Елордада жеңіл көлік жолдың қақ ортасында шұңқырға түсіп кетті

443
Әлеуметтік желіде Toyota маркалы көлігінің жолдың қақ ортасында пайда болған шұңқырға түсіп кеткені бейнеленген видео тарап жатыр. 

Видео авторы көліктің артқы жағында келе жатқан, бір сәтте ол Toyota көлігінің қалай оқыс жағдайға тап болғанына куә болған. Куәгерлер жүргізушіге көмек көрсетуге ұмтылған. 

Кадрлардан жолда шұңқыр пайда болғанын көруге болады.

Осы ретте Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Instagram парақшасында болған оқиғаға қатысты пікір білдірді. 
"Ш. Уәлиханов пен Ғ.Қараш көшелерінің қиылысындағы жол төсемесінің опырылуына мердігер ұйымның диаметрі 300 мм SDR 17 құбырын тарту кезінде технологиялық процесті сақтамауы себеп болған", - дейді құзырлы орган. 
Салдарынан жауын суын ағызатын канализацияның коллекторын су шайып кетіп, жол үстінде шұңқыр пайда болған. 

Ведомствоның мәліметінше, бұған жол берген мердігерлер жауапкершілікке тартылады. 

Сонымен бірге, қалалық әкімдік 19 сәуір күні "Elorda Eco System" ШЖҚ МКК мен жол полиция басқармасы бірлесіп жолды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізетінін атап өтті.