Газбен қамту деңгейі 64,2%-ға жетті

1 531

Фото: inbusiness.kz2025 жылы Қазақстанда газбен қамту деңгейі 64,2%-ға жетті,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, өткен жылы 95 елді мекенде 350 мың адам табиғи газбен қамтамасыз етілді. Бұл мақсаттарға 112 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді.

«Халықты газбен қамту бойынша Мемлекет басшысы тапсырған әлеуметтік міндеттер жүйелі түрде шешілуде. Табиғи газ шалғай өңірлердің тұрғындары үшін қолжетімді игілікке айналып отыр», – деді министр.

Газдандыру жұмыстары Қазақстанның барлық аймағын қамтыды. Ақмола облысында 100 мыңнан астам тұрғын тұратын Қосшы қаласы мен Талапкер ауылы газға қосылды. Астанада газбен қамту деңгейі шамамен 97%-ға жетті. Жыл соңына дейін Үркер шағын ауданында газ желілерін тарту жұмыстары толық аяқталады.

Оңтүстік өңірлерде Түркістан облысында 100 мың тұрғынға газ беру жобалары жүзеге асырылды. Жетісу облысында ұзындығы 300 шақырым «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбыры пайдалануға берілді. Жамбыл облысында да газ құбырларын жүргізу жұмыстары белсенді жүргізілуде.

Батыс Қазақстан облысында «Ростоши – Тайпақ» жоғары қысымды газ құбырының құрылысы басталды. Бұл Ақжайық және Теректі аудандарының жылдар бойғы газ тапшылығын шешуге мүмкіндік береді.