Еңбекші ауданында мемлекеттік мекеменің экс-басшысы пара алғаны үшін сотталды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
17 сәуірде Шымкент қаласының Еңбекші аудандық сотында пара алған және пара берген 2 ер адамға қатысты қылмыстық іс қаралды. Сотта анықталғандай, Б.А. есімді ер адам «Шымқала» тарихи-мәдени кешені» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы бола тұра, орындалған жұмыстар бойынша ақшаны тездетіп аударғаны және атқарылған жұмыстарды кедергісіз қабылдап алғаны үшін ЖШС-ның ғылыми қызметкерінен 600 мың теңге пара алған. Ал Ш.А. есімді адам «Archeo-service» ЖШС-ның ғылыми қызметкері бола тұра, орындалған жұмыстар бойынша ақшаны тездетіп аудартқызу және атқарылған жұмыстарды кедергісіз қабылдатқызып алдыру үшін мекеме басшысына 600 мың теңге пара берген.
Екі сотталушы да айыппен толық келісіп, кінәсін толық мойындап, өкінуіне байланысты жеңіл жаза тағайындауды сұрады.
Пара берген ғылыми қызметкерке ҚР ҚК-нің 367-бабы 2-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 12 млн теңге мөлшерінде айыппұл жазасы тағайындалды.
Ал екінші сотталушыға ҚР ҚК-нің 366-бабы 2-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтеу белгіленді.