53 жаста зейнетке шығу: Әйелдер үшін қандай талаптар қойылған?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кімдердің 53 жаста зейнетке шығуға құқылы екенін айтты - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қазақстанда ерлер 63, әйелдер 61 жаста зейнетке шығады. Бірақ олардың арасында зейнет жасын күтпей, зейнетақы алуға құқылы қазақстандықтар да бар.
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру басқармасының басшысы Әнел Шенеева Әлеуметтік кодексіне сәйкес, бес немесе одан да көп баланы сегіз жасқа дейін тәрбиелеп өсірген әйелдер 53 жастан бастап зейнетке шыға алатынын айтты.
Бұдан бөлек, күштік құрылым қызметкерлері еңбек еткен жылдарына байланысты ерте зейнетке шығуға құқылы.
Бұған дейін еңбек министрі Светлана Жақыпова қазір елімізде базалық зейнетақының ең төмен мөлшері 32 360 теңге болса, келер жылы 35 596 теңгеге ұлғаюы мүмкін, ал базалық зейнетақының ең жоғары мөлшері биыл 50 851 теңге болса, келесі жылы 5 мың теңгедей қосылып, 55 936 теңге болуы мүмкін екенін айтқан еді.







